El іshі

Шөп ору науқаны басталды

 

Жуалы ауданы аграрлы аудан болғандықтан жемшөп дайындау жұмысы өте маңызды мәселе саналады. Жыл сайын жауынды, ылғалды болып тұратын қасиетті өлкенің табиғаты биыл тосын мінез танытып, көктемнен бері ауа райы құрғақ болуда. Шөп пен астықтың өсіп, бой көтеретін уақтысында аспаннан тамшы тамбай, жер егіп, мал баққан шаруаларды сары уайымға салып отырғаны белгілі. Тек өткен аптаның жексенбісі күні түс ауа аспанды қара бұлт қаптап, күннің күркіреуімен қатар, найзағай ойнап жауын жауды. «Ештен кеш жақсы» демекші, бұл құбылыс шөптің шығымына аз да болса әсер етеді деген үмітіміз де жоқ емес…

Аудан бойынша өткен аптаның ішінде шөп ору науқаны басталып кетті. Таулы аймақта орналасқан жекелеген ауылдық округтердегі шаруалар көпжылдық шөп алқаптарына орақ салды. Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің мамандары берген мәліметке сәйкес, аудандағы ауыл шаруашылығы жерлері 216  306 гектарды құрайды екен. Оның ішінде  95 449 гектары егістік, (жалпы суармалысы 8 719 га, оның ішінде суармалы егістігі  8460 га.).  Шабындық жерлер 2 046 гектар болса,  жайылым жер 114 559 гектар, көпжылдық екпелер 265 гектар, басқа да жерлер 2 128 гектар.

-Мал азығы дақылдары ауданда 32 920 гектарда орналасқан. Оның ішінде өткен жылдардағы көпжылдық шөп 28 470 гектар, егілген таза жоңышқа 3 700 гектар,  сүрлемдік жүгері 750 гектар. 2021 жылдың жоспары бойынша аудан шаруалары 150 000 тонна пішен, 11 000 тонна пішендеме,12 000 тонна сүрлем және 16 800 тонна сабан дайындауды межелеп отыр.

Сапалы мал азығын (пішендеме, сүрлемдік жүгері) дайындау мақсатында кооперативтер құрылып, биыл бес кооперативтің тарапынан 127 гектар жүгері дақылдары егілді. Онда тиісті агротехникалық шараларды сақтай отыра, 7000 тоннаның көлемінде сүрлемдік жүгері дайындалады деп күтілуде. Жүгері еккен шаруашылықтарды атап айтар болсақ, ауыл шаруашылығы өндірістік кооперативтерден «Бақдаулет» – 12 гектар, «Жуалы-2020» – 15 гектар, «Сұлтанова» – 10 гектар, «Мол Даму» – 40 гектар, «Атамекен-Бастау» АШӨК-нің жүгері алқабы 50 гектарға тең. Бұдан басқа шаруа қожалықтар тарапынан да сүрлемдік жүгері дақылы егілуде. Барлық егілетін егіс көлемі 750 гектарды құрайды.

Қолда бар 270 мың мал басына қажетті мал азығын дайындау үшін дақылдар бойынша техникалық карта жасалып, шығындары анықталды және мал азығының балансы дайындалды. Қажеттілікке байланысты бір бастың бір жылдық азықтық қоры 15,3 центнерді құрады.

Ауданда шөп ору науқаны жаңадан басталды. Бірінші кезекте шаруалар тарапынан пішендеме дайындау басталып, соңғы мәлімет бойынша 2500 тонна пішендеме дайындалды,- аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің бас маманы Нұрғазы Қыстаубаев.

Ауданда жасыл орақ науқанына ең алғашқылардың бірі болып Күреңбел ауылдық округінің шарулары кірісті. Мұны ауылдық округ әкімі аппаратының бас маманы Ғалимұрат Қойтанов айтты. Оның мәліметінше, округ шаруаларының ішінен «Аңсар» және «Гүлназ» шаруа қожалықтары алқапқа орақ салып отыр екен.

Толымбек Садықов басқаратын «Аңсар» шаруа қожалығында барлығы 327 гектар жер бар. Биыл оның 64 гектарына бидай егілсе, 84 гектарына арпа, 78 гектары мақсарылық алқап, одан бөлек, 120 гектар жоңышқалығы бар. Округтегі үлкен шаруашылықтардың бірі саналатын бұл құрылымда 50 басқа жуық Қамбар ата төлі, ірі қарамен қоса, уақ тұяқ мал бағылуда. Онда тұрақты жұмыстан бөлек, науқан уақтысында барлығы сегіз адам жұмыспен қамтылады. Иелігіндегі ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерлерді үш бірдей жаңа трактормен және бір комбайнмен, тағы басқа қосалқы техникалармен тиімді игеріп отыр. Колхоздың бұрынғы мал фермасын сатып алып, малдарын сонда бағу үстінде. Ферманың бір бөлігіндегі шағын қоймада мал азықтық жем сақталады. Айта кету керек, аталған шаруашылық 120 гектарлық жоңышқа алқабын оруды өткен аптада бастап, шөп орып, қысқы мал азығын дайындау науқанын қарқынды жүргізуде.

Күреңбел ауылдық округінде жасыл ораққа кіріскен шаруашылықтың бірі ретінде «Гүлназ» шаруа қожалығын айтуға болады. Аталған шаруашылықта 385 гектар жер бар. Жыл сайын оның 45 гектарына күздік бидай, 146 гектарына жаздық арпа, 85 гектарына мақсары, 60 гектарына жоңышқа егіліп келеді. Шаруасы шалқыған бұл шаруашылықтың да мал фермасы, жайылымдық жерлері бар. Мұнда 100-ге жуық қой, 10-нан астам жылқы бағылу үстінде. Техникалары да науқандық жұмыстарға сақадай сай. Тиісінше, мұнда да бес адам маусымдық жұмыспен қамтылған. Округ әкімшілігінің мамандары науқанға қажетті дизель отынынан ешқандай проблема жоқ екенін айтады.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close