El іshі

Атажұрттың ауасы да, суы да бөлек

Тәуелсіздіктің 30 жылдығында Тәуелсіздіктің халқымызға берген басты игіліктерінің бірі – алыс және жақын шетелдерден қазақтардың Отанға оралуына жол ашылғанына да 30 жыл толмақшы. Өйткені, Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлының 1991 жылдың 31 желтоқсанында радиодан сөз сөйлеп, алыста жүрген қандастарға арнап, «Алыстағы ағайындарға ақ тілек» атты әйгілі хатын жариялады.

Елбасының: «Қымбатты отандастар! Қандас бауырлар! Ағайындар! Ежелгі атамекенінен жырақтап қалған сіздерді кешегі күнге дейін ата-баба жеріне қайтып келе аламыз ба деген сұрақтың алаңдатып келгенін мен жақсы білемін. «Туған жердің түтіні де ыстық» дейді халқымыз. Сондықтан атамекенге келемін деуші ағайындарға жол ашық. Ата-баба аруағы алдарыңыздан жарылқасын!» деген сөзінен кейін шетелдердегі қандастарымыздың атамекенге атбасын түзеген нұрлы көші басталды.
Міне, сол ұлы көш бүгінгі күнге дейін жалғасып, қазіргі таңда қандастар тарихи отандарына оралған жайы бар. Қарасаздық Бақша Тоқабаева да атажұртқа көршілес Өзбекстан Республикасынан қоныс аударған. Бүгінгі таңда олар қазақ жерінде өсіп-өніп, ел қатарлы ғұмыр кешуде.
-Өзбекстанның Беруни ауданында дүниеге келгенмін. Анам Қызылорда өңірінің қызы болған. Ашаршылық заманында ата-анасы қайтыс болып, анам Албаш нағашыларымен еріп, өзбек жеріне қарай өткен. Ал, әкем Оразалы өзбек жерінде туып-өскен азамат. Ата-анамның сөздері жарасып, сол елде отау құрады. Екеуі сегіз баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелейді. Қазіргі таңда өмірде бес перзенті бар. Өзім Ерлік-қаған ауданындағы мектепте білім алып, техникалық училищеде білім алдым. Үш жыл оқып, Мадатбай Орынбайұлына 1996 жылы тұрмысқа шықтым.
Жолдасым ауыл шаруашылығына ден қойып, егін егіп, мал басын көбейтіп, тіршілік жасайтын. Өзіміздің жеке шаруа қожалығымызды құрып, тракторды тізгіндеп, жер жыртып, отбасымыздың қамы үшін еңбек етті.
Тәуелсіздік алған соң, атажұртқа қоныс аударушылар көп болды. Көп ағайындар қазақ жұртына қарай ұлы көшті жалғап, тарихи отандарына оралды. Әрине, туған жердің, елдің, оған деген сағыныштың орны қашанда бөлек. Біз ата-бабамыздың кіндік қаны тамған қасиетті мекенге 2008 жылы отбасымызбен көшіп келдік. Алғашқы жылдары Қарасаз ауылдық округінің Жұрымбай ауылына қарай қоныс тепкен болатынбыз. Кейіннен округтің орталығына қарай жақындап, қазіргі таңда осында тұрып жатырмыз.
Қазақ жеріне көшіп келген тұста мемлекет тарапынан квота берілді. Квотаның арқасында ата-енем және біз баспаналы болдық. Атамызға осы Жуалы жерінің ауа райы, адамдары, жалпы табиғаты ұнап, осында тұрақтап қалдық. Ағайын-туыстың бәрі осы Қарасаз елді мекенінде тұрады, – дейді Бақша Оразалықызы.
Бақша Оразалықызы көпбалалы ана. «Күміс алқа» алқасының иегері. Бүгінгі таңда жолдасы екеуі үш ұл, үш қызды дүниеге әкеліп тәрбиелеуде. Үш немеренің ата-әжесі атануда. Олардың тұңғыштары Пердегүл Сарыкемер ауылына тұрмысқа шығып, бір шаңырақтың отанасы атанып отырған жайы бар. Ұлдары Рахат Тараз сервис және технология колледжін бітіріп, Отан алдындағы борышын Нұр-Сұлтан қаласында өтеп келген. Одан кейін Жандос және Жадыра есімді егіздері 2007 жылы дүниеге келген. Ал, ұлдары Жасұлан 3 сыныпқа көшсе, кенжелері Асылым екі жарым жаста.
-Өзім жұмыссызбын. Бала күтімінде, үй шаруасындамын. Мемлекет тарапынан атаулы әлеуметтік көмек тағайындалады. Жақында ғана «Күміс алқа» алқасының иегері атандым. Сонымен бірге, мектеп әкімшілігі тарапынан балаларға киім-кешек беріліп, көмек көрсетіледі. Жолдасым әртүрлі жұмыстар, көбінесе құрылыс саласында жұмыс істейді.
Әр баланың өз нәсібесі бар. Алты баламның мінезі, болмысы, өмірге деген көзқарасы әртүрлі. Дегенмен ата-ананы сыйлау, қолғабыс ету, бауырларына көмектесу секілді қасиеттерді бойына дарыта білдік. Шүкір, балаларымыз еңбекқор. Әкесіне ұлдары, маған қызым үй шаруасына көмектеседі. Балаларды Отанын сүюге, үлкенді құрметтеуге үйретеміз. Ең бастысы адамгершіліктен айнымай, тура жолда жүргенін қалаймыз.
Тарихи отанымызға келгенде көпшілік бізді жақсы қарсы алды. Жатсынбай, көрші-қолаңмен араласып, тез сіңісіп кеттік. Көмек-қолдауларын аямады. Ендігі кезекте, біз де үкіметке қол жайып қарап отырмай, алға талпынып, еңбектенуіміз керек. Өзіміз тырысып, ел қатарлы өмір сүруіміз қажет. Еңбектенбесең, ізденбесең, жетістікке, нәтижеге жете алмайсың деп есептейміз. Сондықтан ендігі мақсатымыз осы тәуелсіз еліміздің өсіп-өркендеуіне өзіндік үлесімізді қосу, – дейді Б.Оразалықызы.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close