El іshіQoǵam

Оқушылар жәдігерлермен танысты

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламасы бойынша елімізде бірқатар ауқымды жұмыстар атқарылып жатқаны белгілі. Осы орайда аудан орталығындағы №29 орта мектепте өткен жылы жұлдызы биік Жуалы ауданының 90 жылдық мерейтойына орай өлкетану мұражайы ашылған болатын.
Жақында аудандық тарихи-өлкетану мұражайының ғылыми қызметкері Дәулетжан Байдалиев мектебімізге арнайы келіп, ұстаздармен, оқушылармен жүздесіп, тарихи археологиялық, «Рухани жаңғыру» мақаласының тақырыптары туралы сыр шертті.
Дәулетжан Жамалбекұлының айтуынша, Жуалы ауданы тарихи-мәдени ескерткіштерге бай аудан екен. Аудан аумағындағы 100-ден астам қорған есепке алынған, 15 обалар қорымы, төрт бекініс, төрт күзет мұнарасы, үш белгісіз елді мекен орны, жартас бетіндегі суреттер, тас шеңберлер табылған. Археологиялық қазбалар барысында табылған ежелгі экспонаттар, керамикалық ыдыстардың сынықтары, құмыралар мен қазандар және көне заттар мен тиындар туралы оқушыларға жан-жақты көрсетіп, ақпарат беріп өтті. Ежелгі ыдыстардың бөлшектері, құмыралар мен қазандар біздің дәуірдегі І-ІІ ғасырларға жатады, аудан аумағында осы күнге дейін табылып жатқан ежелгі экспонаттар мұражай қорын толықтыруда.
Оқушылармен кездесу барысында жарқын әсерлермен бөліскен аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Дәулетжан Байдалиев өз сөзінде осындай іс-шаралар рухани баю және жетілу үшін жас ұрпаққа керектігін, мәдениетке тарту заманауи білімге нысаналы бейімдеу болып табылатынын, әлеуметтендірудің бүгінгі күнге қажет екенін атап өтті.
Айнұр ТҰРМАНОВА,
№29 орта мектептің
тарих-география пәні мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Close