El іshі
шұғылалы шаңырақ
Қара шаңырақтың қазынасы болып отырған Әбдіқадыр ауылының ең жасы үлкен қариялардың бірі Жібеккүл Тұрғанова келесі жылы 1 қаңтарда 94 жасқа толады.
Ақжаулықты асыл ана, аяулы әже Алланың берген сегіз ұл-қызынан 21 немере, 24 шөбере сүйіп отыр.
Жолдасы марқұм Ахмет Тұрғанов 1927 жылы Әбдіқадыр ауылында дүниеге келген. Ол кісі ауылдағы мектепте еңбек пәнінен сабақ беріпті. Ауылдағы интернатта шаруашылық меңгерушісі, тәрбиеші болып еңбек еткен. Жүргізуші де болып жұмыс істеген.
Атай ертоқым жасаудың шебері болыпты. Интернатта жатып оқитын қойшылардың балаларының аяқ киімдерін шегелеп беріп, үнемі айналасына қамқор болып жүрген жанның ақкөңілділігі, мейірімділігі мен адамгершілігі замандастары мен жастарға үлгі болған. Ахмет ата сол жылдары тапшы болған үнді шәйін арнайы сатып әкеліп, жеңгелеріне тегін таратып береді екен.
Ал, Жібеккүл әже тыл ардагері. Кейін мектепте еден жуушы, интернатта аспаз болып жұмыс істеген.
Әже бүгінгі таңда кенжесі Керімжан мен келіні Эльмирамен бірге тұрады.
Ұлы мен келіні екеуі де ұстаз.
Керімжан Ахметұлы 10 сыныпты Қарабастау ауылында оқып бітіріп, 1992-94 жылдары Талдықорғанда әскер қатарында болады. Одан соң Гидромелиоративтік институтты құрылысшы мамандығы бойынша тамамдайды. Сонымен бірге Тараз Мемлекеттік университетін тарих пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша бітіреді.
«Дәулет» шаруа қожалығының да жұмысын қатар алып келеді.
Үстіміздегі жылы өзі еңбек ететін Шоқан Уәлиханов атындағы негізгі мектептің директоры болып тағайындалды.
Ал, отанасы Эльмира осы мектепте бастауыш сынып мұғалімі. Екеуі бір ұл, үш қыз тәрбиелеп отыр. Тұңғыштары Қуаныш ТарМУ-де ақпараттану факультеті бойынша білім алуда. Диляра осы оқу орнында өсімдіктану шаруашылығы факультетінде оқиды.
Ал, Ақерке мен Раяна мектеп оқушылары. Ақерке 7 сынып, Раяна 2 сынып оқушысы. Екеуі де оқу озаттары әрі өнерлі.
Ақерке 4 сынып оқып жүргенде аудандық патриоттық әндер байқауында І орынды алса, ғылыми жобалар аудандық байқауында бас жүлдені иеленген. Екеуі де ән айтқанды жақсы көреді.
Керімжан аға ауылы, жас ұрпақ туралы ойымен бөлісті.
-Ауылға жастар тұрақтамай жатыр. Сондықтан ауылға әлі де көп көңіл бөлінуі керек.
Өз балаларымызды да, кісінің баласын да ешкімге қиянат жасамауға, мейірімді болуға, білімді болуға тәрбиелейміз.
«Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тапта бар қалан» деп Абай атамыз айтқандай, әр бала алдына мақсат қойып, дүниеге кірпіш болып қаланып, Отанымыздың дамуына үлес қосса, үлкен жетістік осы,- дейді Керімжан Ахметұлы.
Қара шаңырақтың келіні Эльмира Жарқынбекқызы отбасына деген жылы лебізін білдірді.
-Енем жас кезінде қолы қалт етсе жүн түтіп, иіріп, шұлық тоқитын. Барлық балаларына, немерелеріне шұлық тоқып беретін. Ол кісі өте еңбекқор, мейірімді, балажан кісі. Үнемі немерелерін айналып, толғанып отырады. Бұрынғының адамдары сүйегі мықты кісілер ғой. Жасы 94-ке келсе де үйге өзі кіріп-шығып, жақсы әңгімелерін айтып отырады.
Дана халқымыз «Қарты бар үй – қазына» деп тегін айтпаған. Апамыз «Ағайын тату болса, ат көп, Абысын тату болса, ас көп» деген нақыл сөзді аузынан тастамай бәрімізді ынтымаққа, бірлікке шақырып отырады. Өзі ынтымақтың ұйытқысы.
Ата-бабамыз қара шаңырақты қасиет тұтқан. Сондықтан әке-шеше үйінің мұрагері болғандықтан кенже ұлды жасы кіші болса, жолы үлкен деп санайды.
Үлкен шаңырақтан еншісін алып бөлек шыққан ұлдары мен тұрмыс құрып кеткен қыздары үнемі аналарына сәлем беріп, төркіндеп келіп тұрады. Қонақ күтуге біз де әбден үйреніп қалғанбыз. Сәл келмей қалса, алаңдап тұрамыз.
Ал, жолдасыма келсем, бауырмашыл, ақжарқын жан. Ол кісінің бойынан мен ерекше бағалайтын қасиет – шыншылдығы, кеңдігі. Қай істі болсын сабырмен ақылға салып дұрыс шешімін таба біледі. Жанындағы адамдарға қамқор болып, көмегін аямайды. Ерік-жігері мықты, отбасының бар жауапкершілігін көтере білетін жан,- дейді Эльмира Жарқынбекқызы.
Жібеккүлдей асыл әже ұйытқы болған, шәкірт тәрбиелеп, жас ұрпақты білімге, адамдыққа баулып отырған Керімжан мен Эльмира Тұрғановтардың отбасынан ауылына, ағайын-туыс, жалпы ортасына шуақ шашылып тұрғандай.
Үлкенін құрмет тұтып, кішіге ізет көрсете білетін шұғылалы, өнегелі, мерейлі отбасылар ауылдарымызда лайым көп болсын!
Перизат ШЫМЫРТАЙҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»