El іshі

Тілді өркендету – баршаның ісі

Тіл – тек қарым-қатынас құралы емес, ұлтымыздың биік тұғыры. Бұл ретте біздің мемлекетіміз бен халқымыздың тілге деген жанашырлығы жоғары. Қазақстанның Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа Жолдауында да басым бағыттарының бірі – мемлекеттік тілді жан-жақты дамытуды басты назарда болып келеді. Қоғамда қазақ тілінің мемлекеттік дәрежесін нығайту ел саясатының басты басымдықтарының бірі болып қала беретіні даусыз.
Елбасының «Қазақстан-2050» стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында: «Тілге деген көзқарас, шыңдап келгенде, елге деген көзқарас екені даусыз. Сондықтан, оған бей-жай қарамаймыз. Қазақ тілі жаппай қолданыс тіліне айналып, шын мәнін де мемлекеттік тіл мәртебесіне көтерілгенде елімізді Қазақ мемлекеті деп атайтын боламыз»,- дегені баршамызға мәлім. Сол арманға жету жолында мемлекеттік тіл өз кезегінде тәуелсіздігіміздің «жырын жырлап, мұңын мұңдап», бұғанасын қатайтты. Сонымен қатар, қай тілді қолданатыны әр азаматтың өз құқығында. Дегенмен, заңмен бекітілген мемлекеттік тілді білу және сөйлеу әрбір азаматтың мәдениеттілігінен хабар береді.
«Ана тілі дегеніміз – сол тілді жасаған, жасап келе жатқан халықтың баяғысын да, бүгінгісін де, болашағын да танытатын, сол халықтың мәңгілігінің мәңгілік мәселесі. Ана тілін тек өгей ұлдары ғана менсінбейді, өгей ұлдары ғана аяққа басады» деп жазушы Ғабит Мүсірепов айтқандай, елдің болашағымен қатар тілдің болашағын сақтау баршаның міндеті. Қазіргі жаһандану кезеңінде еліміздің ақпараттық кеңістігін әлемдік стандарттарға сай кеңейте отырып, мемлекеттік тілді ұлттық қауіпсіздіктің маңызды бір нысаны ретінде жетілдіруді және қорғауды қамтамасыз еткеніміз абзал.
Қазақстандағы тіл саясатының көпұлтты мемлекетіміздің тұрақты дамуына ізгілікті қызмет етіп отырғандығы бізді әлбетте қуантады. Сонымен бірге, әр ұлт өкілдерінің қазақ тілін білуге деге талпынысы қуантарлық жағдай. Ал, тіл ұлттық мәселе болғандықтан, оның мерейін асыратын да, құтын қашыратын да өзіміз. Тіл меңгеруде отбасының рөлі ерекше маңызға ие. Әр ата-ана өз балаларына сарыауыз балапан шағынан қазақ тілін үйретуді қолға алса, нұр үстіне нұр болмақ. «Балалар – біздің болашағымыз» деген сөзді біз көп айтамыз. Егер өз балаларымыздың ертеңгі жарқын болашағын ойлайтын болсақ, оларға бүгіннен бастап тіл үйретіп, сол арқылы ұлттық құндылықтарды сіңіре беруіміз қажет. Қорыта келгенде, тілді өркендету – баршаның ісі.

Айгүл Төребаева,
облыстық «Тілдерді оқыту орталығының» Жуалы аудандық бөлімшесінің меңгерушісі

Таңдаулы материалдар

Close