El іshі
Наубайхана ісін қолға алған жас кәсіпкер
«Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында көпбалалы, мүмкіндігі шектеулі, аз қамтылған отбасыларға қайтарымсыз грант беріледі.
Бұл грант тек жаңа бизнес идеяларды іске асыратындарға беріледі. Аз қамтылған, көпбалалы отбасылар жаңа кәсіпкерлікті ашуға ниеті болса, жобасын ұсынып, іскерліктің қыр-сырын меңгереді. Содан соң 555 мың 600 теңге көлеміндегі қайтарымсыз грантты иеленіп, ниеттенген кәсібін ашып, отбасылық бизнесін бастауға мүмкіндігі бар.
Бұл грант тек бизнес идеяны жүзеге асыру үшін болғандықтан, жоба ұсыну міндетті. Содан соң «Бастау Бизнес» жобасы бойынша бір айға дейінгі кәсіпкерлік негіздерін оқыту курсында оқып, 16 759 теңге мөлшерінде стипендиямен де қамтылады. Бұған үш айға дейінгі қысқа мерзімдік оқуды аяқтаған азаматтар және қоныс аударушылар, қандастар қатыса алады.
Грантты алып, жаңа ісін бастауға ниетті азаматтар халықты жұмыспен қамту орталығына келіп, өтініш жазады. Жеке тұлғаны куәландыратын құжат, мемлекеттік кірістер органдарынан заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу туралы анықтама немесе дара кәсіпкерді мемлекеттік тіркеу туралы хабарламаның көшірмесін, әзірлеген бизнес-жоспарын, «Бастау Бизнес» жобасымен оқудан өткен сертификат немесе қысқа мерзімдік оқу туралы куәлігін, мекенжай немесе ауыл әкімдігінен анықтама өткізеді. Ал шет мемлекеттерден көшіп келген қандастар оралман куәлігін әкелуі тиіс.
Айта кетейік, бұл грант тұтынушылық мақсаттарға, несие қарыздарын өтеуге, жылжымайтын тұрғын үй сатып алуға және салуға, жер учаскелерін сатып алуға, акцизделетін өнімдердің өндірісіне, жалдау ақысына берілмейді.
Халық нақылында «Аш адамға балық берме, қармақ бер» деген бар. Яғни, дайын асты емес, соны табатын, еңбекке жетелейтін кәсіпке бағыттауды меңзейді. Дәл сол секілді бұл грант та тұрақты табыс түсіретін кәсіп ашып, еңбектенуге жол ашпақ.
Адамды адам еткен еңбек. Ол – дәуірлер бойы дәлелденіп келе жатқан дүние. Ердің елге танылуы да сол еңбектің арқасы. Оның айғағы – қазіргі қоғамда өзіндік орны бар шаруақор жандар. Осындай еңбексүйгіш жанның бірі ретінде Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, жас кәсіпкер Ажар Мыңжасарованы айтуға болады.
Ол «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы арқылы грант жеңіп алып, бүгінде кәсібінің нәсібін көріп отырған жанның бірі.
Ажар Әбдірахметқызы 1987 жылы Өзбекстан Республикасының Мубарак қаласында дүниеге келген. Сол жердегі Сайджураев атындағы орта мектептің орыс бөлімін 9 сыныпқа дейін оқып, оқуын әрі қарай техникалық колледжде «Заңгер» мамандығы бойынша жалғастырып, 2006 жылы арнаулы диплом алады.
-Біз 2008 жылы отбасымызбен Өзбекстаннан атажұртқа қоныс аудардық. Осында келіп мен көп жыл бала күтіміне байланысты үйде отырдым. 2018 жылы аудандық Жұмыспен қамту орталығына барып құжаттарымды өткізіп, Тараз қаласында үш айлық қысқа мерзімді курс оқып, маникюрші мамандығы бойынша сертификат алдым.
Қолыма сертификатымды алған соң керек құралдарымды сатып алып, аудан тұрғындарына ақылы қызмет көрсете бастадым. Арасында үйлеріне, жұмыстарына барып қызмет көрсетемін. Тапқан табысым көп болмаса да, өзімізге жетеді. Кейде маникюр жасайтын аппарат бұзылады, кейде керек заттарым болмай қалады. Содан жолдасым екеуміз ақылдаса келе, басқа кәсіп ашу керек деген байламға келдік. Осылайша мен былтыр сәуір айында аудандық халықты жұмыспен қамту орталығындағы мамандарға жолығып, қажетті құжаттарымды, сертификатымды осында тапсырдым. Маусым айында кіші наубайхана ашу бағыты бойынша грант иегері атандым. Грант қаражатын алған соң нан пісіретін екі пеш сатып алып, өз кәсібімді бастадым,- дейді жас кәсіпкер Ажар.
«Еңбегің қатты болса, татқаның тәтті болады» демекші, жас кәсіпкер алға қойған жоспарларымен де бөлісті. Ол кәсібін кеңейтсем деп отыр. “Тағы да мүмкіндік болса, төмен пайызбен несие алып, нан мен бірге тәтті кондитерлік заттар пісіріп, аудан тұрғындарына, дүкендерге, төмен бағамен өткізсем” дейді өз сөзінде.
-Нан пісірген де оңай шаруа емес. Аудан тұрғындарына ұнамай қалмасын деп барымды саламын. Нанның қамырын түнде илеп, ашытып қоямын, таңғы бесте тұрып ашыған қамырды бір қайтарып, қалыпқа салып тағы да бір сағаттай көтерілгенше бетін жауып қоямын. Дайын болған қалыптағы нандарды пешке салып пісіріп, дайындаймын. Күніне 30-40 нан пісіремін. Дайын өнімді аудандық орталық аурухана маңындағы дүкендерге өткіземін. Кей күндері көршілерім және тұрақты клиенттер алады,- дейді жас кәсіпкер Ажар.
Ажар Мыңжасарованың өмірлік жолдасы орыс ұлтының өкілі. Ол Константин Юрьевич екеуі 2006 жылы шаңырақ көтерген. Қазіргі таңда жолдасы Ақтау қаласында вахталық әдіспен жұмыс жасайды. Екеуі үш ұл өсіріп отырған үлгілі отбасы.
Баян ОРАЗБАЕВА,
«Жаңа өмір»
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев