Жалпы, аудандағы көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнама мәтіндеріндегі ана тіліміздің ахуалы мен ондағы кемшіліктер туралы газет беттерінде бұған дейін де әлденеше мәрте көтерілген. Аудан орталығындағы «Жасай бер, Қазақстан!» алаңының атауындағы тыныс белгілерде жіберілген өрескел қателіктің «Фотоайғақ» айдарында жарияланып, олқылықтың тез арада жойылғаны әлі есімізде. Бұл арада ауыл билігіне рақметтен басқа айтарымыз жоқ. Дегенмен, бұл салада қатқан тоң мен сірескен сеңнің әлі де бұзылмай тұрғаны көңілге қаяу түсіреді.
Әлқисса, айтулы күннің қарсаңында тілшілер тобы аудан орталығы мен жапсарлас елді мекендерді аралап шығып, мақалаға тұздық болар фактілерді анықтап қайтты.
Бауыржан Момышұлы ауылының Парасат көшесіндегі аудандық электр желілерін тарату мекемесіне қарама-қарсы тұстан бастап темір жол өткеліне дейінгі тұтас алапты алып жатқан, көркі көз тартар кермелерде жазылған сөз мәйегі – мақал-мәтелдердің, айтулы тұлғалардың нақыл сөздеріне кез келген аттылы-жаяу адам тоқтай қалып, назарын салып, одан әркім өзіне рухани күш-қуат алары даусыз. Бұл кермелердің өткен жылы облыс аудандары арасында өткізілген облыстық сыртқы жарнама және көрнекі ақпарат байқауында бас жүлдені жеңіп алғаны мақтаныш етуге әбден орынды. Бір әттеген-айы, көптеген кермелердегі даналық сөздер мәтінінде ана тіліміздің емле ережелерінің дұрыс сақталмауында болып отыр.
Сөзіміз құрғақ болмауы үшін бірнеше мысал келтіре кетелік. Мәселен, «Қазақстан – Ұлы Дала елі» атты кермеде «Қазақстан» сөзінен кейін сызықтың орнына сызықша қойылып, әрі қарай сөздердің арасы ашылмай, кермедегі мағынасы ұлы сөйлем қос сөздің әсерін беріп тұр. Білге қағанның «Түйе – байлық, жылқы – мырзалық, Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» деген нақыл сөзінің алдыңғы бөлігіндегі түйе, жылқы сөздерінен кейін сызық қойылмаған, хакім Абайдың «Еңбексіз мал дәметкен – қайыршылық» нақылында сызықтың орнына сызықша қойылып, дәметкен мен қайыршылық сөздері жоғарыда айтылғандай қос сөз секілді орналасқан. Бөлтірік шешеннің «Ел сәні – атаға қарап өскен ұл, анаға қарап өскен қыз» деген кермеде де дәл солай, сызықтың орнына сызықша қолданылып, сөздердің арасы ашылмаған, қос сөздің әсері қайталанған. Әйтеке бидің «Бай болсаң, халқыңа пайдаң тисін, Батыр болсаң, жауыңа найзаң тисін» деген нақыл сөзінде «бай болсаң», «батыр болсаң» сөздерінен кейін үтір емес, сызық қойылған. Бұл да қазақ тілінің емле ережелерін бұзып тұр.
Мұндай қателік Мыңбұлақ ауылдық округінің Көлбастау ауылындағы Ахмет Байтұрсынов атындағы орта мектептің алдында жазылған Ұлт Ұстазының «Даналық – өшпес жарық, кетпес байлық» деген даналық сөзінде де жіберілген. «Даналық» сөзінен кейін қойылған сызықша нүктеге көбірек ұқсайды.
Ауыл-аймақтардағы жағдай да аса көңіл көншітіп тұрған жоқ. Ақтөбе ауылдық округінің Ақтоған ауылының атауы кіреберіс пен шығаберісте ауыл атауы көрсеткіші «Актоган» деп орыс тілінде ғана ілінсе, осы ауылдық округтің Жаңаталап ауылының атауы тағы да орыс тілінде «Жанаталап», ал облыстық мәндегі «Қошқарата-Қызтоған» бағытындағы автомобиль жолының Жетітөбе ауылдық округінің Шыңбұлақ ауылының тұсындағы бағыттағыш сілтеме «Шынбұлақ» болып жазылған.
Қызыларық ауылдық округінің Сұрым станциясы тұсында темір тұғырға ілінген тақтайшада Қазақстан-2050 бағдарламасы Нұр-Отан партиясы көш басында деген мәтін бейнеленген. Бас-аяғы бес сөзден құралған мәтінде тыныс белгілерінде қателер өріп жүр.
Тілбұзарлық әрекеттерден аудан орталығындағы кәсіпкерлік нысандар мен жекеменшік дүкендер иелері де қалысар емес. Тіптен бір-бірімен бәсекеге, жарысқа түсіп алғандай әсер қалдырады. Жамбыл көшесінің бойында «Кафе-бар АССОРТИ», «ТАХІ АЛҒА», орталық базар маңындағы дүкендер мен сауда орталықтарының маңдайшаларындағы «Сұлулық салоны «Жанна», «Ювелир», «Перделер әлемі, Жалюзи, Карниз», «Уют» дүкен және т.б. секілді шалажансар, орашолақ сөз тіркестерінен көз сүрінеді. Немесе «Мир духов», «Бутик женской одежды», «ұсақ-түйек бұйымдар саудалайтын қойма дүкеннің маңдайшасында «1000 мелочей. Телефонные аксессуары, Посуда, Игрушки, Той бастар, Косметика, Бижутерия, Канцелярские товары, Хозяйственные товары», оның жанындағы «Мұрат» дүкенінде «Оптом Краски, Линолеум», «Уют» дүкенінің маңдайшасына «Фирменные торты от ТОО «Ширинкомшарг» деген орыс тіліндегі жарнамалар ілінген.
Сол маңдағы шаштараз салоны өз қызметін «Әйелдер залы, Балалар залы, Химиялық бұйралау, Маникюр, Педикюр, Укладка волос, Прическа, Наращивание волос» деп жарнамаласа, пластик терезелер жасайтын Берік есімді азамат өлшеу, жеткізу, бөлшектеу және орнату қызметтерін «ОКНА, Замер; Доставка; Демонтаж; Установка» деп орыс тілінде ұсынады.
Ал Қонаев көшесінің бойындағы «Халық банкі» АҚ Жуалы аудандық бөлімшесі ғимаратының оң жақ қабырғасында «Продается часть здания общей площадью 307,2 кв. м. расположенного по адресу с. Б.Момышулы, ул. Конаева, 1, принадлежащее АО «Народный банк Казахстана» деген хабарландырудың ілініп тұрғанына жарты жылдан астам уақыт өтті. Мұны байқаған тіл жанашырларының дабыл қағып, бөлімше басшысынан хабарландыруды мемлекеттік тілде жазып, қайта ілу туралы талабы еленбеді. Бөлімше басшысы бұл әрекетінің бұрыс екенін мойындап, қымсынуы былай тұрсын, онысы дұрыс дегендей ыңғай байқатты. Тіптен облыстағы басшылықтан «солай жазып, іліңдер» деген нұсқау болғанын да айтып қалды.
Апыр-ау, біздің өз тіліміз бар емес пе?! Ұлттық намысымыз қайда?! Тұрғындарының тоқсан пайыздан астамын жергілікті ұлт құрайтын қазақы ауданда орыс тіліне деген жасанды қажеттілікті қашанғы қолдан жасай береміз? Әлде ол сәнге айналған ба?
Аудандағы көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнама тілінің аянышты жай-күйі аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің бас маманы Фариза Оразымбетованың да жанына батады екен.
– Бүкіл аудандағы мекемелер мен ұйымдардағы мемлекеттің тілдің қолданылуын айтпағанда, елді мекендер мен көшелердегі көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнаманың тілін қадағалау үшін жалғыз тіл маманы жеткіліксіз. «Жалғыздың үні шықпас» дегендей, кейде үніміз алысқа шықпай жатады. Дегенмен, тиісті орындардан заң талаптарының орындалуын талап етіп келеміз. Сонымен бірге жеке кәсіпкерлік нысандар мен дүкендер маңдайшаларында сауатсыз жазбалармен де күресуге тура келеді. Аталған нысандар иелерін қарапайым әңгімеге тартып, тіліміздің құнары мен эстетикалық талғам жайлы ескертіп, қателікті түзетуге шақырамыз. Ағаттығын түсініп, оны түзетуге тырысатын кәсіпкерлер де бар.
Осындай келеңсіз жайлардың алдын алу және болдырмау мақсатында бөлім тарапынан ақпан-наурыз айларында аудан аумағында «Көрнекі ақпарат пен сыртқы жарнамаға сауаттылық!» атты айлық жарияладық. Онда «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңның 21-бабына сілтеме жасай отырып, мемлекеттік және орыс тілдеріндегі сыртқы жарнама мәтіндерінің жазылуы, орналасу тәртібі ескертілді. Сондай-ақ барша жерлестерімізді көшелердегі сыртқы (көрнекі) жарнамада кездесетін кез келген қателікке бейжай қарамауға, сауатсыз жарнамаға жол бермеуге, жарнама иелеріне хабарласып, жіберген кемшіліктерін заң талаптары аясында жоюға шақырдық. Егер де қарапайым адамдарда, кәсіпкерлерде көрнекі ақпараттар мен сыртқы жарнама мәтіндерін сауатты жазуда қиындықтар туындап жатса, бөлімдегі Саll-орталыққа телефон шалу қажеттігін тұрғындар назарына жеткіздік, – дейді бас маман.