Basty bet
Мамандықты дұрыс таңдау маңызды өмірге бастайды
Адамның жақсы болмағы – ең алдымен, оның шыққан тегіне, ата-анасының балаларына берген дұрыс тәлім-тәрбиесіне байланысты. Өмірде жақсы азамат болып қалыптасу үшін мамандықты да дұрыс таңдаған ләзім. Мамандық таңдау мен жар таңдауда қателесуге әсте болмайды. Осы ретте өскелең жас ұрпаққа мектеп қабырғасында дұрыс тәлім-тәрбие мен білім беру, олардың әрқайсысымен жеке-жеке жұмыс жасау, қабілетіне қарай бағыт-бағдарлар беру сияқты мәселелер ұстаздардың алдында тұрған жауапты міндеттердің бірі.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты бағдарламалық мақаласында: «Жастар өмірге шынайы көзқараспен қарап, өз тағдырларына өздері иелік ете алатын азаматтар болуы үшін оларға үлгі ұсынуымыз керек» делінген. Бұл нені білдірсе керек? Кез келген азаматтың ұяда нені көрсе, ұшқанда соны ілетіні анық. Баланың отбасындағы тәрбиесімен қатар мектепте алған білім мен тәлім-тәрбиесі де өмірде маңызды рөл атқаратыны даусыз. Сол себептен де өскелең ұрпаққа аға буынның ақыл-кеңесі ауадай қажет-ақ.
Жақында №2 Мыңбұлақ орта мектебінде «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы аясында «Кәсіптік бағдар беру жұмысы – оқушыларға кәсіби бағдар берудің мүмкіндіктері» атты дөңгелек үстел өткізілді. Оқушыларға мамандық таңдау мен мамандықтар туралы кеңестер беру арқылы қолдау көрсетумен қатар, мамандық иелерімен таныстыра отырып жоспарларын анықтап, кәсіптік бағдар көрсету мақсатындағы басқосуды мектеп директорының тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Роза Мұратаева, 11 сыныптың сынып жетекшісі Маржан Сейітжанова ұйымдастырды.
Мамандық таңдау мен кәсіби бағдар беруге арналған дөңгелек үстел отырысын мектептің белсенді әрі озат оқушысы Мүнира Қаржаубаева жүргізіп, ол ең алдымен мамандықтың адам өмірінде алар орнына тоқталды. Келесі кезекте кеш қонақтары таныстырылып, мамандықтар туралы бейнеролик тамашаланды. Одан соң оқушылар өмірлік мақсаттарымен бөлісіп, мектепті бітірген соң сынақ тапсырып, қандай мамандық бойынша оқуға түсетіндерін жеткізді. Оқушылардың армандары мен алға қойып отырған мақсаттары әртүрлі. Бірі дәрігер болуды армандаса, бірі мұғалім, бірі төтенше жағдайлар саласында, бірі бапкер, журналист болуды армандайтындарын айтады.
Кеш қонақтарына кезек берілді. Онда ең алдымен «Үздік мемлекеттік қызметші» республикалық байқауының жеңімпазы, Шақпақ ауылдық округінің әкімі Мұстафа Бектұрғанов сөз сөйледі.
– Өмірде мамандық пен жар таңдау мәселесі өте күрделі. Екеуінен де қателесуге болмайды. Сол себептен, келешектеріңізді бүгіннен бастап ойлап, алдағы уақыттарға жоспар құрып үйреніңіздер. Адам нені ойласа, қандай да бір жұмысты атқарамын деп ойына алса, міндетті түрде орындалады. Алдымен армандай біліңіздер. Одан соң нақты мақсатпен жұмыс жасаңыздар. Сонда ғана жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Жақсы мамандық иесі болу үшін ең алдымен жақсы азамат болуларыңыз керек. Білім мен тәжірибе керек. Адам өмір бойы оқып, үйренеді. Оқу мен үйренуден қашпаңыздар. Әсіресе, кітаптар оқып өздеріңізді жетілдіріп, білімдеріңізді шыңдап отырғандарыңыз абзал. Сіздерге тілерім, алдағы білім сынағынан сүрінбей өтулеріңізге тілектеспін,- деді Мұстафа Ғаниұлы.
Ал №2 Мыңбұлақ орта мектебінің директоры Нарбек Қожагелдин, директордың тәрбие жұмысы жөніндегі орынбасары Роза Мұратаева оқушыларға ақыл-кеңестерін айтып, өмірлік тәжірибелерімен бөлісті. Дөңгелек үстелге қатысқан 11 сынып оқушылары алдағы уақытта қазіргі заман сұранысына сай мамандықтарды таңдап, жақсы азамат болып қалыптасатындарын жеткізді.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»