Basty bet

Тұғыры биік ел – менің елім

Тәуелсіздік – еліміздің баға жетпес байлығы.
16 желтоқсан – еліміздің егемендік алған күні. Сол күні көгімізде Тәуелсіздік туы желбіреді. Содан бері 30 жылға таяу уақыт өтті. Береке-бірліктің арқасында әлем таныған іргелі мемлекетке айналдық.
Ғасырлар бойы ата-бабамыз арман еткен егемендікті қазақтың басына қонған бағы, астына орнаған тағы деуге болады. «Тұлпарлар дүбірлеп төккен тер» деп қазақтың ақиық ақыны Мұқағали Мақатаев жырлағандай, қазақ елі небір қиындықты бастан кешіріп, талай белестерді бағындырды. Тәуелсіздік дегенде Желтоқсан оқиғасына қатысқан қайсар аға-апаларымыздың ұмытылмас ерліктері көз алдымызға елестейді. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, кересі кең мемлекет болып қалыптастық. Осылайша күллі әлемге қазақтың қайратын, айбынын таныттық.
Тәуелсіздікке ынтымағы жарасқан, ауызбіршілігі берік халық қана қол жеткізе алатынын өткеніміз нақты дәлелдеп берді. Біздің мемлекетімізге әлем елдері қызғана да, қызыға да қарайды. Еліміздегі бірлікті мақтана ән-жырымызға қосуға болады. Жыл сайын дүркіретіп атап өтілетін 1 мамыр – Бірлік мерекесі осыған дәлел. Татулық пен ынтымақтастықтың не екенін көріп өскеннен кейін оның жалғастырушысы болу да біздің азаматтық парызымыз.
Алдымда отырған оқушыларға мемлекеттік нышандарды көзіміздің қарашығындай сақтауға, қастерлеп құрметтеуге насихаттап отырамын. Ата-бабамыздың ащы термен келген киелі аманатқа, тәуелсіз елдің ұландары қиянат жасамайды.
«Алтау ала болса ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса төбедегі келеді» деген даналар. Расында халықтар арасында татулық, бірлік орнаса алынбайтын қамал жоқ.
Қолымызға тиген тәуелсіздіктің асыл құсын ұшырып алмай берік ұстау – бүгінгі ұрпақтың қолында.
Сондықтан егеменді еліміздің қазіргі өскелең ұрпақтарына тәуелсіздіктің тарихын тереңірек түсіндіру, қастерлете білу баршамыздың міндетіміз болуы тиіс.

Нұрсәуле Есбосынова,
№30 Көктөбе орта мектебінің
бастауыш сынып мұғалімі

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close