Basty bet

Береке басы – бірлікте

1995 жылы 1 наурызда Қазақстан Республикасының Президенті жанынан консультативті-кеңесші орган ретінде оның Жарлығымен бекітілген Қазақстан халқы Ассамблеясының құрылғанына 25 жыл толып отыр. Сол уақыттан бері Қазақстан халқы Ассамблеясы және оның жергілікті жерлердегі құрылымдары – этномәдени бірлестіктері де бүкіл әлемге Қазақстанның этносаралық қатынастар саласында жүргізіп отырған саясатының табысты екенін, этносаралық татулықтың, достықтың, конфессияаралық бірліктің берік негізі қаланғанын паш етіп келеді. Біздің елімізде барлық этностардың мәдениетін, тілін, дәстүрін дамыту үшін қажетті жағдайдың бәрі жасалған. Сондықтан бүгінгі Қазақстан достық пен татулықтың, ұлтаралық келісім мен тұрақтылықтың шынайы мекені.
Қазақстан бүгінде ұлттар мен ұлыстар 130-дан астам этнос достықта және келісімде өмір сүріп жатқан көпұлтты мемлекет.
Біздің ауданда да 15 түрлі ұлт өкілдері тату- тәтті, біркісідей қол ұстасып еңбек етіп, өмір сүріп келеді. 25 жыл бұрын төрт этномәдени бірлестіктер құрылып, бір отбасының балаларындай береке бірліктің, достық пен келісімнің арқасында тату-тәтті өмір сүріп келеміз. 1938 жылдардан бері ауданда көп ұлт пен ұлыс бірігіп, киелі, қасиетті Жуалы жерінде бір шаңырақ астында тұрып жатырмыз. Біздің ұстанымымыз, ең қымбат қазынамыз – ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен құрмет сезімін, жарастық пен келісімді қастерлеп сақтау. Ендігі біздің мақсатымыз – елдегі тұрақтылықты сақтап, экономикалық өркендеуді дамыта отырып, өз Отанымыздың ертеңгі кемелді келешегі үшін, баянды болашағы үшін адал қызмет ету.
Біздің аудандағы азірбайжан, өзбек, шешен және славян этномәдени бірлестігінің қайсысы болсын достықты нығайтуды ғана емес, оған қоса әр ұлттың тілін, тарихын, мәдениетін, салт-дәстүрін сақтап, қоғамдағы тұрақтылықты нығайту бағытында еңбек етіп, жұмысымызды одан әрі жалғастыруды міндетіміз деп санайды. Осы бағытта біз аянбай еңбек етеміз деп мен сіздерді сендіремін.
Жақында ғана қасиетті мұсылман қауымының Рамазан айы келіп, төзіміміз, сабыр мен қанағатымыз артуда. Қасиетті Рамазан айы биылғы жылы бірнеше мерекелермен тұспа-тұс келіп отыр. Оның ең алғашқысы 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл мерекені де жылдағыдай көпшілікпен атап өте алмаймыз. Біз жыл сайын аудан орталығына жиналып, мерекені көпшілікпен атап өтетінбіз. Мерекеде әр ұлттың салт-дәстүрінен көрініс көрсетіліп, өнерлері паш етілетін. Ал, биылғы жылы елімізге тосыннан келген індетке байланысты мерекені көпшілікпен тойлай алмаймыз. Алайда, біз оған қарамастан көп болып жиналмасақ та, мерекені атап өтуге тырысудамыз. Яғни, біз орыс, өзбек, әзірбайжан, шешен, неміс ұлттарының төрайымдары жиналып, қайырымдылық шарасын ұйымдастырудамыз. Бұл да біздің бірлігіміздің көрінісі деп білемін. Індетті осы бірлігіміздің, ынтымағымыздың арқасында еңсерсек, жақсы күндеріміз көп болатынына сенемін. Мемлекет басшысының өзі осы бірлігімізді ту етіп, қиын сәттерді еңсеретінімізге сенім артып отыр.
Баршаңызды Қазақстан халқының достығы және бірлігі күнімен шын жүректен құттықтаймын! Әр отбасына, әр қазақстандыққа шынайы көңілмен бақыт-береке тілеймін. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қазақстан халқы өркен жайып, мемлекетіміз – молшылыққа, ал әрбір шаңырақ бақыт пен шаттыққа кенелсін!
Эсмира Мамедова,
«Мехрибан» әзірбайжан этномәдени бірлестігінің төрайымы

Таңдаулы материалдар

Close