Basty bet

Профилактикалық жұмыстардың маңызы зор

Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жоспарының жеті негізгі шарасының бірі ретінде мемлекет пен азаматтық қоғам институттарының конструктивті әріптестігін атап өтіп, жемқорлықпен күресте күштік шаралардың аздық ететінін баса айтқан болатын. Осы орайда елімізде қазіргі таңда сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға арналған арнайы агенттік құрылғанын, яғни аталған мәселеге күштеп жұмыс жасалатынын осыдан-ақ байқауға болады. Агенттіктің құрамында құқық қорғау және сот саласына, квазимемлекеттік секторға қатысты арнайы департаменттер ашылып, сонымен қатар бұл мәселеде, дәлірек айтқанда, жемқорлықпен күресте тек жазалау түрі қолданбай, ең бастысы – жемқорлық тәуекелдеріне алып келетін себептердің алдын алу, насихат жұмыстарын жүргізу, азаматтардың бойында жемқорлыққа мүлдем төзбеушілік қасиеттерін қалыптастыру жөніндегі жұмыстардың маңызы зор.

Апта басында ауданға Қазақстан Республикасы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаменті қызметкерлерінен құралған топ ауданда болып, бірқатар саланың өкілдерімен кездесті. Атап айтқанда, департаменттің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және парасаттылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәурен Омаров, «Жамбыл – адалдық алаңы» жобалық кеңсесінің мүшесі Гүлнұр Алтынбекова алдымен аудандық полиция бөлімінде болып, қызметкерлермен кездесу өткізді.
Жиынды басқарма басшысының міндетін атқарушы Дәурен Омаров ашты.
– Сыбайлас жемқорлықтың алдын алу бағытындағы талдаулардың нәтижесі жемқорлық тәуекелдерді тудыратын бірқатар басты факторларды анықтап отыр. Таратып айтсар болсам, сыбайлас жемқорлық – алдымен нормативтік-құқықтық актілердің жетілмеуінен, екінші, қызметкерлердің азаматтармен тікелей байланыс орнатуынан, үшінші, қадағалау және бақылау функцияларының жүзеге асыруда, төртінші, мемлекеттік сатып алу жұмыстарынан туындайды екен. Сол себепті, аталған жағымсыз факторларға баса назар аударып, алдын алу жұмыстары, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мәдениетті қалыптастыруда жүйелі жұмыстар атқару, сыбайлас жемқорлыққа қарсы мониторинг және осынау тәуекелдерге талдау жүргізу арқылы жүзеге асыруларыңызды сұранамын. Былтырғы жылдан бері біздің департаменттің қызметкерлері мен облыстық полиция департаментінің қызметкерлері арасында бірлескен жұмыстар атқарылуда. Осы бағытта арнайы жол картасы да әзірленіп отыр. Сіздердің салаларынызда сыбайлас жемқорлық фактілері ішінара кездесіп жатады. Оны біз ешкімнен жасыра алмаймыз. Осы ретте әрбір қызметкер өзіне жүктелген тиісті функцияларды жауапкершілікпен атқарғанда ғана жемқорлық тәуекелдері туындамайды. Одан бөлек, қызметтік автокөліктерді белгілі мақсатта пайдалану мәселесінде де кемшіліктер бар,- деді Дәурен Даниярбекұлы.
Аудандық полиция бөлімінде сыбайлас жемқорлыққа қарсы атқарылып жатқан іс-шаралар туралы бөлім бастығының орынбасары Есім Ордабаев айтып берді. Сонымен бірге жиын соңында сыбайлас жемқорлық фактілері бойынша бейнеролик көрсетілді. Облыстық департамент өкілдері аудандық полиция бөлімі жанынан ашылған азаматтарды қабылдау бөлмесінің жұмысымен де танысты.
Келесі кезекте мобильді топ мүшелері аудандық орталық ауруханаға барды. Онда департаменттің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және парасаттылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәурен Омаров аурухана қызметкерлеріне сыбайлас жемқорлықтың күн тәртібінен түспейтін мәселе екенін, денсаулық сақтау саласы жемқорлық тәуекелдеріне бейім саланың бірі екенін жеткізді. Жемқорлық тәуекелдері орын алмау үшін қызметкерлердің бойында әділдік, парасаттылық қасиеттері болу керектігі де баса айтылды. Мұндағы ағарту жұмыстарын аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков, персоналды басқару қызметінің басшысы Хамза Оманов хабардар етті. Н.Ергебеков «Цифрлық Қазақстан» бағдарламасы негізінде ауруханада бірқатар қызметтердің электронды түрде көрсетілетінін атап өтті.
Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаментінің жауапты қызметкерлері №1 мектеп-гимназияда аудандық білім бөлімінің өкілдерімен және аудан мектептерінің мұғалімдерімен де кездесіп, аталған тақырып бойынша кеңінен әңгіме өрбітті. Мұнда да департаменттің сыбайлас жемқорлықтың алдын алу және парасаттылық басқармасы басшысының міндетін атқарушы Дәурен Омаров облыста білім саласы бойынша ағымдағы жылдың жеті айында 11 қылмыстың орын алғанын тілге тиек етіп, барлық құқық бұзушылықтар бойынша тиісті органдармен қудалау жұмыстары жүргізілетінін қатаң ескертті.
Мобильді топтың мүшелері аудандық халықты жұмыспен қамту орталығының қызметкерлерімен және орталықтан қызмет алуға келген тұрғындармен кездесіп, сыбайлас жемқорлықтың алдын алу мәселелері, осынау шараларды іске асыру барысында профилактакалық жұмыстардың маңызды рөл атқаратыны жеткізілді.

Нұржан ДЕРБІСАЛИЕВ.
Суреттерді түсірген
Сәбит КҮЗЕМБАЕВ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close