Basty bet

Жұмысында – жауапты, отбасында – мейірімді

Қазіргі қоғамдық өмірдің кез келген саласын әйелдерсіз көзге елестету мүмкін емес. Олар – педагог, олар – дәрігер, олар – мемлекеттік қызметші, олар – кәсіпкер, тағысын тағы жалғаса береді. Әсіресе, әйелдер қауымының көбі денсаулық сақтау саласында жұмыс істейді. Соның бірі «Дені сау анадан дені сау ұрпақ дүниеге келеді» дегенді ұстанған Раушан Әтенбекова. Ол Көктөбе ауылдық фельдшерлік-акушерлік пунктінде акушер болып жұмыс істейді. Оның таңдауы осы мамандыққа түсіп, саналы ғұмырының 40 жылын тұтастай денсаулық сақтау саласына арнаған ақ халатты абзал жан.

Раушан апай Сарысу ауданы Байқадам ауылындағы қырықжылдық мектебін тамамдап, Жамбыл медициналық училищесіне оқуға түседі. 1983 жылы Жуалы ауданының азаматына тұрмысқа шығып, алғашқы еңбек жолын Қосбөлтек ауылдық медпунктінде бастап, одан кейін Жаңатас қалалық ауруханасында жалғастырады. Осы тұста жас маман ретінде тәжірибе жинақтап, өз ісін жылдан-жылға жақсы меңгере түседі. Перзентханада сәбидің дүниеге аман-есен келуіне күш салса, гинекологиялық бөлімде болашақ аналармен етене байланыста жұмыс істейді. Қазіргі таңда ол Қосбөлтек, Көктөбе ауылдарымен қатар 91678 әскери бөлімінде жұмыс істейтін азаматшаларға медициналық қызмет көрсетеді. Оның бақылауында 360 туу жасындағы ана бар. Сонымен қатар, биылғы жылы 30 ана жүктілігі бойынша есепте тұрса, өткен жылы елді мекенде 56 сәби өмірге келген.
– Әкем Баянды жедел жәрдем көлігінде жүргізуші болып жұмыс істеген. Анам Базаркүл сауда орындарында атқарушы үздік қызметкерлердің бірі болған. Өзіміз бес ағайындымыз. Медицина қызметкері болуыма әкем түрткі болды. Әкем күнделікті дәрігерлермен араласып, олардың жұмысының жауапкершілігін жақсы білетін. Адам өмірінің арашашысы саналатын ақ желеңділердің жұмысының ауырлығы мен қиындығын да жақсы түсінуші еді. Дегенмен перзентінің ақ халат киіп, медицина қызметкері болғанын шын жүректен қалады. Әкемнің бағыт-бағдар беруімен өмірде мамандық таңдаудан қателеспеппін. Шүкір, алған білімімізді тәжірибе тұрғысында көрсетіп, адамдармен тез тіл табысып, оларға көмек көрсетіп, абыройлы қызмет етудеміз. Бұл әкемнің арманы орындалғаны деп білемін.
Қай кезде де денсаулық бірінші орында болуы керек. Әсіресе, аналардың саулығы. Бізге дені сау ұрпақ керек. Сол үшін өзіме бекітіліп берілген аймақтағы әйелдермен жүйелі жұмыс жасаймын. Жүктілікті жоспарлау, уақтылы тексерістен өту, дәрігердің бақылауына жіберу, үй-үйді аралау, дәрігердің нұсқаулығымен емдік шараларын жүргізу, қауіпті топтағы әйелдерді жіті бақылау, тағы да басқа жұмыстарды атқарамын. Мұндағы әрбір анамен жеке байланысып, аман-есен босанғанша медициналық қызметтер көрсетіледі. Сонымен қатар, босанған аналарды 40 күнге дейін бақылауда ұстаймын. Әр он күн сайын үйлеріне барып, ана мен сәбидің денсаулығын назарға аламын. Гинекологиялық аурулардың алдын алу үшін скрингтік тексерістен өту уақтысы келген әйелдерді орталық ауруханаға жіберемін. Ана мен баланың денінің саулығы туралы кеңестер айтылып, түрлі тақырыптарда түсіндірме жұмыстары да жүргізіледі,- дейді акушер Раушан Баяндықызы.
Ақ халатты абзал жан ауылдағы аналардың саулығын мен дүниеге дені сау сәби келуіне әрдайым тілекші. Олармен Whatsapp желісі арқылы «Болашақ аналар» чатын ашып, әрдайым жағдайлары туралы мәлімет алып отырады.
Тұрғындардың денсаулық күзетінде жүрген Раушан Баяндықызы ұжымдағы белді қызметкер. Өзінің ашық-жарқын мінезімен, адамдарға жанашырлығымен, өзіндік болмысымен ортасына сыйлы. Осындағы аға буын өкілі ретінде жастарға жол көрсетуші де осы Раушан апай. Ол ұжымда жалпы тәжірибелі дәрігер Жалғас Дүйсенбеков, фельдшер Айгерім Ботабаева, Әлия Әзім, медбике Албина Ділдабаева, кіші медицина персоналы Назипа Омарқұлова және қарауыл Пержан Иманалиевпен бірлесіп, ауызбіршілікте жұмыс істеуде.
Ол өмірлік серігі Орынбай Көкбаев екеуі екі ұл, бір қыз өсіріп, олардан жеті немере сүйіп отыр. Ұлдары Мират араб тілін меңгерген. Қыздары Мөлдір ұстаздық жолды таңдаса, ал, кенжелері Жансейіт Астана қаласында мемлекеттік қызметші болып жұмыс істейді. Келіндері Гүлмира көпбалалы ана.
– Осынау жарқын мерекені ардақты аналарымыздың, аяулы жандардың мерекесі деп білемін. Мен үшін маңызы мен орны бөлек осынау мерекеде аналар ардақталып, нәзік жандыларға қуаныш пен шаттық сыйланады. Мен де осы сәтті пайдаланып, барша жуалылық ардақты аналарды мерейлі мерекемен шын жүректен құттықтаймын! Отбасыларыңызға амандық, дендеріңізге саулық, ұзақ әрі шаттыққа толы ғұмыр, шаңырақтарыңызға береке тілеймін!- деп сұхбат соңында Раушан Баяндықызы аналық ақ тілегін де арнады.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close