Basty bet

Шалғай ауылға ауызсу құбыры тартылуда

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында халық тұрмысын жақсарту, инфрақұрылымды дамыту мәселелерін жеделдетіп шешу жолдары айтылған. Жолдаудың «Қуатты өңірлер – қуатты ел» деп аталатын бөлімінде инфрақұрылымды дамыту жөнінде: «Еліміздің әр аймағының тұрғындарының таза ауызсуға, табиғи газға, көлік инфрақұрылымына қол жеткізу деңгейі біркелкі емес екені белгілі. Осы теңсіздікті жою үшін жұмысты жандандыру қажет. Алдағы үш жыл ішінде тұрғындарды таза ауызсумен және су жеткізумен қамтамасыз етуге шамамен 250 миллиард теңге бөлінеді» делінген.

Одан бөлек, Президент Үкіметке «Ауыл – ел бесігі» жобасын жүзеге асыру үшін биыл бөлінген 30 миллиард теңгеге қосымша алдағы үш жылда 90 миллиард теңге бөлуді тапсырды. Қ.Тоқаев өз сөзінде бұл қыруар қаражаттың өңірлердегі ауызсу және газбен қамтамасыз ету сияқты инфрақұрылымдық мәселелерді шешумен қатар, мектеп, аурухана, спорт алаңдары сияқты тұрғындар игілігіне жұмсалатынын атап өткен болатын.
Биылғы жылы ауданда барлығы 15 ауылға ауызсу жүйесінің құрылысы жүргізіліп жатқаны белгілі. Соның ішінде «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі» бағдарламасы аясында Қошқарата, Көлтоған, Ертай, Шақпақата, Т.Дүйсебайұлы ауылдарында ауыз су жүйесінің құрылысы қарқынды жүргізілуде. Қошқарата ауылдық округінің орталығы Қошқарата ауылына жаңадан ауызсу құбырларын тарту жұмыстары да жоспар бойынша жүріп жатыр. Мұны біз аталған ауылдық округке барған сапарымызда арнайы барып көрген болатынбыз. Бұл әлбетте, таза ауызсуды ұзақ жылдар сарыла күткен ауыл тұрғындары үшін көптен күткен үлкен қуаныш.
Аудан әкімдігі тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің тапсырысымен 2020-2021 жылдар аралығында атқарылуға тиіс «Жамбыл облысы Жуалы ауданы Қошқарата ауылындағы ауызсу жүйесі» деп аталатын құрылыс жобасына жалпы құны 390 млн 735 мың теңге қаражат бөлінген. Аталған жобаны қызылордалық мердігер компания «Агроспецмонтаж» ӨК-ның Шымкент қаласындағы филиалы жүзеге асыруда. Жоба бойынша су өткізгіш жүйесінің жалпы ұзындығы 26 шақырымды құрайды.
Мердігер мекеменің құрылыс басындағы қойма меңгерушісі Жандос Керімбековтың айтуынша, Қошқарата ауылындағы ауызсу жүйесінің құрылысы ағымдағы жылдың 15 сәуірінде басталған. Бүгінде құрылыс жобасына сәйкес ауыл ішінде және ауылдың сыртында құбыр тарту, бетон құдықтарды орналастыру, тағы басқа жұмыстар атқарылған.
-Осы уақытқа дейін ауылдың ішінде 10, ауылдың сыртында алты шақырымға жуық шұңқыр қазылып, пластик құбырлар тасталды. Белгіленген орындарға бетон құдықтардың барлығы орналастырылды. Қазір ауылдың сыртында су жинайтын екі бірдей резервуардың және су залалсыздандырғыш қондырғыны орнату жұмыстары жүріп жатыр. Резервуарлар алдымен арматурамен тоқылып, қалың бетоннан құйылады. Бұл жұмыстар аяқталған соң резервуардың айналасы сапалы қалың темір қаңылтырмен қоршалады.
Ауылға ауызсу тартуда таза ауызсудың көзін табу жұмысы аса маңызды саналады. Осы ретте жоба бойынша ауылдың тау жақ беткейінде алдын ала белгіленген жерден су көзі табылып, жақында бұрғылау жұмыстары толығымен аяқталып отыр. Жобада көрсетілгендей, 70 метр тереңдікке дейін бұрғылау жүргізіліп, таза ауызсу шығарылды. Ауызсу лабораторияға жіберіліп, тиісті тексеруден өтіп, одан оң қорытынды алынды. Қазір су ұңғымасының басында біршама жұмыстар жүргізілу үстінде.
Құрылыстың көптеген жұмыстары техниканың күшімен атқарылатынын жақсы білесіздер. Мердігер мекемеде үш дана «JCV» маркалы шетелдік трактор, 1 жүктиегіш, 1 жүккөтергіш кран, одан бөлек, құрылысқа қажетті материалдарды тасымалдайтын екі дана «КаМАЗ» көлігі, басқа да қажетті техникалар бар. Жұмыс күшіне келер болсам, жұмыспен қамту шараларына сәйкес Қошқарата ауылынан барлығы 10-нан аса адам жұмыс жасауда. Жұмысшыларға тамақ даярлайтын екі аспазды да осы ауылдан жұмысқа қабылдадық.
Құрылысқа қолданылып жатқан материалдардың барлығы Қазақстанда жасалған отандық өнімдер. Ауызсу жүйесіне жүргізілген пластик құбырлардың тиісті сертификаттары бар сапалы өнімдер. Одан басқа, құм, цемент, темір-бетон өнімдері, т.б. материалдар құрылыс басына уақтылы жеткізілуде. Жалпылама айтқанда, құрылыс жұмыстары жобаға сәйкес өз ырғағымен жүргізілуде. Мұндағы ауызсу жүйесінің құрылысы келесі жылға өтпелі болғандықтан жұмыстар белгіленген мерзім ішінде аяқталады. Біздің басты мақсатымыз – ауыл тұрғындарының алғысын алу,- дейді Жандос Жомартұлы.

Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Jańa ómir»

Таңдаулы материалдар

Close