Basty bet

Өлең өлкесінде

Елім осы

Құдай қолдап көсегесі көгерген
Ел-жұртыма танылып қалдым өнермен,
Қарс айырар көкірегімді көп түйткіл,
Абыройлымын, атақтымын дегенмен.

Есімімді есімімен атаған
Осы күнге жете алмады ата-анам,
Рухтарына күнде Құран бағыштап
Тек тылсымға тылсыммен тіл қата алам.

Өмірді өрген өлең-жырмен, әнімен
Бауырларым мақтанады менімен,
Зейіні жоқ бірде-бірі солардың
Жан-дүниемді ұқпайды-ау деп егілем.

Жиі шыққан жинақтары екі елі
Туған-туыс мені мақтан етеді,
Оқиды-ау деп дәметпеймін олардан,
Елегені, ескергені жетеді.

Бойларына тәрбие-білім бір дарып,
Балаларым өсті менен үлгі алып,
Ғаламтордың айналма деп құлына
Отырамын бір ескертіп, бір налып.

Мен арқылы еске ап тәтті шақтарын,
Құрметтейді қатарларым, достарым,
Жалғызсырап кетем кейде оларды
Мазаласа бас қамы мен басқа мұң.

Жан болған соң жырдан қару құрайтын
Жандар да көп менен көмек сұрайтын,
Уақытымның бос кетпеуін ойлаймын
Жасағаннан төзім сұрап шыдайтын.

От аузымен құсты тістеп, теңге ілер
Меніменен санасады шенділер,
Екі етпейді айтқанымды, обал не,
Бізге қырын қарамаса болды дер.

Аман-есен атса болды, сірә, таң,
Мен де өзімді кейде осылай жұбатам,
Тербетіліп бейбіт күннің бесігі,
Бәрімізді әлдилейді бір Отан.

Бірдей көрген көсемін де, шешенін,
Маған ыстық жоқты-барды осы елім,
«Осы еліммен өссем бірге өсемін,
Осы еліммен өшсем бірге өшемін!»

Жан-тәніммен сүйген оңы-терісін
Осы елімнен артық ел жоқ мен үшін,
Елім осы – еркелеткен мені шын,
Мен де өлгенше қызмет етем ел үшін!

 

Жырла жүрек!

Нәзіксің, сезімталсың,
Тұла бой тұр ма елжіреп,
Сабырсыз төзім талсын,
Тоқтама, жырла, жүрек.

Сабырсыз төзім талсын,
Өрілсін нұрдан жібек,
Сезімге сен іңкәрсің,
Тоқтама, жырла, жүрек.

Сезімге сен іңкәрсің,
Санаңда сыр қалды көп.
Сындырмас сағыңды әр сын,
Тоқтамай жырла, жүрек.

Сындырмас сағыңды әр сын,
Самалды ырғал тілеп,
Сол сәтті сағынғансың,
Сондықтан, жырла, жүрек.

Сол сәтті сағынғансың,
Жатқанда мұңнан жүдеп,
Кез келді жалындар шын,
Жалындап, жырла, жүрек.

Кез келді жалындар шын,
Сыңғырлат сырғаңды кеп.
Әлемге әнің барсын,
Әуелет, жырла, жүрек.

Әлемге әнің барсын,
Шәліңді бұлғар білек.
Әйелдік бағың жансын,
Ақындық, жырла, жүрек!

 

Ешкімге айтпаған сырларым

Ешкімге айтпаған сырларым,
Сендерді ешкімге айтпадым.
Ешкімге қиып бұрмадым,
Ешкімге теліп тақпадым.

Ешкімге айтпаған сырларым,
Сендер де адалдық сақтадың,
Есімнің есігін ұрмадың,
Көңілімнің әйнегін қақпадың.

Мазаламадың мұң іліп,
Жазаламадың, жасырдың.
Көрсетіп іштей ірілік,
Кішірейіп сырттай басылдың.

Ешкімге айтпаған сырларым,
Сендерге менсіз кім батпақ?!.
Мезгілсіз сауық құрмадың,
Мерзімсіз уақта сырғақтап.

Ешкімге ашпаған сырларым,
Қалыңдар солай жұмбақ боп.
Жылжыған сайын жылдарым,
Барады құның қымбаттап.

 

Шыдамсыз
едім…

Шыдамсыз едім – шыдауды үйрендім,
Сүрінсем сұраусыз едім –
құлауды үйрендім,
Көрсетпей жылаушы едім –
көрсетіп жылауды үйрендім,
Сынбаған, шытынамаған, қылаусыз едім –
жамап-жасқап құрауды үйрендім.
Өмір бәрін үйретті.

Үйретті.
Бірақ көнгім келмейді;
Сенімдерімді күйретті –
бірақ сенгім келмейді;
Іздегенге – ілік,
ілінгенге түйме етті –
болғым келмейді;
Сайтандарымды сыйлы етті,
тойған қарынды билетті –
көргім келмейді.
Бірақ қайда қашам,
Қайда барам?!

Осы топырақтан жаралдым,
Осы топыраққа айналам
Қайтадан!..

 

Жеңеміз!

Бір аштық болмаса-
Тоқтықтың қадірін білмес ек,
Бір нәубет келді де,
Бақыттың білдірді қадірін.
Жұқтырған жандардың
санымен ойнамай күнде есеп,
Жұртымды жұбатар,
Ауызыма сөз салшы, Тәңірім!

Баласын ойлаған
Ананың кірлетпе жаулығын!
Ұрпағы өрбіген
Қуат бар қазына қартымда!
Сабыр мен төзімім
Бойдағы ең басты байлығым-
Қандай күн туса да,
Айырбасталмайтын алтынға!
Әуелі бір Алла,
Ал сосын дәрігер тұрғанда,
Вирусты құртамыз,
Тірлікпен бұрын-соң болмаған!
Қобалжып, толқыма,
Тауып ап бір күрек бір қолға,
Тізе қос билікпен,
Еліңді, жеріңді қорғаған!

Буылды бел бекем!
Түрілді сыбана жең, білек!
Қарсы тұр қатерге,
Қарулан, халайық, мұздай боп!
“Жаһанды жайпап ем,
Бұл Қазақ қалайша жеңді?..” деп,
Аты өшкір тажалдың
Жойылсын тұқымы тұздай боп!..

 

Музаны
жоқтау

немесе Мұқағали рухына мұң шағу

Мұқағали – қайран Аға,..
Ғашық болып ақ қарға,
Сен туылған ақпанда
Мені де анам туыпты.
Есениндей сергелдеңге
Өзің түсіп сенделгенде
Айтшы, Сені кім ұқты.
Біздің жұрт та қызық жұрт-ау,
Жұбатудың орнына
Лайлауға дайын тұрады
Мөлдіреген тұнықты…

Қайран Аға!
Сен секілді…
Мен де жалғыз қалғандаймын
Айдалада.
Ұрпағың ба ем мен сен күткен,
Арыла алмай меңзеңдіктен,
Жаңылдым да жүрісімнен,
Жоғалтып ап өз «Менімді»,
Адасып қалдым жолдан,
Аға!

Содан бері кезікпеген
Музаны іздеп, кезіп келем.
Барым-базар,
Ойым-ойран,
Ал,
Ақылым-айран,
Аға.

Сен тірісің, бірақ,
Аға,
Өшпес,
Өлмес
Жырларыңмен!
Ал мен…
Менен сұрама,
Аға…
Танығанмен… бір қауым ел
Іздемейді шырақ ала…
Қарайтындар қырдан кілең,
Төріне оңай шығара ма,
Ұсынбаса мырза біреу,
Ұмтылмаймын сыбағама.

Белгісіз боп кейде мүлде
Өлі-тірім, сөнгенім де,
Сенгендерім опасыздық
Жасап жатты ертеңімде.

Сарқылғанша шуақ-күнім,
Тартылғанша бұлақ-тілім,
Кеше ұнамай, ұнап бүгін,
Бірін жамап, құрап бірін,
Шарана-жыр туылғанда,
Оралмастай жуыр маңда,
Тастап кетіп қарамастан,
Бақыр басын ала қашқан
Мен –
Көкек құс сияқтымын…
…Білем, күнә. Ұят мұным…

Мөлдір Музам,
Мұқаң – Аға!
-Жігерлі жас мұқала ма,-
деп күлерсің,
ұғам,
Аға!
Келісерсің сөзімменен,
Жүйке деген жұқа ғана?!..
Жыр киесі ұрса егер
Дауа бар ма бұған,
Аға…

Мойындаймын, шыным,
Аға!
Сүйінуші ем шұғылаға,
Иілуші ем құбылаға,
Бәрі соның бүгін – ада.

Шабыт буып шаттанғанда,
Мен де өзімше бөлек үнді
Әнімді арнап ақ таңдарға,
Жаздым талай өлеңімді.

Шағынғаным бір бүгін бе,
Шағыстырам кімді-кімге…
Өзім туған өлеңімнің
Өзім кестім кіндігін де.

Қиялда алған өшін менен
Жыр-керуен көшін көрем.
…Тыңдар құлақ,
Оқыр көз жоқ,
Қор болды бұл есіл де өлең.

Көріп жүрек-отымды өшкен,
Өзің болсаң кешірмес те ең…
…Тұншығуда қанша жырым
Тұсауы әлі кесілместен…
Үміт БИТЕНОВА,
ақын,
Қазақстан Жазушылар
одағының және
Әлем Халықтары Жазушылар одағының мүшесі,
Э.Иманалиев атындағы Халықаралық әдеби
сыйлығының лауреаты,
тәуелсіз журналист

Таңдаулы материалдар

Close