Basty bet
Ұлтымыздың ұлы перзенті
Еліміздің Тұңғыш Президентінің өмір жолын онымен бірге Теміртау қаласында металлург болып істеген жуалылық жиырма жігіт жақсы біледі. Қазір олардың аттарын атап, түстерін түстемей-ақ қояйын. Осы жиырма жігіттің ішінде мен онымен Қазақстан Магниткасында сегіз жылдай қоян-қолтық араластым. Ол туралы әңгіме бөлек.
Ол ақбас Алатаудың баурайында дүниеге келді. Шетсіз-шексіз адамның, дарқандығы, басына бұлт қонақтаған алып таулардың асқақтығы оған бала күнінен «өмірге кеңінен қарап, кеңінен толғап білуге үйретті. Ал, еңбексүйгіштік пен табандылық, қайсарлық пен қарымдылық ата тәлімі мен ана сүтімен сіңген арда қасиеттер еді. Сол себепті, жалынды жастың әркім бара бермейтін металлург мамандығын таңдауы кездейсоқ емес-ті. Ол нағыз ер жігіттің кәсібін игеруге ұмтылды.
Жиырма бес – ақын-жыраулар аузынан түспеген, жас үнін, шат күнін сағынтқан қимас, аңсайтын, көксейтін жылдар. Сол жиырма бес жасымды мен болашақ Президентпен қайнаған домна пешінде бірге өткізгенімді мақтан етемін. Ол басқалардан ерек болатын. Сондықтан жастардың ішінен көшбасшы сайлау туралы сұрақ туындағанда, еңбек ұжымы бірауыздан жас горновой Нұрсұлтан Назарбаевты таңдап, цех партия ұйымының жетекшісі болды. Ол сонда көпұлтты ұжымдағы еңбекті достық пен өзара көмекті өмірдің ең басты құндылығына айналдырды. Оны достары мен құрбы-құрдастары күні бүгінге дейін айрықша құрметтеп, сенімділіктің үлгісі деп таниды.
Нұрсұлтан Назарбаев 39 жасында Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің хатшысы, 44 жасында Қазақстан Үкіметінің басшысы болды. Бұл туралы әртүрлі жорамал айтушылар бар. Соның ішінде Қонаевтың қолдауының арқасында болған іс дегенге ден қоюшылар да бар. Шын мәнінде Н.Назарбаев КОКП Орталық Комитетінің хатшылығында Қазақстан Магниткасының проблемалары туралы жасаған баяндамасы кезінде М.А.Сусловтай сұңғыланың көзіне түскенінің арқасында тез көтерілген екен уақтысында. М.Суслов Димекеңе телефон шалып, «Н.Назарбаевқа көңіл аударыңыз» деген екен.
Содан бері оған қала, облыс, ел және ең беделді халықаралық ұйымдардың ауқымында селкеусіз сенім артылып келеді. Нұрсұлтан Әбішұлы өзінің металлург екендігін әр уақытта қадап айтып, өз кәсібін ерекше мақтан тұтады. Қазақстан Магниткасындағы қайнаған қызу еңбектің болашақ өміріне берік негіз қалап бергендігін үнемі айтып отырады.
Біз алған асуы көп, алары одан да көп жалындаған жас елміз. Дана басшы Нұрсұлтан Назарбаевтың дарынды басшылығы мен жігерленген еліміз қандай бәсеке, күрес болса да түсуге мен дайын деп ештеңеден беті қайтпаған, тайынбайтын балуан сияқты.
Қолында шексіз билігі бар адамның ұстамдылық пен шыдамдылықты сақтай білгенінің өзі ғажап даналық қой. Мемлекет басшысы да пенде, оның бойында да эмоция (сезім) бар. Солардың әсеріне берілмей, жоғарыдан табыла білу – халық даналығының, нақты айтқанда, қазақы есті төзімділіктің, аса сабырлық бойға берік сіңгендігі.
Басқа түскен қиындықтың бәрін баспақшылдықпен жеңетін Әбіш ақсақал мен Әлжан анадай халық өкілдерінің ортасынан шыққан жанның төзімді болмауы мүмкін де емес сияқты. Олардың даналығы: халықпен бірге болып, қандай қиындықты да қайыспай, сабырмен көтеруге үндеу ғой. Бойына соны сіңірген баласы Нұрсұлтан Әбішұлы ел басқарған тұста сол жолдан таймады. Сондықтан оның барлық қасиетінің қайнар көзі қазақы қалып болып, «Тұғырымыз – тыныштық, тірегіміз – тұрақтылық, білегіміз – татулық» болып келеді. Осыдан биік мақсат бар ма?
Әр елдің, әр мемлекеттің тарихында ұлт мұраты мен ұрпақ болашағына өлшеусіз үлес қосқан қайраткер тұлғалар болады. Тәуелсіз мемлекеттің негізін қалаған ұлтымыздың ұлы перзенті Н.Ә.Назарбаев дәл сондай қайталанбас алып тұлға.
Осыдан 29 жыл бұрын Тәуелсіздігіміз жарияланды. Көк байрақ көкте желбіреп, егемен ел атандық, мемлекеттік шекара шегенделді. Қазақстанның мерейі әлемде жоғары бағаланады.
Осынау барлық игі істердің алтын арқауы да, асыл қазығы да өмір бойы елі мен жерін сүюдің өлшеусіз өнегесін көрсетіп келе жатқан біздің Елбасымыз Қазақстан Республикасы ел Президентінің басшылығын экономикасы қуатты, саяси жүйесі тұрақты мемлекет ретінде қалыптасты. Біз мұны ерекше мақтан тұтамыз. Елбасымыз Ұлт Көшбасшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевқа деген халқымыздың ыстық ықыласы мен зор сүйіспеншілігінің нақты көрінісі деп білеміз.
Толайым табыстарға ең алдымен, Ұлт көшбасшысы Н.Назарбаевтың тұлғалық қасиеттерінің арқасында қол жеткіздік. Дәлірек айтсақ, оның кемеңгер көрегендігі, мемлекет алдына ұлы мақсаттар қоя білуі және оларға қол жеткізу жолында бүкіл халықты біріктіре білуі еді.
Рахымжан САТАЕВ,
ауданның «Құрметті азаматы», Жетітөбе ауылдық
округінің ардагерлер
кеңесінің төрағасы.
Кәріқорған ауылы