Basty bet
Картоп – екінші нан
Аудан шаруашылықтары үстіміздегі жылы 2543 гектарға картоп отырғызып, бүгінгі таңда барлық ауылдық округтерде картоптың түйнегін жинау науқаны басталып кетті. Барлығы жиналған 955 гектардан орташа 210-225 центнерден өнім алынуда, бұл өткен 2018 жылдың өнімімен салыстырғанда әлдеқайда төмен.
Нұрлыкент ауылына қарасты «Зылиха» шаруа қожалығында үшінші күні картопты қазып, жинап жатыр екен. Шаруашылық биылғы жылы 93 гектарға дақылды егіп өсірген.
-Бұл егістік 6 гектарды құрайды. Өнім төмен – әр гектарына 130-150 центнерден болып жатыр, ол, бәлкім, ауа райының қолайсыздығынан болар. Алайда біз барлық агротехникалық талаптар бойынша жерді айдап, өңдеп, екінші репродукциялы картоптың Қарағандыдан алынып келген голландиялық тұқымының «крона» түрін ектік. Картопты қажет мөлшерде Көксай каналының суымен 5-6 реттен суғардық,- дейді шаруашылықтың бас есепшісі Данияр Байбатыров.
Картопты жинауға 12 қыз-келіншек тартылған. Олар картопты үшке бөліп жинауда: ірісін контейнерге, орташасын қапқа тиеп және ең ұсағын бөлек жинап артып жатыр.
Механизаторлар Дидар Исабаев пен Нұрлыбек Сұлтанханұлы картоптың сабағын орып тастап, қазып өтіп жатыр. Қазылған картопты жинап жатқан әйелдердің артынан звено жетекшісі Бақыткүл Қадырова бақылау жасап, олардың жұмысына баға берді.
– Бұл әйелдер бүгін бірінші күні шықты. Екі күн бұрын Түлкібас ауданынан келген қыз-келіншектер жұмыс істеген, бір күннен кейін олар келмеді, өйткені ол аймақта картоп өспегендіктен олар үшін бұл кәсіп үйреншікті емес. Ал біздің ауданның әйелдері мұндай ауыр жұмысқа үйренген. Істеген жұмыстарына әр адамға шаруашылық басшысы күніне 2500 теңге төлейді және бір шелек картоп алуға рұқсат етіледі. Ертең жұмысқа шығатын әйелдер саны 30-40-қа жетеді. Бүгін бәріне хабарлап жатырмыз,- деді звено жетекшісі.
Толған контейнерлерді Түктібай ауылының механизаторы Мейірман Оралбаев тракторының кранымен көтеріп, «ЗИЛ» автомашинасына салып, артып жатыр. Ал аспаз егістікте тұрған вагонда тамақ пісіріп, «титанға» шәй қайнатып, жұмысшылардың түскі асын дайындауда.
Картоп алқабында жиын-терім жұмысы қызу жүріп жатыр. «Зылиха» ШҚ басшылығы шаруашылықтың басқа алқаптарда өсірілген Қарағанды және Алматыдан сатып алынған картоптың «Наташа», «Мирас» сорттарынан тұқымдардан жоғары өнім алуды күтуде.
– Ол тұқымдар бірінші және екінші репродукциялы, өнімі жоғары болады деп үміттенеміз. Әзірше жинаған картопты Түктібайдағы картоп қоймасына жинап жатырмыз. Оның қаншасын сатамыз, ал қаншасын тұқымдыққа қалдыратынымызды ақылдаса шешеміз,- деді бас есепші.
Біз одан кейін «Зылиха» шаруа қожалығының плантациясына жақын орналасқан Түктібай ауылына қарасты Әлім Досыбаев басқаратын «Мәди» шаруа қожалығының картоп егісіне келдік. Картоп жинаушылардың бригадирі Шолпан Базаровамен сұхбаттастық:
– Бұл жердің көлемі 18 гектар. Картопты бүгін 21 қыз-келіншек жинауда. Бір-екі күнде Жаңаталапта күнбағысты жинап болғаннан кейін ол жақтан 20-30 әйел келіп қосылады. Жинаушылардың күніге табатыны 2500 мың теңге және бір шелек картоп алады,- деді бригадир.
Жалпы шаруашылық картопты 65 гектарға еккен. «Жинау науқаны үш күн бұрын басталған. Өнім өте төмен», деді егістік басында жүрген шаруашылық жетекшісінің көмекшілері Олжас Болысбек және Рамазан Сейітқасымов. Олар жаз бойы картопты суғарып, күтіп-баптауға көмек берген.
-Біз судың тапшылығынан үш рет-ақ суғардық. Ауа райының ыстығынан болу керек, картоп жақсы дамымаған. Бұл егістің орта өнімділігі айналымына 80-100 центнерден болып тұр. Картоп түйнегі өте ұсақ. Оған қарамастан, біз ірісін аудан орталығындағы базарға шығарып сатып отырмыз, ал орташасын Ақтөбе ауылындағы жалға алған қоймаға төгіп жатырмыз,- деді олар.
Шаруалар картопты жинайтын адамдарға мұқтаж екенін жеткізді. Бұрынғыдай ауыл-ауылдардан әйелдер жинауға ұмтылып талпынбайды. Алайда шаруалар еңбектеніп өсірген өнімді шашпай-төкпей уақтылы жинап алуға тырысуда.
Гүлмира Дембаева.
Суретті түсірген
Сәбит Күзембаев,
«Жаңа өмір»