Basty bet

«ҚЫС ШАНАҢДЫ ЖАЗ САЙЛА»

Қошқарата өңіріндегі әлеуметтік-мәдени объектілердің қысқа әзірлігі пысықталды

Қоңыр күздің алғашқы айы аяқталып қалса да, күн райы әзірге пәлендей суыту белгісін сездіре қойған жоқ. Былтыр осы мезгілде қыс өзінің бір қаһарын байқатып қалса, биыл шуақты болып тұр. Дегенмен, бұл қысқа қамсыз отыру дегенді білдірмейді.
Облыс әкімінің 2019 жылдың 13 наурызындағы №70 өкімімен бекітілген жұмыс алгоритміне сай аудан әкімі Нарбай Ергебеков аптаның соңғы жұмыс күнін шалғайдағы Қошқарата ауылдық округіне арнап, өңірдегі жаңадан салынып жатқан объектілердің құрылыс барысымен, білім, мәдениет, денсаулық сақтау мекемелерінің жұмысымен, тыныс-тіршілігімен танысып, қысқа әзірлігін пысықтады.
Аймақ басшысы өңірге жұмыс сапарын Ақтасты ауылынан бастады. Мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде заманауи үлгіде салынып жатқан медициналық пункт сай қуалай орналасқан шағын ауылдың ажарын ашып-ақ тұр. Мердігер компания «АКМ групп» ЖШС бұдан басқа ауданның төрт елді мекенінде дәл осындай медпункттің құрылысын жүргізуде. Серіктестіктің құрылыс инженері Кәмілхан Әбиевтің айтуына қарағанда, барлық объектілердегі құрылыс-монтаж жұмыстары бір кестемен келе жатыр екен, ішкі бөлмелердің ақырғы әрлеуі аяқталуға жақын. Мұнда төрт құрылысшы жұмыс істеуде. Нарбай Әбілқасымұлы медициналық пункттің төңірегінің абаттандырылуын, су және жылу жүйелерін, сыртқы және ішкі әрлеу жұмыстарының сапасын көрді.
Ақтасты бастауыш мектебі 1940 жылы салынған ыңғайластырылған екі қосалқы ғимаратта орын тепкен. Білім ошағында 28 бала оқиды, оларға бес ұстаз білім беруде. Аудан басшысы аудан әкімдігі білім бөлімінің басшысы Мәжит Айжанов пен мектеп меңгерушісі Салтанат Сәулембаеваның бастауымен сыныптарға кіріп, оқушылардан өтіп жатқан сабақтың тақырыбын сұрап, оны қаншалықты меңгергенін байқады. Мектептің екінші қосалқы ғимаратының шифер жабыны ескіргендіктен, төбесінен су ағады, оны ауыстыру қажет. Су құбыры жүргізілмеген.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков келесі кезекте Қызтоған ауылындағы Сәбит Мұқанов атындағы бастауыш мектептің де жағдайымен танысты. 60 жылдық тарихы бар, қабырғасынан елімізге танымал талай тұлғалар түлеп ұшқан білім ордасында бүгінде 17 бала білім алады, алты мұғалім, жеті шаруашылық қызметкері жұмыс істейді. Мектепте үш компьютер бар. Нарбай Әбілқасымұлы мұнда да сыныптарды аралап, сабақ барысын көрді. Мектеп меңгерушісі Ләззат Бердалиева көмір қоймасына қатты отынның жеткілікті көлемде жеткізілгенін, жылу қазандығының қалыпты жұмыс істейтінін айта келе, білім ошағындағы басты проблема судың жоқ екенін жеткізді.
Қызтоған медициналық пунктінде аймақ басшысы оның құрал-жабдықтармен жарақталуына, ғимараттың жылу жүйесіне назар аударды. Медбике Такура Науановадан шалғайдағы денсаулық сақтау мекемесінің жұмыс жағдайын сұрастырды, проблемаларына қанықты.
Қошқарата ауылындағы «Дәурен ата» атындағы мешіт 2005 жылы ашылған. Құлшылық ордасының төңірегінде, іші мен сыртында жинақылық пен мұнтаздай тазалық көзге ұрып тұр. Ауласындағы құлпырған гүлдер көздің жауын алғандай. Мешіттің бас имамы Нұрмахан Таңатаров мешіттің жұмысы мен аймақтағы діни ахуал туралы хабардар етті. Нарбай Әбілқасымұлы имамның назарын жамағаттың, елдің арасындағы сыйластықты, уыздай ұйыған ынтымақты сақтауға аударды. Күн жұмаға тұс келгендіктен, Құраннан бір аят оқылып, сауабы Қошқарата әулиеге, осында өткен барша жәми әруақтарға бағышталып, Алладан Отанымыздың тыныштығы мен жамағаттың ауызбіршілігі сұралды.
Сонымен қатар аудан басшысы Абай атындағы орта мектепке де аялдады. 2016 жылы сәулеті мен сәні келіскен ғимаратқа көшкен мектеп қабырғасында ұлы Абайдың келесі жылы елімізде кең ауқымда аталып өтетін 175 жылдық мерейтойына дайындық бүгіннен басталып кеткен. Фойеде ақынның өмірі мен шығармашылығына арналған тұтас көрме жасақталған. Нарбай Әбілқасымұлы сала басшысы Мәжит Айжановпен және мектеп директоры Жанар Өтегеновамен бірге бастауыш сыныптарды, мультимедиа кабинетін, спортзалды аралап, олардың жабдықталуына, безендірілуіне көңіл аударды. Асханада оқушыларға ұсынылатын тамақ рационымен, ас мәзірімен танысты. Қазандықты, көмір сақталатын қойманы көргенде, қысқа жағылатын көмірдің әлі жеткілікті көлемде жеткізілмегеніне көз жеткізді. Сала басшысына сол арада қатты отынның жетпейтін көлемін тез арада жеткізуді қадағалауды тапсырды.
50 орындық «Қошқарата» бөбекжай-балабақшасы ауданда алғаш ашылған мектепке дейінгі тәрбие ошағының бірі. Бөбекжай-балабақша ыңғайластырылған ғимаратта орналасқандықтан, жүйелі жөндеуді қажет етеді. Мекеме басшысы Меруерт Сембиева мердігердің салғырттығынан ғимаратты жөндеу жұмыстарының тоқтап тұрғанын айтты. Айтса айтқандай, кіреберістің қабырғасы құлап жатыр, ол пластиктен жасалуы тиіс екен. Сондай-ақ ғимараттың сырты темір жабынмен жабылуы тиіс. Нарбай Әбілқасымұлы бөбекжай-балабақшаның бөлмелерін аралай келе, музыка сабағы өтіп жатқан залға аялдап, тәрбиеленушілердің өнерін тамашалады. Бүлдіршіндер би билеп, суырылып тақпақ айтып берді.
«Қошқарата» дәрігерлік амбулаториясы өткен жылдың соңында Тұңғыш Президент күніне орай ашылған жаңа ғимаратта қоныстанған. Аудан әкімі Нарбай Әбілқасымұлын амбулаторияның жұмысымен, еңбек ұжымының тыныс-тіршілігімен аудандық орталық аурухана бас дәрігерінің орынбасары Нұрбай Ергебеков таныстырды.
Аймақ басшысының Қошқарата ауылдық округіне жұмыс сапары Қошқарата ауылдық мәдениет үйінде өткен тұрғындар жиынымен қорытындыланды. Кездесуде ауылдық округ әкімі Жәнібек Мырзалиев өңірде жыл басынан бері атқарылған шаралар туралы баяндады.
Баяндамадан кейін Нарбай Әбілқасымұлы сөз алып, тұрғындарды ашық пікір алмасуға шақырды. Ауданда облыс әкімі Асқар Мырзахметовтің қолдауымен тұрғындардың тұрмыстық табысын арттыру мақсатында қолға алынғалы отырған «қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының жай-жапсарын мәлім етті. Жұртшылықтың назарына бағдарламаның басты мақсаты ауылда жұмыссыз жүрген азаматтарды жұмыспен қамту, әлеуметтік жағдайын жақсарту болып табылатынын жеткізуге тырысты.
Аудан әкімі Нарбай Ергебеков Қошқарата ауылдық округінен қайтар жолда Боралдай ауылдық округінің орталығы – Көлтоған ауылында аялдап, ақпараттық-цифрландырылған орталықтың ашылу салтанатына қатысты. Ауылдық мәдениет үйінің көркемөнерпаздары орталықтың ашылуына орайластырып шағын концерттік бағдарлама ұйымдастырыпты. Онда ауылда құрылған Аналар ансамблі өнерін ұсынды. Ансамбль ұжыры ортақ дауыспен Отан, туған жер туралы әндерді әуелетті. Ұлағатты ұстаз Әлия Жақсыбекова «Ұлы Даланың жеті қыры» атты өлеңін оқып берді.
Көлтоған ауылындағы ақпараттық-цифрландырылған орталық – ауданда биыл ашылған тоғызыншы орталық. Орталықтың лентасын қию құрметіне аудан әкімі Нарбай Ергебеков пен ауылдық округ ардагерлер кеңесінің төрағасы Мақсатбек Байболов ие болды. Әжелер тәттіден шашу шашып, жұртшылық ішке енді. Орталық төрт компьютермен, көбейту-көшірмелеу жабдығымен жарақталған. Компьютерлер Интернет желісіне қосылған. Келушілерге кітапханашы Сайлаукүл Оразходжаева қызмет көрсетеді. Орталықта келушілер кітапхана қызметін алумен бірге түрлі цифрлық қызметтерге де қол жеткізетін болады. Мәселен, баланың тууын тіркеу туралы өтініш беру, бала туғанда берілетін және бала күтімі жөніндегі жәрдемақы тағайындау, баланы балабақшаға кезекке қою сынды қызметтер. Одан бөлек, оқушылар компьютерлердің көмегімен сабаққа қажетті ақпаратты, құжаттарды да осы орталықтан ала алады.
Нарбай Әбілқасымұлы тұрғындардың бұдан былай түрлі анықтамалар алу үшін аудан орталығына сабылмайтынын айта келе, орталықтың халықтың игілігіне қызмет етуіне тілектестігін білдірді.
Абылайхан СӘРСЕН,
Суреттерді түсірген автор.
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close