El іshі

Жақсылыққа жаны жақын жастар

Шақпақ ауылдық округіне қарасты Ынтымақ елді мекені тұрғындарының қашанда ынтымағы жарасқан, бірлігі бекем ауылдардың қатарынан көрінуде. Олардың ауызбіршілігі, ұйымшылдығы әр кезде бір-бірінің жанынан табыла білетіндерінен байқалады.
нтымақ ауылының кіреберіс тұсында ең бірінші көзге түсетін ғимараттың бірі – Алланың үйі – мешіт. Ауылымыздың тұрғыны Үрзән Саябекова Алла разылығы үшін тұрғындарға мешіт салуды 2007 жылы жаз айында бастап, 2008 жылы қыркүйек айында пайдалануға берген еді.
Алла разылығы үшін сауапты іс жасаған Үрзән Саябекқызы қазіргі уақытта отбасымен Шымкент қаласында тұрып жатыр. Ауылға жасаған бұл жақсылығы үшін көпшілік әр кезде дұға жасап, Үрзән Саябекқызының отбасына амандық, денсаулық тілеп отырады. Міне, бүгін сол мешіттің пайдаланылуға берілгеніне он бір жылдан астам уақыт өтті. Осы уақыт ішінде мешітіміздің ішінен талай жастар діни сауаттылығын ашып, білім алды. Алланың үйінен білім алған жандардың арасында бүгінде ислам дінінің алғашқы негізін үйреніп, құран оқып, намазға жығылғандар көп.
Мешітімізде арнайы діни білім алған имам Ермек Жамашев жұмыс істейді. «Дін насихаттан тұрады» деген қағиданы ұстанатын молда Алланың үйінде намаз өткізіп, жас жұбайлардың некесін қиып, уағыз айтады, мешітке демеуші қарастырады.
Аға буын өкілдерінің өнегелі жолын бүгінгі ауыл жастары үлгі тұтады. Ұйымшылдығы талайға үлгі ауыл тұрғындарының ауыз толтырып айтарлықтай жарқын істері де көпке үлгі. Ағымдағы жылдың шілде айында ауыл имамының өтінішімен мешітке 1985-1986 жылғы туған ауыл азаматтары су жүргізіп берді. Олар алдағы уақытта дәрет алатын орын соғып бермек ниетте. Енді, міне, араға айлар салып, Ынтымақта өткен бір жиында ауыл жастары, атап айтар болсақ, 1988-1989 жылы туған азаматтар өзара пікірлесе отырып, мешітке талай жылдар бойы өзекті мәселе болып жүрген жылу жүйесін жүргізуді ақылдасып, керекті қаржыны жинаған болатын. Жиналған қаржыға осы күндері мешітке жылы еденімен бірге жылу жүйесі кіргізілуде. Қайнаған қызу еңбектің басы-қасында Дархан Есіркепұлы мен Асхат Бағланұлы, ортасында қолына керекті құрылғысын, күрегін ұстаған ауыл жастары жүр.
Мешіт салу, құрылысына атсалысу, кем-кетігін бүтіндеу, жалпы қандай да болса көмек беру – берекелі əрі жəннатқа жеткізер мол сауап. Алланың үйіне көңіл бөлушілер көбейіп келеді. Бұл – қуантарлық жайт. Игі іс өзгелерге де үлгі болса, нұр үстіне нұр. Бір күндік тойдан, екі дүниеде де үзілмес сауап жиған абзал. Ауыл ақсақалдары мен мешіт имамы ауыл жастарына ризашылығын білдіріп, ақ батасын беруде.

Ақжан Ахметов,
Шақпақ ауылдық округінің жастар ісі нұсқаушысы

Таңдаулы материалдар

Close