El іshі

Мол өнім алу мақсатында еңбек етуде

Көктем келісімен-ақ жердің беті бусанып, тіршілік тынысы сезіле бастайды. Осынау жайма-шуақ көктемнің күндерінде дала төсінде төлдеген түліктің төлі жамырап көктеудегі қораға көрік беріп, уда-шу болып жатса, егіс алқаптары гүрілдеген техникалардың үніне толып, қызу еңбек қайнайды.

«Үт кірді, үтпен бірге құт кірді» дегенді қазақ бекер айтпаған. Бұл сөздің төркінін диқандар қауымы терең түсінеді. Ерте көктемде қапы қалмай қамданса, жер-ана қыртысына тастаған бір дәніңіз ертеңгі күннің азығы болары айдан анық. Осыны дер кезінде пайымдаған жуалылық диқандар көктем келісімен соқаларын дала төсіне шығарады.
Аудан әкімдігі ауыл шаруашылығы бөлімінің мәліметінше, диқандар көктемгі егіс дала жұмыстарына ауыл шаруашылығы техникалары толық дайындық жасаған. Дегенмен біздің аудандағы мұндай тіршілік тынысы өткен айдың толассыз жауған жаңбыры басылған соң енді ғана басталуда.
Ауданның шығыс беткейінде орналасқан Ақтөбе ауылдық округіне барар жолдағы егістік алқаптарында диқандар күннің жылуын дер кезінде пайдаланып, жер жыртып, егін егуге асығуда. Мұны біз осы елді мекенге жасаған жұмыс сапары барысында анық аңғардық. Қызыларық ауылдық округін артқа тастап, Жаңаталап ауылына жақындағанымызда елді мекенге кіреберіс маңда жаңа МТЗ-82 маркалі тракторын тізгіндеген механизатор жер жыртып барады. Кең жазықта созыла жатқан егіс алқабындағы жер жыртып жатқан трактордың соңында қарақошқылданып домаланған бұйра-бұйра жал болып, жыртылған жер ирек-ирегімен қалып жатыр.
Ал жол бойында «Азамат» шаруа қожалығының мүшесі Қайырғазы Әбиұлы алқаптағы жұмысты бақылап тұр. Біз дала төсіндегі бұл қызу еңбекті жолай байқап, жанына тоқтап, шаруаны әңгімеге тарттық.
-Шаруа қожалық ағайындылардың, яғни әулетіміздің шешімімен бірігіп, 1997 жылы төрт мүшемен құрылған. Иелігімізде 45 гектар егістік жері бар. Қожалықтың басшысы Алпамыс Мұхтарқұлов. Қожалықтың иелігінде техника жоқ. Сондықтан көбінесе ауылдағы «Абзал» шаруа қожалығының төрағасы Қуат Тойшыбековтің техникаларын жалға алып, жұмысымызды бітіріп аламыз. Биыл көктемгі жұмыс жылдағы уақыттан 10 күнге кеш басталып отыр. Бірақ, көктем жаңбырлы болғаны жерге ылғалдың жақсы түскендігін білдіреді. Егініміз бітік шығып, биыл берекелі жыл болады деп сеніп отырмыз.
Мына жыртылып жатқан жерге жоңышқа ұрығын себеміз деп жоспарлап отырмыз. Жерді күзде айдап қойғанбыз. Күзгі сүрді қазір механизатор дискілеп, малалайды. Бұл алқаптағы 3,5 гектарға жоңышқа себілетін болады. Өткен жылдары бұл жерге кезегімен күнбағыс, картоп егіп, арпа сепкен болатынбыз. Былтыр арпаны гектарына 25 центнерден алдық. Биыл бұл жерді төрт жылға демалдырамыз деп шештік. Одан кейін бес гектарға арпа себіліп, сегіз гектарға жаңа эспарсет егеміз. Қалған жерлерде өткен жылы егілген эспарсет бар.
«Күз айда, күз айдамасаң жүз айда» деп аталарымыз бекерге айтпаған ғой. Күзде айдаған жерде ылғал жақсы сақталады. Жерді қарасаң, күтсең, жақсы өнімін аласың. Шүкір, иелігіміздегі жерге жақсы қарағандықтан жыл сайын молынан өнім алудамыз, – дейді Қайырғазы Әбиұлы.
Даланың төсін дүбірге бөлеген диқандар көктемінің қолайлы күндерін тиімді пайданалып, мол өнім алу мақсатында еңбек етіп жатқан жайы бар.
Тракторды тізгіндеген тракторшы Әділхан Момыналиев жауапкершілік танытып, өз жұмысын тиянақты орындауда. Күн қағып қоңырқай тартқан оның жүзінен өз ісіне деген сүйіспеншіліктің табы анық байқалады.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Беттегі суретті түсірген
Сәбит Күзембаев

Таңдаулы материалдар

Close