El іshі
Ақын мұрасы насихатталды
«Әдебиетіміздің негізіне қаланған
бірінші кірпіш – Абай сөзі,
Абай аты боларға керек…
Ең жоғары, ардақты орын – Абайдікі».
Міржақып Дулатов
Қазақ халқының ұлы перзенті Абай небәрі 59 жыл өмір сүрген. Биыл ақынның туғанына 175 жыл толып отыр. Бүгінде ұлы ақынды туған жерінде ғана емес, тәуелсіз Қазақстанның әр аймағында, ауылда, қалада, күллі түркі әлемінде барша әдебиетшілер, өнерсүйер, әдебиетсүйер қауым еске алады.
№22 Б.Момышұлы атындағы орта мектепте директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ләйла Жолболдиева және педагог-ұйымдастырушы Рамазан Пешеновтың ұйымдастыруымен Абайдың 175 жылдық мерейтойына орай «Ұлылардың ұлысы – Абай Құнанбайұлы!» атты әдеби-сазды кеш өткізілді. Кештің басты мақсаты – данышпан ақын Абайдың өнер-білім туралы өсиеттерін, өлеңдерін паш ету. Білім алушылардың, оқырмандардың қазақ поэзиясына деген сүйіспеншілігін арттыру. Қазақтай дана, Абайдай дара елдің ұрпағы екендіктерін сезіндіре отырып, өз елінің патриоты болуға тәрбиелеу.
Қазақта ақын да, данышпан да көп. Дегенмен, Абайды ұлттық жазба әдебиетіміздің атасы деп таниды. «Ұлы ақынның шығармалары бүгін де өзектілігін жоғалтқан жоқ. Абайдың ой-тұжырымдары баршамызға қашанда рухани азық бола алады…». Бұл туралы Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты көлемді мақаласында да айтылды. 175 жыл бұрын қазақ халқына Күн секілді туған ұлы тұлға – Абайдың бүгінгі ұрпақтар үшін маңызды, әрі өзекті екенін көрсетеді.
Іс-шара барысында Абай туралы шағын бейнефильм көрсетілді. Шын аты Ибраһим болғанымен ұлы ақын өмір бойы анасы берген «Абай» атымен танылды емес пе?! Ұлы ақынның артына қалдырған еңбектерін жас ұрпақтың санасына жеткізіп, асыл қасиеттерін бойына сіңіру әркімнің де парызы. Осы мақсатта аталған іс-шараға мектептің оқушыларымен қатар ұстаздар қауымы да, басқа да қызметкерлер белсене атсалысты. Оқырмандарға Абайдың жүріп өткен өмір жолының белестерін көріністер арқылы баяндай отырып, шығармашылықтарынан мәнерлеп өлендер оқылды, қара сөздері тыңдалды. Тамаша өлеңдер мен қара сөздер қалдырған Абай тек қана ақын емес, композитор және өз өлеңдерін орындаушы екенін әрбір оқушы біледі. Кеш барысында мектеп оқушыларынан құралған «Бозінген» домбыра үйірмесінің орындауында күйлер орындалды. 8 сынып оқушыларының орындауында «Желсіз түнде жарық ай» әні айтылса, бір топ ұстаздар «Көзімнің қарасы» мен «Қараңғы түнде тау қалғып» әндерін шырқады.
«Құнанбай үшінші ұлының атын Ибраһим деп арабшалап қояды. Ибраһим – Мұхаммед пайғамбардың ұлы атасы, өзі де пайғамбар атағын алған адам екен. Құнанбайдың шешесі Зеренің жас немересі Ибраһимға қатты мейірі түсіп Абайжан деп атап кетеді …» осы бейнелерді мектеп ұстаздары мен оқушылары сомдап «Абайдың балалық шағы» көрінісін көрермендерге тарту етті. Елдің басынан өткен тарихи оқиғалар зерделі бала Абайдың санасына біртіндеп сіңе берді. Осылайша, бала Абай өз халқының рухани ой қазынасына қанығып өсті. 15 жасында әке бұйрығымен оқуды тоқтатып, елге қайтқан Абайды ел ісіне араласуына лайық көрген әкесі Құнанбай мен жас Абайдың бейнесін «Елге оралу» көрінісінен көрсетті.
Ақын, композитор Абай дарынына қанат бітірген, ән нәрімен сусындатқан орта қандай еді? Оның композиторлық өнерінің бұлақ бастауы қайда? Әндерінің сипаты мен тақырыбы қандай? «Абай жолы» романының үшінші кітабындағы «Абай аға» бөлімінен алынған үзіндіні 8,9,10 сынып оқушы ұлдары «Абай аға» көрінісінде көрермендерге Абай мен оның достарын, кей ақын-әншілерді атап айтқанда, Ақылбай, Мағаш, Кәкітай, Дәрмен, Ербол мен Баймағамбетті сомдап танытты. Сол кездегі жастардың өлең-жырға деген сүйіспеншілігін төрт шумақ өлеңді жарыс түрінде айтып, төрт ақын болып іліп-қағып айтатын бір дәстүрді, «Еңлік-Кебек» жырын жазуға құлшынған жастарды бейнелеп үлгі етті.
«Абай жолы…» көрінісінде алты жасар Мұхтардың күллі жан дүниесін сілкіп алған бір құдіретті күшке-әсерге тап болғанын баяндайды. Ол Мұхтардың Абайды өз көзімен көруі, алғашқы әрі соңғы көруі… «Абай шыққан қырға шығып, Абай түскен ойға түсіңдер. Шіркіннің енді жүзін көру жоқ, ең болмаса басқан ізін барлап қайтыңдар, не аңғарар екенсіңдер. Абайдың жүрген жолын аралап қайтыңдар» – деп атасының Абайды ақырғы сапарға шығарып саларда немересін ақынның күрең төбел құнанына мінгізіп тұрып айтқан ақылы Мұхтардың ғұмырлық тіршілік сапарына берілген бата екенін көріністен аңғаруға болады. Сол күннен бастап соңғы тынысына дейін тек Абай жолымен жүріп келген Мұхтар Әуезовтің өмірінің соңғы 20 жылы ұлы ақын Абайды тірілтуге арналған екен. «Абай» романы – мәңгілік кітап, Ұлы эпопея.
Кеш соңында аудандық білім бөлімінің әдіскері Бақытгүл Полатова сөз алып, іс-шараның қазақ әдебиетінің көшбасшысы Абай Құнанбайұлының тағылымынан, өмір жолынан мазмұнды ұйымдастырылғанына тоқталып, қатысушы оқушылар мен ұстаздарға ризашылығын білдіріп алғыстарын жеткізді. Абай өмірінің қыр-сырымен таныстырған әдеби кештің мектеп оқушыларына берер тағылымы мол болғаны анық.
Ұлы ақынның мерейтойына орай ұйымдастырылған кешті қорытындылаған мектеп директоры Руслан Сайлаубаев: -Абай шығармашылығымен танысу сананы оятып, ойға ой қосады, жаңа көңіл күй мен сезімге бөлейді, асыл армандарға жетелейді, өзіңді өзің талдап тазаруға итермелейді»,- дей келе, біз Абайдың кейіпкерлерінен өзімізді тауып танымайынша, толыққанды мемлекет, дамыған азаматтық қоғам ретінде ешқашан қалыптаспаймыз. Абайдың кейіпкері емес, оның оқырманы болуға ұмтылуға тиіспіз. Тек осы жағдайда ғана біз таза, адал қазақ ұлты боп қала алармыз. Ғұлама ақын, ойшыл Абайдың мұрасын жаңаша ұғыну әрі қарай жалғаса беретіндігін атап өтті.