El іshі
“Әр баланың өз несібесі бар”
Көпбалалы отбасы – береке-бірліктің үйлескен ұясы. Адамзат тарихында есімі елге танылған тұлғалардың көпшілігі көпбалалы отбасында дүниеге келген. Себебі, көпбалалы отбасында өскен бала бауырмал, мейірімді, көпшіл, еңбекқор болып есейді. Қазір көпбалалы отбасын көрсек жасыратыны жоқ бірінші оның бәрін қалай асырайды деген сауал туындайды. Алайда әр баланың өз несібесі бар. Көпбалалы отбасына үкімет тарапынан да көмек – қолдаулар бар.
Ауданымыздағы көпбалалы отбасының бірі, Көлбастау ауылының тұрғыны Наиля Байысбаева.
Наиля Мүслімқызы 1987 жылы Қосмұрат ауылында туған. Ұлты – әзірбайжан. Ауылдағы Т.Рысқұлов атындағы орта мектепті 9 сыныпқа дейін оқып, әрі қарай Ақбастау ауылындағы №16 колледжіне бухгалтер мамандығы бойынша оқуға түседі.
Наиля 2007 Көлбастау ауылындағы қазақ отбасы Байысбаевтар әулетіне келін болып түседі.
Бүгінгі таңда ол «Күміс алқа» иегері, жеті баланың анасы. Енді, «Алтын алқаға» құжаттарын тапсыруда.
-Көпбалалы отбасында әр баланың өзіндік орны бар. Бірі су тасыса, бірі малға қарайды, бірі үй шаруасына көмектеседі, яғни, әр бала жастайынан еңбекке үйренеді. Еңбек арқылы бір-біріне үлгі болады әрі жауапкершілікті сезіне бастайды.
Өзім ата-анама қазақ жігітіне тұрмысқа шығамын деп айтқанымда, олар мені бірден қолдап, ешқандай қарсылық көрсетпеді.
Мен келін болып түскенде жолдасымның анасы қайтыс болған екен. Біз қайын атамызбен бірге тұрдық. Жолдасымды нағашы апасы тәрбиелеген. Біз отау құрғанда жолдасым ауданға қарасты әскери бөлімде жұмыс істеді. Уақыт өте денсаулығына байланысты, жұмыстан шығып, қазіргі таңда әртүрлі жұмыстар істейді.
2018 аудан орталығындағы «Nurai Plaza» бизнес орталығында тырнақ, қас сәндеу бойынша оқып, сертификат алып, сұлулық салонда бір жылдай жұмыс жасадым. Ол да болса әжептеуір көмек болды. Бірақ қазіргі таңда бала күтіміне байланысты демалыстамын.
Ауылдық округ әкімдігі мамандарының кеңес беруі арқылы қажетті құжаттарды жинап, атаулы әлеуметтік көмекке қол жеткіздім. Мемлекет тарапынан берілетін көмек отбасымызға үлкен қолдау болып отыр.
Мұның алдында балалардың санына байланысты азын-аулақ жәрдемақы алатынбыз. Үкімет тарапынан жаңадан қолға алынған атаулы әлеуметтік көмек жүйесі біз сияқты көпбалалы отбасыларға көрсетіліп отырған көмек.
Нарықтық заманның талабына байланысты қазіргі таңда барлық нәрсенің бағасы шарықтап кеткені жасырын емес. Мен өткен жылы АӘК арқылы аудандық жұмыспен қамтуға құжаттар өткізіп, шілде айында 555 600 мың теңге көлемінде қайтарымсыз грант иегері атандым.
Алған қаражатыма 14 тоқты алдым,-дейді Наиля Мүслімқызы.
Көлбастаулық көпбалалы отбасы Нұржан Байысбаев пен Наиля Мүслімқызының шаңырағында жеті бірдей ұл мен қыз желкілдеп, өсіп келеді. Олардың ең үлкені Болат тоғызыншы, Қасымбек жетінші сыныпта оқиды. Екеуі бокс үйірмесіне қатысады. Ал, Диляра, Меруерт, Сабырбектің жастары шамалас. Аралары бір-екі жастан. Бірі бесінші, бірі үшінші, бірі бірінші сыныптарда оқиды. Ал, Ибрахим төрт жаста. Бұл отбасының сүт кенжесі Аиша екі айлық.
Адам баласы өмірді отбасы арқылы тани бастайды, яғни ең маңызды базалық танымды отбасынан алады. Ата-анасы, бауырлары баланың өмірінде үлкен рөл атқарады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі,» – деп бекер айтылмаса керек. Отбасы – баланың эмоционалды, рухани құндылықтарды бойына сіңіретін ортасы. Ата-анасы балаға тәлім-тәрбие береді, жақсы мен жаманды, адамдармен қарым-қатынас жасауды үйретеді. Басқа сөзбен айтқанда, отбасы – үлкен өмірге дайындайтын мектеп. Ал, көпбалалы отбасы болу – үлкен қуаныш.
Баян Тұрсынқұлқызы,
«Жаңа өмір»