El іshі
Тұтынушылары дән риза
Мақсары өсімдігінің біздің елімізде өсіріліп, өнім алына бастағанына көп уақыт бола қойған жоқ. Соңғы жылдары жерсіндірілді. Одан алынатын негізгі өнім – асқатық май. Бағасы да анау айтқандай қымбат деп айта алмайсыз. Мақта майынан арзандау болып келеді. Бұл дақыл негізінен еліміздің оңтүстігінде өсіріледі.
Мақсары дақылы аудан аумағындағы бірқатар өңірлерде өсірілуде. Тіпті құнарсыз деген жердің өзінде де мақсары өсіру қолға алынуда. Ең жоғары түсім гектарына 7 центнер екенін ескерсек, соңғы жылдары құрғақшылық болуына байланысты бұл көрсеткіш біршама төмендеп отыр.
Көптеген елдерде қымбат бағаланатын мақсары өнімдері өзімізде таңсық болғандықтан, көпке дейін қолданылмай келді. Халық оның пайдасын жете түсінгеннен кейін ғана нарықта сұраныс та арта түсті.
Жеке кәсіпкер Гульчахра Исмаилова ширек ғасырдан бері аудан орталығында мақсары дәнінен экологиялық таза май шығарумен айналысып келеді. Бастапқыда орталық базардың маңайындағы үйінде шаруа қожалықтары мен жеке тұлғалардан кішігірім көлемде мақсары дәнін қабылдап жүрді. Дәнді сығып, одан мақсары майын алатын аппараты да шағын болатын. Өндірген өнімдерін күнделікті орталық базардағы сауда нүктесіне апарып, саудалап жүрді. Там-тұмдап, дүкендерге де өткізетін.
– Алғашында көпшілік біздің шығарған өнімге тосырқап қарап жүрді. Сөйтсек, мұнымыз ерекше қасиетке ие өсімдіктің пайдасын білмегендіктен екен. Кейіннен мақсары майының экологиялық таза, құнды екенін пайымдағаннан кейін ғана оны тұтынушылар қатары көбейе түсті. Біртіндеп өндіріс алаңын кеңейтіп, сапалы май шығару қажеттігі туындады.
Біз жақсы, сапалы, көп көлемде май сығатын аппарат Қытайда бар деп естідік. Содан күйеуім Рустам сол аспан асты еліне арнайы барып, шағын цехқа қажетті технологиялық желі сатып әкелді. Сол тұста біз қазіргі Бейсенбай Сафинов атындағы көшедегі үлкен үйге көшкенбіз. Жаңа құрал-жабдығымызды осында орнатып, жұмысымызды бастадық.
Шаруалардан майлы дақылдарды қабылдап немесе мақсарысын сығып, майға айналдырып беріп, халыққа қызмет көрсетеміз. Шикізат болса, өндіріс те жүйелі жүреді. Соңғы екі-үш жыл құрғақшылық болуына байланысты, мақсары алқаптарынан алынатын өнім де азайып кетті. Бұл біздің өндірісімізге де өзінің салқынын тигізуде.
Қазір төңіректегінің бәрі қымбаттап жатыр. Шаруалар тұтынатын жанар-жағармай, техникалардың қосалқы бөлшектерінің бағасы тұрақсыз. Мұның бәрі шикізат бағасына әсер етеді. Бірақ, біз бағаны барынша төмен белгілеуге тырысудамыз. Бұған дейін майдың литрін 600 теңгеден тұрақты ұстап келдік. Алайда, сол деңгейде ұстап тұруға мүмкіндік жоқ. Бағаны біршама көтеруге тура келді. Қазір литрін 800 теңгеден босатып жатырмыз. Тұрақты алатын тұтынушыларымыз бар. Тіптен, Алматыдан, басқа қалалардан арнайы тапсырыспен алып тұратын клиенттеріміз де бар, – дейді жеке кәсіпкер.
Өндіріске күйеуі Рустам мен ұлы Сухраб көмектеседі.
Гульчахра мақсары майының сапасы күнбағыс пен мақта майынан бірде кем түспейтініне сенімді. Дақылдың дәні дәстүрлі медицинада да кеңінен қолданылады. Мақсары гүлінен қайнатылған шәй бүйректі тазартады, қанды сұйылтады, қысымды төмендетеді. Дәрігерлер оны ағзадағы ас қорыту кезіндегі бұзылысатарға және басқа да аурулар кезінде қолдануға кеңес береді.
– Мақсары дәні қалдықсыз өнім болып есептеледі. Шикізат өткізген шаруа қожалықтары өз қалауына қарай, кейде майын алып, жомын қалдырып кетеді. Ал жом дегеніңіз малға қажетті нағыз азық түрі. Майы алынғаннан кейін де үлкен сұранысқа ие. Мәселен, мақсарының майынан қалған қалдықтан Иранда халуа дайындалса, Түркияда түрлі сабындар шығарады, – деді ол.
Жеке кәсіпкер жыл бойына май өндірумен шектелмей, алдағы уақытта егістік алқаптарына майлы дақылдар егуді де көздеп отыр. Қазірге таңда жеке кәсіпкер нарықтық экономикаға бейімделе отырып, майды мемлекеттік стандартқа сәйкес келетіндей, өзінің сауда маркісімен құтыға құйып шығаруда. Қазақстанда жасалған өнім осындай болуы шарт!
Абылайхан СӘРСЕН,
«Жаңа өмір»