El іshі
Жас маманнан бас маманға дейін
«Жастар тәжірибесі» – Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған «Еңбек» бағдарламасы аясындағы қолдаудың бір түрі. Себебі, оқуын енді бітіріп дипломы қолына тиген түлектердің бірден жұмысқа орналасып кетуі қиын. Сондықтан да бағдарлама түлектердің алған мамандығы бойынша бастапқы жұмыс тәжірибесін жинақтауды көздейді.
«Жастар тәжірибесі» – техникалық және кәсіптік білім беретін немесе жоғары оқу орнын бітіргеніне үш жыл болмаған және 29 жасқа толмаған жұмыссыз түлектерге арналған жоба.
Бағдарламаның шарапатын көрген жастардың бірі – Нұрислам Мәден. 2018 жылы Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетін машина жасау мамандығы бойынша аяқтап, көп ойланбастан аудандық халықты жұмыспен қамту орталығына барған.
– Жоғары оқу орнын бітірген соң «Жастар тәжірибесі» бағдарламасы аясында аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және мемлекеттік- құқықтық жұмысы бөлімшесіне жұмысқа орналастым. Бағдарлама уақытша екенін білдім. Дегенмен, жұмыс жасасам деген әрбір жас үшін алты ай мол мүмкіндіктерге жол ашары сөзсіз, – дейді ол.
Нұрислам Мәден 1996 жылы Боралдай ауылдық округіне қарасты Рысбек батыр ауылында дүниеге келген. Әкесі Нұрсұлтан Қоянбаев Тараз қаласында «Мейірім» емханасының инженері болып жұмыс жасаса, анасы Светлана Күзенбаева аудан орталығындағы №29 мектепте бастауыш сынып мұғалімі болып еңбек етеді.
Нұрислам Б.Момышұлы ауылындағы №1 мектеп-гимназияда оқып білім алған. 2013 жылы мектепті аяқтаған соң, жоғарыда атап өткеніміздей, Тараз қаласындағы М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде машина жасау мамандығында оқиды. 2020 жылы осы университетте заңгер мамандығын тамамдайды.
Жастар тәжірибесі бағдарламасымен жұмысы аяқталғаннан кейін, аудандық мәслихат аппаратында штаттан тыс қызметкер және аудан әкімдігінің тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінде бас маман болып та жұмыс жасаған.
Қызметтегі алғашқы баспалдағы осылай басталған жас маман аудандық мәслихат хатшысы Ерғали Тілеубековтен және аппарат басшысы Серік Қойбақовтан мемлекеттік қызметшінің әдебі туралы және әкімшілік жұмыстың қыр-сырын толық үйренгенін айтып, оларға ерекше алғысын жеткізді.
Ол қазіргі таңда аудан әкімі аппаратының ұйымдастыру және мемлекеттік-құқықтық жұмысы бөлімшесінде бас маман болып жұмыс жасауда.
«Жеті жұрттың тілін біл, жеті түрлі ілім біл» демекші, Нұрислам Нұрсұлтанұлы жұмыстан бос уақытында шет тілдерін, оның ішінде ағылшын тілін меңгеруде. Одан бөлек, демалыс күндері достарымен бірге футбол ойнауды да машығына айналдырған. Осыдан-ақ оның саламатты өмір салтын берік ұстанатынын және жан-жақтылығы мен білімге құштар жас маман екенін аңғаруға болады.
Айта кетейік, Нұрислам ауданның әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосқаны үшін бірнеше рет облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың және аудан әкімі Олжас Қаржауовтың Алғысхаттарымен марапатталған.
-Қазақтың біртуар ақыны Абай Құнанбайұлы «Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деген екен. Тауып айтылған сөз емес пе?! Қазіргі уақытта жұмыс істеймін, еңбек етемін деген әрбір жасқа мемлекет тарапынан барлық жағдай жасалуда. Ең бастысы, алдыңа дұрыс мақсат қойып, сол мақсатыңды жүзеге асыру жолында талмай еңбек етсең болғаны.
Армансыз адамның қанатсыз құспен тең екені белгілі. Арманым өте көп. Менің басты арманым – мемлекеттік қызметші ретінде халыққа титтей де болса пайдамды тигізу және ауданның дамып, көркеюіне өзіндік үлесімді қосып, халық сүйетін, халқын сүйетін абыройлы, беделді азамат болығым келеді, – деген Нұрислам Нұрсұлтанұлы, ата-анасының үмітін ақтап, үлгілі отбасын құрғысы келетінін де жасырмады.
Иә, «Ақылды жігіт атқа да мінер, таққа да мінер» деген екен дана халқымыз. Осы орайда Нұрислам секілді жан-жақты, ізденімпаз, еңбекқор жастарымыздың арқасында қоғамның алға жылжып, қарыштап дамуы айтпаса да түсінікті. Ендеше, белсенді жасымыздың арман-мақсаттарының орындалуына тілектеспіз.
Мақпал САМАТҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»