El іshі
Бала – өмірдің жалғасы, өзеніңнің арнасы
Кез келген отбасының қызығы мен шыжығы – бала. Бала – өмірдің жалғасы, өзеніңнің арнасы. Оның әр қылығы шаршағаныңды басып, көңіліңе жылылық ұялатады.
Әйелдің мойнына жүктелген ауыр жүк – ана болу. Ал көп баланың анасы болу нағыз ерлік іске татиды дер едім. Көп балалы ана болу оңай шаруа емес.
Сол себепті елімізде көпбалалы аналарға бала дүниеге келгенде берілетін біржолғы жөргекпұлдан бөлек, әр балаға ай сайын жәрдемақы төленіп, барынша қолдау көрсетілуде.
Сондай аяулы жандардың бірі, көпбалалы ана Ақтөбе ауылдық округі Бәйтерек ауылында тұратын Арайлым Нартаева. Ол “Күміс алқа” алқасының иегері. Жасы 35-те. Үлкені Игілік 8 сыныпта, одан кейінгі ұлдары Қуаныш 7 сынып, Ибрахим 4 сынып, Мейрамбек 2 сыныпта оқыса, Рамазан 6 жаста, қызы Жансая бір жарым жасар.
Отағасы Бақытжан Чунгараев және отанасы Арайлым Нартаева Өзбекстан Республикасында дүниеге келген. Қазақстанға 1995 жылы көшіп келген.
Арайлым отағасы Бақытжан Чунгараевпен 2005 жылы Приозорск қаласында әскери бөлімде күзетші болып жұмыс істеп жүрген жерінде танысқан. Таныстық махаббатқа ұласып, ол 2006 жылы Бегалы әулетіне келін болып түскен. Ол келін болып түскеннен кейін біраз уақыттан соң ата-енесінің рұқсатымен Тараз қаласына барып, жолдасымен бірге түрлі жұмыстар жасап, табыс тапқан. Көп ұзамай ауылдағы қайын атасы Бегалы ауырып қалып, оларға ауылға қайта оралуға тура келеді. Содан бері Бәйтерек ауылында тұрып жатыр.
Бүгінде Бақытжан аға Қызылорда қаласында құрылыс жұмысында екен.
-Жалпы қазақ халқы бала десе жанын да, барын да беретін бауырмал халық. Қазақ тектен тек әр баланың өз несібесі бар деп айтпаған. Қазіргі таңда мемлекеттің тарапынан көпбалалы отбасылардың тұрмыстық жағдайын көтеру мақсатында берілетін Атаулы әлеуметтік көмектің пайдасы біздің отбасымыз үшін де орасан зор болды. Соның арқасында екі бөлмелі үй салып, екі сиыр алып, тауық өсірумен де айналысамыз. Одан бөлек, Аллаға шүкір, егін жайымыз да бар. Өздеріңізге белгілі, елдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты карантиндік режимге көшкен кезде де, өзіміздің бау-бақшаның көп пайдасын көрдік. Картоп, қырыққабат, сәбіз, қияр, қызанақ сияқты барлық дақылды өзіміздің бақшамыздан аламыз. Мемлекеттің көрсетіп отырған көмегіне дән ризамын. Балаларымның барлығы еңбекқор, оқу үлгерімдері де тәп-тәуір. Алдыңғы ұлдарым үй шаруасына, егін жайға, мал шаруасына да икемдері бар. Барлық істі өздері жасап үйренген. «Ұл тәрбиелей отырып, жер иесін тәрбиелейміз, қыз тәрбиелей отырып, тұтас ұлтты тәрбиелейміз» дейді дана халқымыз. Сол секілді ұл тәрбиесіне келгенде қаталдаумын. Бала тәрбиесіне ерекше мән берген халықпыз ғой. Себебі ертеңгі күні сол ұрпақтан елінің абыройын көтеретін, жерін қорғайтын нар тұлғалы азаматтар өсіп шығатынына сенген. Сол себепті ата-бабамыз:«Отан – отбасынан басталады» деп бекер айтпаған. Баланың тәрбиесі отбасынан басталатынын және өте маңызды екенін аңғаруға болады. Қазіргі уақытта елімізде бала тәрбиесі өзекті мәселелердің бірі болып отыр. Егерде баланы отбасында асыл дініміз бен салт-дәстүрге қанық етіп өсірсе, елімізде келеңсіз жағдайлар орын алмас еді, – дейді отанасы Арайлым Нартаева.
Мақпал Саматқызы,
«Жаңа өмір»