El іshі

Әркімнің туған жері өзіне мысыр шаһарындай

«Туған жердей жер болмас, туған елдей ел болмас» демекші, әр адамның кіндік қаны тамып, туып-өскен жері жәннатпен тең. Әр адамның жүрегінде туған жерге деген сүйіспеншілік пен сағыныш кернеп тұрады. Ұлтымыздың әйгілі шешені Қазыбек би «Алтын ұяң – Отан қымбат, туып-өскен елің қымбат, кіндік кескен жерің қымбат» деп туған жердің қасиетін ерекше бағалаған. Бұл жөнінде Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында айтып, «Туған жер» бағдарламасын әзірлеуді ұсынылған болатын.

Осы бағдарлама аясында Талапты ауылындағы №22 Б.Момышұлы атындағы орта мектепте «Жомарт түлек – 2021» атты түлектермен кездесу өтті.
Кездесудің мақсаты – «Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Туған жерге тағзым» бастамасы және Тәуелсіздіктің 30 жылдығына орай «Жомарт түлек» жобасы аясында туған жеріне танымал, түрлі салада еңбек етіп жүрген түлектердің табысты өмір жолын жас ұрпаққа насихаттау, ұрпақтар сабақтастығын жалғастыру, мектеп оқушыларымен пікірлесу, болашақ мамандық таңдауға жол сілтеу.
Кешке осы мектептен әр жылдары түлеп ұшқан түлектер, яғни облыстық «Ақ жол» газеті бас редакторының орынбасары, шолушы, журналистика саласының үздігі Ақылжан Мамыт, әлеуметтік қамтамасыз ету бойынша Жуалы аудандық бөлімінің мекеме басшысы Мұрат Сапаев, аудан әкімдігі жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің басшысы Керімхан Төреқұлов, ҚР ауыл шаруашылығы министрлігі агроөнеркәсіптік мемлекеттік инспекциясы комитеті Жуалы аудандық инспекциясының басшысы Ілияс Мұртаза, №15 мектеп-лицей директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Қалампыр Сапаева, Тараз қаласы №50 орта мектеп директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Ләйлә Әбішева және бірнеше ардагер ұстаз қатысты.
Мектепте мерекелік көңіл күй. Тағылымды кездесуде тиісті санитариялық талаптар сақталды. Аға буын өкілдерін мұғалімдер мен оқушылар асыға күтті. Кездесу басталмас бұрын түлектер мектептің ішін аралап, білім ошағының бүгінгі тыныс-тіршілігімен танысты. Жаңа мектепті көріп, оның ішіндегі безендірілу мен тазалыққа, жинақылыққа ризашылықтарын білдірді.
Одан кейін мектептің акт залына еніп, оларды оқушылар зор қошеметпен қарсы алды. Мерекелік шара 9 сынып оқушылары Балауса Қуанышбай мен Бағжан Әдібайдың орындауындағы «Мен сені сүйемін, Қазақстан!» әнімен басталды. Одан кейін шараға қатысушы түлектердің балалық шақтағы суреттерін топтастырған бейнеролик «Армандастар» әнімен көрсетілді. Әрине, бұл кезде әр адамның есіне ең алғаш мектеп табалдырығын аттаған сәті мен алғашқы әліппені үйреткен ұстазы, сыныптастары түскені сөзсіз.
Басқосуда алғашқы сөз кезегі мектеп директоры Руслан Сайлаубаевқа беріліп, ол шараның мақсатына тоқтала келе, сахна төріне түлектерді еркін сұхбаттасу үшін шақырды. Жүректері мектепті бітірген сәттегідей толқыған аға буын өкілдерімен сұхбатты Руслан Бақытұлы жүргізді. Ең алғаш болып балғын шаққа облысымызға белгілі журналист Ақылжан Мамыт сапар шегіп, сол бір естен кетпес күндерді еске алды. Туған жер, Отан тақырыптарында толғанды.
– Құрметті ұстаздар, оқушылар, міне, бүгін игі дәстүрге айналған түлектер кездесуі ұйымдастырылып, түкпір-түкпірде жүрген азаматтардың басын қосуға септігі тиіп отыр. Мұндай тәрбиелік мәні зор кездесу күніге бола бермейді. Әркімнің туған жері мысыр шаһарындай. «Көп жасағаннан емес, көпті көргеннен сұра» демекші, қасиетті Жуалы жерінің таңғажайып табиғатына ештеңе де жетпейді. Теңіз деңгейінен 1200 метр биіктікте орналасқан осындай ғажайып жерде дүниеге келіп, ауасы таза, суы тұнық жерде өсіппіз. Мұның барлығының қадірін шетте жүргенде біледі екенбіз. Өйткені, мен еліміздің көптеген қалаларында болдым. Ондағы мектептердің жағдайы көңіл көніштерліктей емес. Ал, біздің шағын ғана ауылымызда осындай зәулім мектеп бар. Осының қадірін біліп, бірінші Аллаға, екінші Шерхан Мұртаза ағамызға рақмет айтуымыз керек.
Баршамызға ең алғашқы ұстаздарымыз бен білім берген ұстаздарымыз қымбат. Олар біздің жүрегімізде. Біздің осындай азамат болып қалыптасқанымызға, ел арасында жүруімізге ұстаздарымыздың берген білімі мен тәрбиесінің септігі мол болды. Сондықтан біз бүгін осындай жақсы кездесуге келгенде ұстаздарымызды еске алмай кете алмаймыз. Бізді Жамалбек Сапаев, Дүйсенбай Шоңғаров, Кеңесбек Пешенов, Қорғанбай Мамытов, Райхан Майқынбаева, Тұрысбек Халықов, Қанатбек Жанбатыров секілді тұлғалы азаматтар, ұлағатты ұстаздар білім нәрімен сусындатты.
«Әсемпаз болма әрнеге,
Өнерпаз болсаң, арқалан,
Сенде бір кірпіш дүниеге
Кетігін тапта, бар қалан, – деп, Абай жырлағандай, әр адам өмірден өз орнын таба білуі тиіс. Менікі ақыл емес, өмірден көргенімді жеткізу.
Өмірде үш нәрсе қайтып келмейді. Ол: мүмкіндік, сөз, уақыт. Осы үш нәрсені уақтылы пайдаланып, білімге, ғылымға ден қою керек. Көп кітап оқып, көп білуге тырысыңдар. Ең алғаш мектепте алған білімдерің өмір бойғы азықтарың болатынын ұмытпағайсыңдар, – деп жас өскелең ұрпаққа ағалық кеңесін айтып, мектеп бітіруші түлектерге сәттілік тіледі, естеліктерімен бөлісті.
Одан кейін өзге түлектер де кезегімен сөз алып, өздерінің естеліктерімен бөлісіп, қызықты сәттерін еске түсірді. Олар мағыналы, тәрбиелі іс-шара ұйымдастырылғанына алғыстарын білдіріп, балалық балғын шақтары көз алдыларына келгенін жеткізді. Ең алғаш түлеп ұшқан ыстық ұяларындағы ұстаздары мен қатарластарын еске алды. Жастарға шын жүректен шыққан жылы сөздерін, игі тілектерін жеткізді.
Қысқасы, сонау балғын балалық шаққа сапар шегіп, мектептегі қызықты сәттерді еске алған түлектердің толқуын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес.
Басқосуда сөз алған ардагер ұстаз Гүлбүбі Ергебекова да түлектерді мектептің тыныс-тіршілігіне араласып тұруға шақырды.
Шарада мектеп оқушылары Санжар Маратұлы, Әйгерім Бижанбек, Базил Мунира «Біз Отанның ұлымыз!», «Тәуелсіз қазақтың қызымын», «Ақ құсым» әндерін орындады.
Түлектермен кездесудің соңы мектеп алдында «Тәуелсіздіктің 30 жылдығына 30 түп ағаш» акциясы аясында 30 түп қайың ағашын отырғызу шарасына ұласты. Әр түлек бір-бір түп ағашты өсіп-өнсін деген тілекпен отырғызды.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Суретті түсірген Сәбит Күзембаев

Таңдаулы материалдар

Close