El іshі
Көксай – Жуалының інжу-маржаны
«Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығы – Талас Алатауының (Батыс Тянь-Шань) солтүстік-батыс бөлігін және Өгем жотасын алып жатқан Қазақстандағы тұңғыш қорық. Жамбыл облысының Жуалы ауданы мен Түркістан облысының Түлкібас ауданы аумағында орналасқан. Қорық Ақсу және Жабағылы атты екі өзеннің арасына орналасқан. Қорық 1926 жылы құрылған. Құрамында Қаратаудағы «Қарабастау» және «Әулие» телімдері бар. Жерінің ауданы 128 118 гектар. Қазір Ақсу-Жабағылы қорығы ЮНЕСКО жасаған дүниежүзілік қорықтар тізіміне енген.
Қорық бірнеше биіктік белдеуде жатыр. Тау өңірінде бидайық, түрлі шөптер, боз жусан, жоғарысында селдір арша орманы, субальпі және альпі шалғыны өседі. Одан жоғарысын мұздықтар мен көпжылдық қар жапқан. Ақсу-Жабағылы қорығының жерін Ақсу өзенінің аңғары жарып өтеді. Өсімдіктер дүниесі әр алуан. Онда мүктің 61, қынаның 58, жоғары сатыдағы өсімдіктердің 1400 (дәрі-дәрмектік өсімдіктерден: қылша, сасыр, иманжапырақ, түйежапырақ, сарыағаш, шәйқурай, талас уқорғасыны), техникалық өсімдіктен: арша, рауғаш, итқұмық, таран, жеміс-жидектерден: жабайы алма, шетен, шие, қарақат, бүлдірген, жем-шөптік өсімдіктен жоңышқа, кекіребас, бедебас, түлкіқұйрық, көде, сондай-ақ эндемик өсімдіктерден майысқыш қияқ, талас қайыңы, ақшыл сары жоңышқа, қаратамыр, томағашөп, қандыгүл, реликті өсімдіктерден: жалған масақша, Минквиц кендіршесі, Қаратау сетені түрлері бар. Қорықтың жануарлар әлемі де өте бай.
Сүтқоректілердің 42 (арқар, таутеке, елік, марал, барыс, Тянь-Шань қоңыр аюы, борсық, сусар, т.б.), құстардың 238 (гималай ұлары, кекілік, сақалтай, бүркіт, қара құтан, бозторғай, сарыторғай, ителгі, шымшық, т.б.). Бауырымен жорғалаушылардан алай жалаңкөзі, сарыбауыр кесіртке, қалқантұмсықты қара шұбар жылан, сұржылан бар. Ақсу-Жабағылы қорығы – табиғаттың нағыз ғылыми лабораториясы, онда ғылыми-зерттеу жұмыстары үзбей жүргізіледі.
Ақсу-Жабағылы Қазақстанның ең көне қорығы, сонымен қатар Орталық Азиядағы ЮНЕСКО биосфера қорығы дәрежесін алған ең алғашқы қорық. Теңіз деңгейінен 1000 м-ден 4280 метр аралығындағы биіктікте Тянь-Шань тауларында орналасқан. Көздің жауын алатын қатаң қарлы шыңдардың бөктерінде түрлі түсті альпі гүлдері жайқалып өскен. Ақсу-Жабағылы сирек кездесетін, тек осы аймақтарға ғана тән өсімдіктер мен жануарлардың отаны. Бұл жерден тау қойын, ешкісін, маралдарды және еліктерді, сілеусіндер мен қар қабыландарын, қасқырлар мен түлкілерді, аюларды кездестіре аласыз.
Әрине, бұл Уикипедиядан алынған деректер. Алаш көсемдерінің бірі, Тәңіртаудың таутұлғалы перзенті Тұрар Рысқұловтың бастамасымен құрылған оңтүстік өңірдің інжу-маржаны саналатын «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының құйқалы бір бөлігі біздің Жуалы ауданында орналасқан. Әйгілі Көксай аңғарында қорыққа тиесілі 5875 гектар ерекше қорғалатын табиғи аумақ бар.
«Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының Жуалы ауданындағы №13 Көксай кардонында Тұрысбек Әлімбековтың күзет инспекторы қызметін атқарып келе жатқанына биыл 15 жыл болған екен. Оның міндетіне ұлан-ғайыр атырапты алып жатқан қорық аумағына қарасты Көксай кардонындағы жануарлар және өсімдіктер дүниесін қорғау, осындағы табиғи құбылыстарды күнделікті бақылап, оған талдау жасап отыру, тағы басқа маңызды міндеттер кіреді. Біз сәрсенбі күні Көксай аңғарына арнайы іссапармен барып, ондағы табиғат байлықтары, атап айтқанда, жануарлар мен өсімдіктер дүнеиесін өз көзімізбен көріп қайтқан едік.
Таңертең сағат 10-дар шамасында аудан орталығынан қызметтік жеңіл көлікпен шығып, бір сағаттың көлемінде межелі жерімізге де келіп жеттік. Осы ретте Көксай аңғарына барар жол туралы да айта кетсек, артық болмайтын шығар. Мыңбұлақ ауылдық округінің Талапты ауылынан шығаберістен Қызыларық ауылдық округінің территориясында орналасқан Б.Момышұлы шекара заставасына жетер-жетпесте асфальт жол аяқталып, ары қарай шаңы бұрқыраған тастақ жолға түсесіз. Тастақ жол кедір-бұдырсыз болушы ма еді. Шоқырақтап отырып көлікті өрге қарай «қамшылап» келеміз. Шыны керек, биіктеу, жол талғамайтын көлік болмаса, жай көлікпен жүру өте жайсыз.
Өткен аптада ғана Көксайдағы этнотуризмді дамыту жөніндегі семинарға облыс басшысы Бердібек Сапарбаевтың, бұдан бір жыл бұрын бұл аумаққа өңір басшысының орынбасары А.Мәдиевтың келіп кеткені белгілі. Осынау көз тартар көрікті мекенге барар жолдың мәселесін шешу лауазымды тұлғалардың алдына қойылса дұрыс болар еді. Жол экономиканың күретамыры екенін ескерсек, бұл жолды жөндеу мәселесі туристер үшін де маңызды болып отыр.
Алдымен «Көксай» демалыс орнының жұмысымен аз-кем таныстық. Өзін демалыс орталығы басшысының немере інісімін деп таныстырған Әлішер Мырзахмет есімді азамат орталықтың ашылғанына екі жылдай уақыт болғанын, мұнда қазір тұрғындарға бір күндік демалысын өткізу үшін біршама қызмет түрлерінің ұсынылатынын айтады. Атап айтқанда, ең алдымен демалыс орталығына кіру үшін адам басына 500 теңге төленеді. Кіреберісте алты самалжай (беседка) орналасқан екен. Егер осы самалжайлардың бірінде таңертеңнен кешке дейін демалам десеңіз, 15 мың теңге төлейсіз. Оның ішіне қазан-ошақ, ыдыс-аяқ, отын, т.б. қажеттіліктер кіреді. Ал азық-түлікті демалушылардың өздері алып келулері қажет.
Одан бөлек, орталық аумағында алты, сегіз және он екі қанаттық жеті бірдей киіз үй орнатылған. Бір күнге жалға алу бағалары 20 мың мен 35 мың теңгенің аралығында. Мұнда жақында демалушыларға арналып екі бірдей заманауи монша іске қосылған екен. Моншаның ауласында шағын бассейні бар. Демалыс орталығы өкілдерінің айтуынша, қазіргі таңда мұнда шағын дәмхананың құрылысы жүргізілуде екен. Болашақта қонақүйлер мен басқа демалыс нысандары салынады деп күтілуде.
Ал біз үшін «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының Жуалы ауданындағы №13 Көксай кардонының күзет инспекторы Тұрысбек Әлімбековтың әңгімесі қызықтырақ болды.
Қорықтың 5875 гектар аумағы Көксай аңғарында орналасқан. «Ақсу-Жабағылы» мемлекеттік табиғи қорығының Жуалы ауданындағы №13 Көксай кардоны мен Жуалы жануарлар дүниесін қорғау және орман шаруашылығы мекемесіне қарасты аумақтың арасын Көксай өзені бөліп жатыр. Ақ көбігі аспанға шапшып, долданып ағып жатқан өзеннің екі беті де биік тау. Тау беткейлерінде өсімдіктер мен ағаштар сыңсып тұр. Сайдың іші сыңсыған ағаш. Арасында сәмбі тал, т.б. ағаштармен қатар аққайың ағашы көптеп кездеседі екен. Әсіресе өзеннің көлеңке жақ бетінде арша ағаштары өте көп. Арасында ұшқат та кездеседі.
-Жалпы Көксай аңғарында өсімдіктер дүниесінің 2000-нан астам түрі белгілі. Атап айтсақ, аққайың, Тянь-Шань аршасы, аршаның тағы басқа көптеген түрлері бар. Ұшқаттың екі түрі кездеседі. Өсімдіктер дүниесінен қырықбуын қылша (эфедра), ақ шырыш, 2500 метр биіктікте «Исландский мох» деп аталатын сирек кездесетін дәрілік өсімдік өседі. Жабайы долана, алтын тамыр, ақ барпы, қара барпы (дәрілік өсімдіктер) кездеседі.
Көксай аңғары, жалпы қорықтың аумағы жануарлар дүниесіне де өте бай. Мысалы, жыртқыш аңдардан Қазақстанның Қызыл Кітабына енгізілген Тянь-Шань қоңыр аюы, ақ тырнақты аю деп аталатын екі түрі, қар барысы, қасқыр, түлкі, борсық бар. Одан бөлек, Сібір таутекесі, елік, қабан, марал, тағы басқа аңдар бар. Аңдарға жылына екі мәрте санақ жүргізіліп тұрады. Олардың өсу процесі қалыпты. Жылдан жылға көбейіп келеді деуге болады.
Құстарға келетін болсам, қорық аумағында жыртқыш құстардан бүркіт, сұңқардың бірнеше түрі, үкі, жұртшы, қара тазқара, ал Қызыл Кітапқа енген Тянь-Шань ұлары, кекілік, сұр кекілік, шіл кекілік, көк құс, қара сайрақ, арша ементұмсығы, жаурауық, үлкен тұркептер, сақиналы тұркептер, зортұмсық, бұлбұл, т.с.с. құстардың 50-ге жуық түрі мекендейді.
Жалпы Жуалы жерінің табиғаты көркем. Бұл Жаратқанның адамдарға жасаған сыйы мен нығметі. Осыны көздің қарашығындай сақтау, табиғатты аялау – адамдардың парызы. Қоршаған ортаға жанашыр көзқарас қажет. Адам табиғатпен егіз жаратылған. Сондықтан табиғатты аялап, оның жан-жануары мен өсімдігіне, топырағы мен суына дейін жанашырлықпен қарауымыз қажет. Өйткені, бізден кейін де табиғаттың байлығын қаншама ұрпақтар пайдаланады. Оларға да осы байлықты таза күйінде қалдыруымыз қажет,- дейді табиғат жанашыры, қорықтың күзет инспекторы Тұрысбек Әбдіраманұлы.
Күзет инспекторы табиғи қорықтың басшылығы тарапынан барлық қажетті заттармен қамтамасыз етілген. Көксай кардонына кіреберісте шағын қызметтік үй салынып, оның іші күнделікті тұруға жабдықталған. Одан бөлек, қорықшы арнайы мезгілдік киімдермен, қызметтік қарумен, байланыс құралдарымен, дүрбі, фотоаппаратпен, мініс аты әбзелдерімен, отын-сумен қамтамасыз етілген. Жалақысы да тұрақты беріліп тұрады. Осыған орай, қорықшы да қызметін адал әрі табиғатқа деген жанашыр көзқараспен атқару үстінде.
Күзет инспекторы Тұрысбек Әлімбековпен әңгімелесу барысында оның әр сөзінен табиғатқа деген жанашырлық байқалып тұрды. Ол Алатаудың керемет бөлігі саналатын Көксай аңғарының өте қасиетті жер екенін, жазы қоңыр салқын, қысы суық екенін айтады. Ол тау табиғатын үнемі бақылап отырады. Ауа райы құбылыстарын, әсіресе, қар мен жауын-шашынның мөлшерін, өзен суының деңгейі мен температурасын, тағы да басқа табиғат құбылыстарын бақылап, оны күнделікті қағазға түсіріп отырады екен. Кәнігі қорықшының айтуынша, Көксай аңғарының ауа райы өте құбылмалы болатын көрінеді. Аспанды бұлт қаптап, демнің арасында жауын құйып өте шығады. Кейде күтпеген жерден қар да жауып кетуі әбден мүмкін. Сондықтан тауға серуенге шыққан демалушы өздерімен қалың киім алып жүргендері жөн дейді ол.
Көксай аңғарының Жуалының туристік әлеуетін көтерудегі рөлі зор. Тау басындағы Көксай көліне де туристердің қызығушылығы артуда.
Тауда демалғанға не жетсін, әрине. Бірақ айналаны ластап, тұмса табиғатқа зиян келтірмеу қажеттігін де әрбір азамат терең ойланғандары жөн шығар.
«Мен – таулықпын, таудан мен жаратылғам» деп мұзбалақ ақын Мұқағали Мақатаев жырлағандай, таудың әрбір тасын қадірлеуді үйренсек, дұрыс өмір сүру салтын да үйренерміз. Таудың табиғаты бөлек-ақ. Тау баласының тауға қарап өсетіні сондықтан шығар…
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»