El іshі
Басты міндет – қылмыстың алдын алу
Бүгінгі құқықтық мемлекетімізде әрбір адам өз құқықтарын жете біліп, жалпы заң білімі саласынан мағлұмат алғаны дұрыс. Заңды аттамай, тура жолмен жүріп, еліне адал қызмет еткен азамат қана мұратына жетеді. Кәмелетке толмағандардың қылмысын ерте алдын алудың негізгі құралы құқықтық сананы дұрыс тәрбиелеу сондықтан заңды білу – заман талабы. Бүгінгі таңда қоғамның алдында тұрған басты міндеттердің бірі – балалар мен жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу, кәмелетке толмағандар арасындағы қылмыстың өсуіне жол бермеу. Бұл мәселе қазіргі таңда көкейтесті мәселелердің біріне айналып отыр. Жас жеткіншектердің қылмысқа бару мәселесі тек құқық қорғау органдарының ғана емес, ата-ананың, мектептің, басқа да мемлекеттік және үкіметтік емес ұйымдардың қадағалауын талап етеді. Себебі, психолог мамандардың зерттеулеріне сүйенсек, жас баланың саналы азамат болып қалыптасуында оның отбасында, мектеп қабырғасында, көшеде көрген өнегелері ерекше орын алады.
«Ел болам десең, бесігіңді түзе» деп белгілі жазушы Мұхтар Әуезов айтқандай, әрбір ата-ана өз баласының тәртібі мен тәрбиесіне аса мән беріп, бос уақытта немен айналысатынына қатаң бақылау жасаса, жасөспірімдер арасында құқық бұзушылық пен қылмыстың төмендеуіне көп септігін тигізер еді. Ал, енді кейбір ата-аналардың бала тағдырына алаңдамауынан, оларды өз беттерінше қалдырып, мектептен тыс бос уақыттарында немен шұғылданып жүргендерін қадағаламауының салдарынан қылмыстар орын алады. Жасөспірімдердің аяқ астынан қылмыскерге айналуының осындай терең себептері бар екенін ескерген Ішкі істер министрлігі 2007 жылдан бастап орта білім беретін оқу ордаларының жанынан оқушылардың тәртібін қадағалайтын мектеп инспекторлары тобын құрды.
Кәмелет жасына толмағандар арасындағы қылмыс пен құқық бұзушылықтың алдын алу мақсатында, бөлімше қызметкерлерімен ұдайы түрде күндізгі және түнгі рейдтер жүргізілуде.
2019 жылдың сегіз айында кәмелетке толмағандармен жасалған қылмыстардың алдын алу мақсатында, түнгі рейдтер жүргізу барысында түнгі сағат 23.00-ден кейін жасөспірімдердің заңды өкілдерінсіз үй-жайдан тыс жерде жүргені үшін 133 (2018ж-53) жасөспірім ұсталып, олардың заңды өкілдеріне ҚР ӘҚБтК 442 бабы 2 бөлігімен әкімшілік хаттамасы толтырылып, әрқайсысына ескерту жасалды.
Жасөспірімдерге алкогольдік және темекі бұйымдарын сату арқылы қоғамға қарсы іс-әрекеттерге итермелейтін ересектерді анықтау барысында Қазақстан Республикасы заңнамасының темекі өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзғаны үшін 2 дүкеннің сатушысына ҚР ӘҚБтК-нің 133 бабының 1 бөлігі 3(2018 ж-1) бойынша «Он сегіз жасқа толмаған адамдарға темекі бұйымдарын сатқаны» үшін хаттама толтырылып жиналған іс-құжаттар шешімін табу үшін Тараз қалалық ювеналдық сотына жолданып, соттың шешімімен 15(37825) айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
– Қазақстан Республикасы заңнамасының алкоголь өнімін өткізу жөніндегі талаптарын бұзғаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 200 бабының 3 бөлігі бойынша яғни, этил спиртінің көлемді үлесі отыз пайыздан асатындарын сағат 21-ден келесі күнгі сағат 12-ге дейін өткізгені үшін 1 (2018ж-0) дүкеннің сатушыларына қатысты жиналған іс-құжаттар Жуалы аудандық сотына жолданып, соттың шешімімен 25 (63125) айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынды.
– Жеке тұлғалардың демалысы мен тыныштығына кедергі келтіргені үшін бір жасөспірім анықталып, заңды өкіліне ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы 1 (2018ж-0) бойынша хаттама толтырылып, жасөспірімнің заңды өкіліне 5АЕК(12625) теңге айыппұл салынды.
– Жасы 18-ге толмаған адамдардың қоғамдық орындарда масаң күйде жүргені үшін бір жасөспірім анықталып, заңды өкіліне ҚР.ӘҚБтК-нің 440-бабының 2-бөлігі (2018ж-0) бойынша хаттама толтырылып, жасөспірімнің заңды өкіліне 5АЕК(12625) теңге айыппұл салынды.
– Қадағалаусыз және панасыз қалған жасөспірімдерді анықтау мақсатында жүргізілген рейдтік іс-шаралар барысында ата-анасының қадағалауынсыз қалған 1 (2018ж-1) жасөспірім анықталып, Тараз қалалық кәмелетке толмағандарды уақытша оқшаулау, бейімдеу және оңалту орталығына орналастырылды.
Айтылған ойлар мен атқарылған іс-шараларды қорытындылай келгенде, кәмелетке толмағандардың қылмыстылығы мәселесі қазіргі кезде тек құқық қорғау органдарын толғандыратын мәселе емес, бүкіл халқымызды толғандыратын мәселе екендігін айтқым келеді.
Мырзатай Мекенбай,
аудандық полиция
бөлімінің кәмелет жасқа
толмағандар ісі жөніндегі
учаскелік полиция инспекторы