El іshі
«Бастау Бизнес» жобасы – нәтижелі бастама
«Нәтижелі жұмыспен қамту және жаппай кәсіпкерлікті дамыту» бағдарламасының екінші бағыты аясында «Бастау Бизнес» жобасы жүзеге асуда. Ол ауыл тұрғындарын кәсіпкерлік дағдыларына, оның ішінде ауыл шаруашылығы кооперативтерін құру қағидаларына, сондай-ақ олардың бизнес-жобаларын қолдауға бағытталған. Кәсіп ашудың қыр-сырын үйрететін «Бастау- Бизнес» жобасы «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасының ұйытқы болуымен басталған еді. Бұл кешенді оқыту бағдарламасы халыққа кәсіпкерліктің негіздерінен бастап маркетинг пен менеджментке дейін үйретеді. Сонымен қатар, кәсіпкерлік бастамаларға қолдау көрсетілетін болады. Сөйтіп, халық арасында жаппай кәсіпкерлік жандандырылмақ.
Қазақстан Республикасының Президенті-Елбасы жариялаған бес әлеуметтік бастама әрбір қазақстандықтың өмір сүру сапасын, әлеуметтік көңіл-күйді жақсартуды қамтамасыз ететін, жаңғыру жолындағы жаңа елеулі қадам. Аталған бастама өзін-өзі еңбекпен қамтыған және жұмыссыз тұрғындардың арасында жаппай кәсіпкерлікті оқыту мақсатында шағын несие беруді көбейтуге бағытталған.
Мамандардың дерегіне сүйенсек, нәтижесіз еңбектен нәтижелі жұмысқа жетудің бір тетігі – осы бағыттар. Келешегінен мол үміт күттіретін бағдарламаның бірі – «Бастау Бизнес» жобасы.
Осы орайда «Бастау Бизнес» жобасы туралы аудан тұрғындарының дамып, өркендеуіне қосқан үлесі туралы айтпасқа болмас.
Жобаның шапағатын көріп отырған жанның бірі – Бауыржан Момышұлы ауылының тумасы Бекзат Кеңесбекұлы.
Ол ауылдағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияны бітірген. Әрі қарай Жамбыл политехникалық колледжін «Электрик» мамандығы бойынша бітіріп шығады. Арнаулы орта біліммен тоқтап қалмай оқуын әрі қарай М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінде жалғастырып, жоғарғы білімді маман атанады. Қазіргі таңда өзінің жеке кәсіпкерлігі бар.
-Мен жоғарғы оқу орнын бітірген соң өз мамандығым бойынша жұмыс жасағым келген жоқ. Өзіміздің үйде үш-төрт бас сауынды сиыр болатын. Сонымен ойлана келе «неге осы сауынды сиырдың басын көбейтпеске?» деп ойладым. Өзім кішкентайымнан малға жақын болып өстім. Үйдегі төрт түлікті де өзім қарайтынмын. Содан отбасымызбен ақылдаса келе мен 2017 жылы құжаттарымды жинап, «Бастау-Бизнес» жобасына қатыстым. Жоба арқылы бір ай кәсіпкерлік негізінен дәріс алып, сертификат иелендім. Оқу барысында бізге өз кәсібімізді қалай ашу керектігі туралы мол түсінік, бағыт-бағдар берілді. Соның нәтижесінде сүт бағытында өз кәсібімді ашуға бел будым. Бүгінде сүт бағытындағы мүйізді ірі қара мал өсіруді қолға алып отырған жайым бар. Ауылда отырған соң ауыл шаруашылығы өнімін өндірумен айналысамын.
2018 жылы мемлекеттік қолдау ретінде ең төменгі пайызбен 3 млн. теңге көлемінде шағын несие алдым. Ол қаражатқа мен 10 бас сауынды сиыр алдым. Қазіргі таңда 27 бас сауынды сиыр бар. Жаздыгүні бір күнде 200 литрдей сүт аламыз, ал қыста сүттің көлемі 60-70 литердей болып қалады. Оларды сауын аппаратымен сауамыз. Сауылған сүтті «Мешелов» шағын сүт зауытына өткіземіз.
Негізі мал асырау оңай шаруа емес. Олардың күтімі, жем-шөбін дайындау керек. Өзіміздің жеріміз болмаған соң, малдың жемшөбін өткізген сүттің ақшасына сатып алып отырмыз. Қазір жемшөптің бағасы да қымбат.
Жалпы, бұл жоба – өте тиімді, ауылдықтарға өз кәсібін ашуға зор мүмкіндік беретін бірден-бір жоба. Мұндай мүмкіндіктер бұрын-соңды болған емес,- дейді Бекзат.
Бекзат Кеңесбекұлы қосымша мал бордақылаумен де айналысады. Ол қазіргі таңда бір адамды жұмыспен қамтып отырған жайы бар.
Жас кәсіпкер алдағы жоспарларымен де бөлісті. Бекзат болашақта осы сауынды сиырлар мен бордақы малдың басын көбейтсем деп отыр. Тағы да айта кететін бір жайт, ол жуық арада өзінің ауласынан ақылы монша ашылатынын да айта кетті.
Ол отбасында төрт ағайынды. Әкесі Кеңесбек аудандық электр желілерін тарату мекемесінің қызметкері, анасы Анафия Ақбастау ауылындағы №14 Б.Майлин атындағы орта мектепте мұғалім.
Бекзаттың өмірлік жары Айжан Тараз қаласының тумасы, қазіргі таңда Тараз қаласындағы «INVIVO» зертханалық орталығының аудандағы филиалында медбике болып жұмыс істейді. Екеуі отбасында екі ұл тәрбиелеп отыр.
Баян ТҰРСЫНҚҰЛҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»