El іshі

«Әжелер сөзі – тәрбие көзі»

Орталық саябақта «Nur Otan» партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» атты сайлауалды бағдарламасы аясында аудан әкімдігі мәдениет және тілдерді дамыту бөлімі «Әжелер сөзі –тәрбие көзі» атты әжелер сайысын ұйымдастырды.

Байқауға сегіз әже қатысты. Сайыс төрт кезеңнен тұрды. Яғни, бірінші «Өнердің өрісі кең, ақылдың абыройы биік» кезеңінде әжелер Led экранда ұсынылған ұяшықтарды таңдап, тапсырмаларды орындады. Бұл кезеңде әжелер өздерін таныстырып, жұмбақ шешіп, бата беріп, «Қамажай» ұлттық биін билеп, түрлі жағдаяттық сұрақтарға жауап берді.
Ал, «Таза мінсіз, асыл сөз ой түбінде жатады» кезеңінде жасырылған сөйлемдерден көнерген сөз немесе сөз тіркесін тауып, мағынасын ашты.
Ақ жаулықты аналарымыздың кеңдігі мен қонақжайлығы «Әжемнің қара қазаны…» кезеңінде көрініс тапты. Мұнда қазақтың ұмыт болған ұлттық тағамдарын жаңғырту мақсатында әжелер түрлі тағамдар дайындайды. Ақ дастарқан басында қазақтың ұлттық тағамдары қойылды.
Сайыстың төртінші кезеңі «Үкілі кәмшат, бүрмелі көйлек» немесе «Қазақи киім көненің көзі», «Ақ кимешек көрінсе, сені көремін, ақ кимешек жоғалса, нені көремін» деп аталып, әжелелер ұлттық киімдерден сән үлгісін көрсетті. Бұл кезеңде қошқараталық Мария Назарова және көктөбелік Күлшаш Қасаболатова кимешек пен аяқтарына мәсісін киіп, бірнеше киім үлгісін көрсетіп ерекшеленді. Сонымен бірге, өзге қатысушылар да ұлттық киім кимешектің тұрмыстағы алар орны мен мән-мағынасын түсіндірді.
Байқау нәтижесінде Ақтөбе ауылдық округі Бәйтерек ауылынан келген Тұрған Бөкенбаева І орынды иеленсе, ІІ орын Мыңбұлақ ауылдық округі Талапты ауылының тұрғыны Сәуле Иманбердиеваға бұйырды. Ал, жүлделі ІІІ орынды Көкбастау ауылдық округі Көктөбе ауылынан келген Күлшаш Қасаболатова жеңіп алды. Жеңімпаз әжелерге Дипломдар мен бағалы сыйлықтар табысталды.
Аталған байқауда белсенділік танытып, қатысқаны үшін Қызыларық ауылдық округі Ақтөбе ауылынын келген Айсұлу Сабырова, Қошқарата ауылдық округі Қошқарата ауылынан Мәрия Назарова, Қарасаз ауылдық округі Қарасаз ауылынан Ләззат Игілікова, Ақтөбе ауылдық округі Жаңаталап ауылынан Ынтықкүл Сабденалиева, Жетітөбе ауылдық округі Қоңыртөбе ауылынан Алтынкүл Жансейтова Алғысхатпен және ынталандыру сыйлықтарымен марапатталды.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close