El іshі

Жетітөбелік жомарт түлектер ауылға асхана салып берді

 

Халқымызда «Ұлтты ұлы ету – ауылды түлетуден басталады» деген қанатты сөз бар. «Отанға деген сүйіспеншіліктің негізі – туған жерге тағзым ету мен еңбек сіңіру» деп Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев айтқандай, бүгінде елімізде туған жерінің, туған ауылының барын бағамдап, жоғын түгендеуге, перзенттік борышын өтеуге ниетті азаматтардың қатары көбейіп келеді. Бұл – қуантарлық жайт.

«Ауыл – ұлттың ұйытқысы, қазақы тәлім-тәрбиенің қайнар бұлағы» демекші, аптаның ортасында Жетітөбе ауылдық округінің Кәріқорған ауылында туып-өскен азаматтар «бір жағадан бас, бір жеңнен қол шығарып» игі іс жасап, көпшілікке үлгі-өнеге көрсетті. Аудан орталығынан 20 шақырым қашықтықта орналасқан Кәріқорған ауылындағы Т.Әкімов атындағы орта мектепті осыдан тура 20 жыл бұрын бітірген түлектер игі істі қолға алды. Жомарт түлектер ауыл орталығындағы мешіттің жанына 150 орындық асхана салып, оны жақында пайдалануға берді. Ауыл жастарының қуанышына Қоңыртөбе, Шыңбұлақ, Тасбастау, Күреңбел, Кәріқорған ауылдарының қариялары, ақ жаулықты аналары мен жастар, ауылдық округ әкімі аппаратының ұжымы ортақтасып, құдайы тамақ таратылды.

Жаңадан бой көтерген ғимарат ішіне ауыл тұрғындары қуанышпен кіріп, аналар шашуларын шашты. Туған ауылына тағзым етіп, сауапты іс жасаған кәріқорғандық азаматтардың нәтижелі еңбегіне куә болды. Бұл Кәріқорған ауылы тұрғындарының бекем бірлігін, тату тірлігін білдіреді.

Жиында алғы сөзді аталған ауылдың ардагері Шарханбек Қожаназаров алды. Ардагер ұстаз көпке үлгі боларлықтай істі қолға алған 1984 жылы туған ауылдың азаматтарына алғыс айтып, сөз кезегін Өмірзақ Рүстембековке берді.

-«Елу жылда ел жаңа» демекші, биыл еліміздің егемендігіне 30 жыл толып отыр. Осы жылдар аралығында біз түрлі кезеңдерден өттік. Ел Тәуелсіздігі жарияланған уақыттан бастап ауылымызда бірқатар жұмыстар атқарылды. Азаматтардың ауылға деген жанашырлығы мен қамқорлығын да жақсы білеміз. Мәселен, 1976-1995 жылдар аралығында туған азаматтар ауылдың көркеюіне атсалысып, қайырымды істердің басы-қасынан табылады. Бүгінгі асхананың құрылысы да ауыл азаматтарының бекем бірлігінің арқасында аяқталды. Әр азамат өзіндік үлесін қосып, аға буын бастаған істі, жастар іліп алып кетіп жатты. Біз ізімізден осындай жастардың қалыптасып келе жатқанына қуанамыз, – деп ауылда атқарылған қайырымды істерге тоқталды.

Ол өз сөзінде, ауылдан түлеп ұшқан түлектер қайда жүрсе де, туған жерлеріне сүйіспеншіліктерін жоғалтпағанын атап өтті. Ардагер түлектердің ауылға жасаған игі істерін көпшілікке жеткізді. Мәселен, 1976 жылы туған азаматтар Тасбастау ауылы мен Кәріқорған ауылының арасына көпір салып берген. 1979 жылы туған азаматтар ауыл маңындағы бұзылып жатқан мазаратты қоршап, азаматтық парыздарын орындаған. Ал, 1984 жылғы туған ауыл жастары биыл асхана салып беріп, одан бөлек, бұлақ суының көзін ашып, екі ауылға тартып берген. Мектептегі техникалық қызметкерлердің жайын ойлап, білім ошағының ішіндегі тазалықты жылы сумен жүргізуді қамтамасыз еткен. Енді алдағы уақытта ағалардың ізін мектептің 1985 жылғы туған азаматтары жалғамақ ниетте.

-Адам екі нәрсе арқылы қартаймайды. Біріншісі – қайырымды ісі. Екіншісі – мейірімге толы сөзі болса керек. Осы ретте, Еркебұлан Қойбақов, Бекжан Арихов, Александр Уразовский, Ерлан Қораласбаев бастаған азаматтар үнемі қайырымдылық жасауға атсалып тұрады. Алматы облысы Ұзынағаш ауданының өрт сөндіру бөлімінің орынбасары қызметіндегі Қуатбек Сатылғанов та сыныптастарымен бірге қайырымды істерге атсалысып жүр. Мына асхананың құрылысын Арнұр Кененбаев пен Дүйсен Есеналиев жүргізді. Келіндер жолдастарына қолдау білдіріп, игі істің бітуіне өзіндік үлестерін қосты. Құрылыс жұмыстарына барша ауыл жастары шама-шарқынша атсалысты. Демеушілер демеп, жақсы іс бастаған азаматтарды қолдады. Жалпы сауапты істен ешкім қалыс қалмады. Ауылда бірлік болса, елді мекеніміз көркейіп, гүлденіп дами береді. Қариялар жол көрсетсе, жастар да татулық болса, ауылымыз ынтымақты, келешекті болары сөзсіз, – деген Ө.Рүстембеков қайырымды іске атсалысқан азаматтарды атап өтті.

Басқосуда ауылдың қариялары Е.Қойбақов, Б.Арихов, А.Уразовский, Е.Қораласбаевқа бата беріп, әр ауылдан келген қарттар шапандарын тарту етіп, көпке үлгі боларлықтай жақсы үрдісті бастап берді. Олардың ата-аналарын ортаға шақырып, барша жиналған көпшілік жомарт жүректі ұрпақ тәрбиелегені үшін алғысын қошеметпен жеткізді. Ұлдары мен келіндері ата-аналарына құрмет көрсетіп, сый-сияпаттарын жасады. Әкелердің иығына шапан шабылып, аналарға ақ жаулық тарту етілді.

Бір айта кетерлігі, «абысын тату болса ас көп» деген сөз осы азаматтардың өмірлік жарларына қаратылып айтылғандай. Бірдей киім үлгісімен қызмет көрсетіп жүрген келіндердің жайған дастарқанында молынан тәтті-дәмді ас қойылды. Татулығы мен бірлігі көрініс тапты.

Сонымен қатар, жиында өңірдің дамуына үлескен қосқан жомарт түлектерге аудан әкімі Олжас Қаржауовтың Алғысхаты тапсырылды.

Сәні мен салтанаты келіскен ғимараттың кілті салтанатты түрде ауыл имамы Әуез Марасиловқа табысталды.

Жиын барысында қариялар сөз алып, жақсы тілектер айтылып, алғыстар жеткізілді.

Жомарт түлектердің өзара ынтымағы жайлы Т.Әкімов атындағы орта мектептің кітапханашысы Раушан Әбдіқасымова да айтып берді.

-Менің осы мектепте жұмыс істегеніме 37 жыл болды. Бұл балалардың адамгершілік қасиетін жақсы білемін. Сынып жетекшілері сабырлы, мейірімді жан болатын. Бастауыш сыныпта Баян Қаңтарбаева жетекшілік етіп, балаларын кітап оқуға баулыды. Оқушылары үнемі кітап оқып, ізденісте жүретін. Ал, жоғары сыныпта химия пәнінің мұғалімі Несібелі Болтаева сынып жетекші болды. Марқұм Несібелі апай оқушыларына жаман сөз жуытпайтын. Өте бала жанды еді. Балалармен жақсы тіл табысып, тек жақсылығын көрсететін. Ұйымшыл, әрі сабырлы шәкірт тәрбиеледі. Бұл сыныптың оқушыларының спортқа  деген қызығушылығы жоғары еді. Міне, сол мектепте қаланған бір-біріне деген жанашырлық әлі күнге дейін бар. Ауылға деген сүйіспеншілігі мен қайырымдылығы бір бөлек. Осындай бірлігі бекем, туған жерге деген жанашырлығы жоғары азаматтарымыз көп болсын,- деді.

«Бітер істің басына – жақсы келер қасына» демекші, Кәріқорған ауылындағы сауапты істі қолға алып, жерлестері үшін игі іс жасаған азаматтар туған жерге деген ыстық ықыластың ерен  үлгісін осылай іспен көрсетті. Қариялардың ізімен жастарға жол көрсетіп, жақсы бастама жасады. Міне, әр ауылда осындай жаны жомарт, қайырымды азаматы болса, ауыл ешқашан тозбайды. Қайта кемелденіп, жаңғырып, гүлдене береді.

 

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close