El іshіSport

Спорттық шаралардың бұқаралық сипаты арта түсуде

Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың халыққа дәстүрлі Жолдауларында және Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында спорт саласына да айрықша көңіл бөлініп, 2020 жылға қарай ел тұрғындарын спортпен белсенді қамту шараларына тарта отырып, дене шынықтырумен және спортпен тұрақты түрде шұғылданушылар санын 30 пайызға жеткізу жөнінде межелі міндеттер қойылғаны белгілі.

Аудан әкімдігінің дене шынықтыру және спорт бөлімі мен бөлімге қарасты ауылдық округтердегі спорт ісі әдіскер-нұсқаушыларының нәтижелі жұмысының арқасында ауданда дене шынықтырумен және спортпен жүйелі түрде шұғылданушылар саны 15 916 адамды немесе жалпы халықтың 30,0% құрады.
Бөлімге бағынысты спорт мектептерінде 2020 жылдың 1 қаңтарында 1 586 шұғылданушы оқушы тіркелді. Бұл Жуалы ауданындағы жалпы 7-18 жас аралығындағы балалардың 15,4% қамтиды.
Алдыңғы жылмен салыстырғанда спорт нысандары 12-ге артып, барлығы 122 спорт нысаны болды. Өткен жылы Ақсай, Боралдай, Жетітөбе, Күреңбел, Көкбастау, Қарасаз, Қошқарата, Қызыларық, Мыңбұлақ, Нұрлыкент, Шақпақ ауылдық округтерінде «Street Workout» алаңшалары жергілікті бюджет есебінен салынды. Сондай-ақ, Шақпақата ауылында футбол алаңшасы іске қосылды. 14-29 жас аралығындағы жастар саны 14 817 адамды құрайды, оның 5576-сы (37,6%) спортпен жүйелі түрде шұғылданады.
Бүгінгі таңда спорт нысандарының барлығы ауыл тұрғындарының спортпен шұғылдануы үшін қолжетімді. Спорт нысандарының ауыл тұрғындарына қолжетімділігін қамтамасыз ету кестесі әзірленіп, жергілікті БАҚ-тарда жарияланды.
Өткен жылы бұқаралық, ұлттық спортты дамытуға және облыстық жарыстарға аудан командаларын қатыстыру үшін 14,300 млн теңге бөлінді.
Бөлімде үш мемлекеттік қызметші жұмыс істейді. Бөлімге бағынысты мекемелерде (2 балалар-жасөспірімдер спорт мектебі, 1 бокс мектебі) барлығы 97 штат бірлігімен 97 адам қызмет етеді. Оның ішінде 44 жаттықтырушы бар. Аудандағы 14 ауылдық округте спорт жөніндегі әдіскер-нұсқаушы жұмыс істеп, бұқарлық спорттың дамуына өз үлестерін қосуда.
Аудандағы жалпы білім беру мекемелерінде жеті спорт түрінен 138 үйірме жұмыс істесе, бұл үйірмелерге 6 516 оқушы қамтылған. Аудан аумағында саламатты өмір салтын насихаттау бағытында 347, салалық 20 спартакиада өткізілді және осы іс-шараларға 64 990 адам қамтылды.
Облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес Жамбыл облысының үлкен футболдан чемпионаты ұйымдастырылып, нәтижесінде Жуалы ауданының құрама командасы топтық кезеңді ІІІ орынмен аяқтады.
Жуалы ауданы мекемелер арасында кіші футболдан апта сайын аудан біріншілігі өткізілуде. Сонымен қатар, ағымдағы жылы ауданда алғаш рет грэпплинг күресінен Қазақстан Республикасы чемпионатына облыстық іріктеу жарысы өткізіліп, оған 300-ге жуық спортшы қатысты.
2019 жылы Аула ойындары, Алаңдағы тоғызқұмалақ, Қазақстан Барысы, Мектеп лигасы және әртүрлі сала қызметкерлері арасындағы облыстық спартакиадаларға аудандық, ауылдық іріктеу жарыстары өткізіліп, облыстық жарыстарға қатыстырылды. Бүгінгі таңда Жуалы ауданының халықаралық және Қазақстан Республикасының сапында жүрген спортшыларымыз бокстан Аманқұл Әбілхан, жастар арасында Көбетай Мақсат, Әбдіқадір Дамир, Дүйсебай Дархан, кәсіби бокста Америка Құрама Штатының Лос-Анджелос қаласында жаттығып жүрген Рахманқұл Сағадат бар. Ұлттық спорт түрлері бойынша көкпардан ел құрамасы сапында жүрген спортшыларымыз Құлажан Тоғайбаев, «Әулиеата» командасында өнер көрсетіп жүрген спортшыларымыз Рәт Ислам, Рахметулла Самғат, дзюдодан Әбіқай Әбікенді атап көрсетуге болады.
Аудан спортшыларының жеткен жетістіктеріне келер болсақ, «Тараз- Арена» спорт сарайында өткен ҚР Таеэквондо федерациясының тұңғыш президенті Бексейіт Түлкиевті еске алуға арналған жасөспірімдер мен жастар арасындағы таеэквондодан (WTF) ашық республикалық турнирден Должанбек Айбек пен Должанбек Эсмира І орынды иеленді.
Дзюдодан жасөспірім ұлдар мен қыздар арасындағы ҚР чемпионатында Дәулет Шапағат чемпион атанып, ҚР құрама командасына енсе, Қазбек Рақышев ІІІ орынды иеленді. Кіртасын көтеруден облыс чемпионатында Азамат Жолдасов І орын, Асылбек Нұрсұлтан мен Ақылбек Бағдат ІІ орын иеленді. Дәулет Шапағат пен Қазбек Рақышев жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатына қатысты.
Бокстан ҚР аймақтық чемпионатында Аманқұл Асылхан ІІІ орынды, қыздар арасында ҚР чемпионатында Кудинкина Мария ІІ орынды, Аманқұл Асылхан Галиб Джафаровтың жүлдесіне арналған халықаралық турнирде ІІІ орынды иеленсе, Анжелика Цой Дубайда жасөспірімдер арасындағы өткен Азия біріншілігінде ІІІ орынды иеленді.
Үстіміздегі жылы облыстық бюджет есебінен 130 000,0 мың теңгеге Б.Момышұлы ауылында спорт кешенін салу, Кәріқорған ауылындағы спорт залды 62 000,0 мың теңгеге және Қайрат ауылындағы спортзал 46 000,0 мың теңгеге қайта жаңғыртылады деп күтілуде. Бұл шаралар аудан тұрғындарын белсенді спорт шараларына кеңінен тарта отырып, спорттың бұқаралық сипатын арттыратыны даусыз.

Мақсұтбек Арзымбетов,
аудан әкімдігі дене шынықтыру және спорт бөлімінің басшысы

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close