El іshі
Арманы орындалған ару
Бүгінде кәсіпкерлік салада үлкен жетістікке жеткен қыз-келіншектер көп. Олар тәуекелге бел буып, өз кәсібін ашу арқылы отбасымен қатар ел экономикасының дамуына да үлкен үлес қосып келеді. Ауданымыздағы кәсіпкер қыз-келіншектердің бірі – Нүрилә Мәлібекова.
Нүрилә Еділханқызы 1978 жылы Қайрат ауылында өмірге келген. 1996 жылы Мыңбұлақ орта мектебін бітіріп, ТарМУ-дың экономика факультетіне оқуға түседі. Жоғары оқу орын аяқтап, «Әулиеата» университетінің орыс тілі мен әдебиеті факультетіне сырттай түседі.
Еңбек жолын 2001 жылы қазіргі №1 мектеп-гимназияда орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі болып бастайды. Мектеп-гимназияда сабақ бере жүріп, 2015 жылдан бері «Аула» клубында да орыс тілі үйірмесінде сабақ береді.
Кәсіпкерлікке 2013 жылы келеді. Алғаш жұмысын киім сатумен бастайды. Ал, бүгінгі таңда жолдасы екеуі аудан орталығындағы үлкен ғимаратты сатып алып, күрделі жөндеуден өткізіп, «NURAI PLAZA» сауда орнын ашып, ғимараттың екінші қабатынан «Білімді ұрпақ» оқу орталығын ашты. Бүгінде орталықта 200-ге жуық бала қосымша білім алуда. Олар ағылшын тілі, орыс тілі, логикалық математика, ҰБТ-ға таңдау пәндері: география, биология, физика, химия, дүниежүзі тарихы пәндері бойынша білім алуда. Аталған пәндер бойынша білім беруге аудандағы білімді де білікті мамандар тартылған. Атап айтқанда, Ақаш Әбделиев, Алтынай Ниязбекова, Айзат Байназар, Гүлдария Сембиева, бастауыш сыныптарға Ләйлә Бегайдарова, Гүлнұр Таласбекова, Мейрамкүл Өтегенова, Күнсұлу Байтүгелова сынды т.б. ұстаздар сабақ беруде. Сонымен бірге орталықта аптаның әр сенбісінде 11 сынып оқушылары ҰБТ-дан сынақ тапсырады.
-Ендігі оқу жылына жоспарымыз – орталықта оқитын балаларға арнап тегін тоғызқұмалақ, шахмат, теннис, қолөнер, сурет үйірмелерін ашу.
Алда бастауыш сынып оқушыларына Шымкент қаласына зообаққа тегін саяхат ұйымдастырсақ деген ойымыз бар.
Ғимарат екі қабатты. Бірінші қабатында сауда орындары: кеңсе тауарлары, тігін цехы, сұлулық салоны, ыдыс сататын дүкен, кафетерий, т.б. барлығы кәсібін жаңадан ашқан жастар.
Бала кездегі арманым мұғалім болу еді. Бірақ, кәсіпкерлікке де кішкентайымнан икемім болды. Кәсіпкерлікке апам баулыды. Апам үйден нан өнімдерін пісіріп, базарға сататын. Мені үйренсін деп нанынан біраз бөліп беріп, сатқызатын. Тапқан табысымды өзіме беретін. Ақша ұстап, дұрыс жаратып үйрен деп өзі қадағалайтын. Апам «Әркім өзіне жұмыс істеуі керек» деп айтып отыратын.
Кейін Елбасымыз кәсіпкерлікті қолдап, халықты кәсіпкерлікпен айналысуға шақыра бастаған тұста мен де тәуекелге бел буып, өз ісімді аштым.
Жұмысымның өрге қарай дөңгелеуіне жолдасымның қосқан үлесі зор. Ол үнемі қолдап, қолұшын беріп отырады.
Жолдасым Нұрбол Манашев Ақтауда ҚазМұнайгазда инженер-механик болып жұмыс істейді. Екеуміз бес ұл-қыз тәрбиелеп отырмыз. Барлығы оқушы. Осы кәсібіміздің арқасында балаларымыздың барлығын ел қатарлы қамтамасыз етудеміз.
Қазір жеке кәсібіммен қатар «Аула» клубында жұмыс істеймін. Жұмысымнан ләззат аламын десем болады. Себебі, мен екі арманым да орындалған жанмын. Жоғары оқу орнынан алған екі мамандығым да бір-бірімен байланысып, іске асуда.
Осы орайда орталықтың әкімшісі Айша Игілікованың да ерекше еңбегін атап өткім келеді.
Өмірлік ұстанымым – адамдарға жақсылық жасау. Үнемі біреуді қуантқым келеді. Алдыма келген адамға мүмкіндігінше жақсылық жасап, қуантсам, жүрегім ерекше қуанышқа бөленеді.
8 наурыз меркесіне орай білім орталығында еңбек ететін қыз-келіншектерге тегін мерекелік кеш ұйымдастырып жатырмын. Ондағы мақсатым – еңбекке құрмет көрсету, қуаныш сыйлау,- дейді кәсіпкер Нүрилә Мәлібекова.
Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»