El іshі

«ТАН»-ның алмалары таңдай қақтырады

Еңбексүйгіш шаруа азамат Төлеген Нұралиевтың тірлігі тындырымды

Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Қазақстан-2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытудың басты міндеттері айқындалғаны белгілі. Сондай-ақ, Елбасының халыққа арнаған өзге де Жолдауларында ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу, фермерлік пен шағын және орта бизнесті дамыту да көзделген.

Жуалы ауданы негізінен аграрлы өңір болғандықтан, бірден-бір сала – ауыл шаруашылығының дамуына кейінгі жылдары ерекше серпін берілуде. Мысалы, жері де, суы да дуалы Жуалыда мал басы мен егістік көлемі жылдан жылға артып отыр. Шаруалар көкөніс және бақша дақылдарына да көңіл бөлуде. Басқасын айтпағанның өзінде, аудандағы бір ғана «ТАН» шаруа қожалығы 10 гектар алқапқа алма өсіріп, баптап отырған шаруашылықтардың бірі. Жуалыны былайғы жұртшылық «картоптың кіші отаны» десе, топырағы құнарлы осынау өңірде алма өсіруге де мүмкіндіктің көп екенін де дәлелдеп жүрген аталған шаруашылықтың басшысы, еңбексүйгіш шаруа азамат Төлеген Нұралиев екені даусыз.
Осы тұста шаруаның өмірдерегіне де тоқтала кеткенді жөн санап отырмыз. Төлеген Ақшалұлы Жуалы ауданының тумасы болғанымен, ол Түлкібас ауданындағы Алғабас колхозының Елтай бөлімшесінде нағашыларының қолында өскен екен. Өмірінің ең бір жемісті сәттерін сонда өткізген ол жастайынан еңбекке бейім болып өседі. Колхоз жұмысына белсене араласып, кейінгі жылдары Кемербастаудағы құс фабрикасында да өнімді еңбек етеді. Еңбекте озат болып, абыройға да бөленді. Төлеген аға Түлкібас ауданында тұрған жылдары бақша өсіруді үйреніп, жыл сайын ауыл жанындағы алқапқа түрлі көкөністер егетін. Бір жылдары үш гектарға қант қызылшасын егіп, оны күзде зауытқа өткізіп, ауылға қант әкеліп сатқан кездері де болды.
«Үйдің жақсы болуы – ағашынан, жігіттің жақсы болуы – нағашыдан» демекші, бозбала Төлеген нағашы жұртында үйленіп, сонда үйлі-баранды болды. Бір сөзбен айтқанда, шаруа азамат үшін Түлкібас ауданы үлкен өмір мектебі болғаны анық.
«Ер – туған жеріне» демекші, 2000-шы жылдардың басында ата-бабалары туып-өскен Шақпақ өңіріне біржолата көшіп келген Төлеген Нұралиев алма өсіруді қолға алады. Ол үшін әрине, бірінші кезекте суы мол ыңғайлы жер керек. Содан Шақпақ ауылдық округінің әкімшілігіне қайта-қайта барып, өтініш жасап жүріп Т.Дүйсебайұлы (бұрынғы Амангелді ауылы) ауылының маңынан 10 гектар жер алып, бірінші жылы оған картоп егіп көрді. Одан мол өнім алып, алқапқа келер жылы алма көшеттерін отырғыза бастайды.
-Әлі есімде, 2003 жылы Меркі ауданына арнайы барып, сондағы Бақыт Сауранбаев есімді азаматтың тұқымбағынан 4000 дана алма ағашының көшеттерін сатып алып келдім. Бұл ақпан айы болатын. Көшетті ақпан айында ерте әкелген себебім, көшет бұл аймақтың ауа райына бейімделіп, жақсы жерсіну үшін алдымен осы жердің топырағына көміп тастау қажет. Бұл дәлелденген дүние. Кейбір шаруалар тұқымды әкелген заматта жерге қондырады. Бұл дұрыс емес. Алма егудің қыр-сыры өте көп. Көшет отырғызатын алқаптың топырағы шашпа топырақ болуы керек. Оны да көп шаруалар ескере бермейді.
2003 жылы ерте көктемде жеті гектар алқапқа алма көшетін отырғыздым. Келесі жылы оны 10 гектарға дейін ұлғайтып, күні бүгінге дейін осыншама гектар алма бауын баптап, өсіріп жатырмыз. Оның ішінде бір гектарына алмұрт көшеттері егілген. Алма баудың айналасына екі қатар терек егілген. Оның өзі 5-6 мыңға жуықтайды.
Шаруа қожалық негізінен алма өсірумен айналысады. Бауға алманың «Айдаред», «Размарин», «Золотой превосход», «Голден», «Талғар сұлуы», «Семеренко» т.б. сұрыптары жерсіндірілген. Қай дақылды алып қарасақ та, оған толыққанды күтім қажет. Ең бірінші жерді аялап қарап, оған уақтылы тыңайтқыш беріп отыруымыз қажет. Сонда ғана одан мол өнім алуға болады. Мен көп ізденіп жүретін адаммын. Қай жерден қандай да бір жақсы дүние көрсем, оны қағазға түртіп алып жүремін. Алма дақылына күтіммен қатар, мол су қажет. Уақтылы бұтап, дәрілеп тұру да маңызды. Агрономиялық талап бойынша алманың әр талына 300 грамнан фосфор тыңайтқышын беру керек. Осылай істегенде ғана дақылдан мол өнім алып, оның ауруларын да азайтамыз.
Осы тұста мына бір проблеманы айтқым келіп отыр. Ол «Текеқамал» каналының мәселесі. Шақпақ аймағындағы шаруалардың дені ағын суды осы каналдан алып отыр. Ұзындығы бес шақырым болатын су торабының үш шақырымы қазір жарамсыз күйде. Әзірше екі шақырымы су алуға әупірімдеп жарап тұр. Бұл канал бір жылдары қараусыз қалды да, оның жарайтын материалдарын жергілікті тұрғындардың өзі бұзып, үйлеріне тасып алды. Солай етуге бола ма? Қазір судың проблемасы өте өткір. Аудан басшылығының: «Каналды қайта жөндейміз» деген уәдесі бар. Содан бір нәтиже шықпаса, бастауын Алатаудан алатын «Текеқамал» каналы бұзылып кетудің аз-ақ алдында тұр. Жергілікті шаруаларға су керек. Күнімізге жарап тұрған каналды өз қолымызбен осылай жарамсыз күйге түсіретін болсақ, ертеңгі күніміз не болмақ?,- деп күйінеді шаруа.
Айтса айтқандай, кезінде іске жарап тұрған каналдарды жарамсыз күйге түсірген де өзіміз. Қазір оларды қайта қалыпқа келтіру үшін қазынадан қыруар қаражаттар жұмсалуда. Жеңілдетілген бағамен тыңайтқыш алу мәселелері де шаруалардың бас ауруына айналғалы қашан. Бұл әсіресе, өсімдік шаруашылығында көп кездесетін мәселе. Алма өсірумен өнімді айналысып келе жатқан «ТАН» шаруа қожалығының басшысы Т.Нұралиев Үкімет тарапынан мандырымды көмек алмайтынын да айтып қалды. Жеңілдетілген несие, минералды тыңайтқыш алуға бірнеше рет құжат жинап, жүгіріп көрген. Алайда көп ретте түрлі кедергілерге тап болғанын айтады шаруа.
Алма өсіруде де технология қажет. Оны сақтамаса, жақсы өнім болмайды. Технологиямен қатар, техника да қажет. Әзірше аталған шаруашылықта «Т-50» тракторы, «ЗИЛ», «ГАЗель» жүк көліктері жұмысқа жарап тұр. Мүмкіндіктеріне қарай жаңа трактор алсақ дейді шаурашылық мүшелері.
Алатаудың баурайында Т.Дүйсебайұлы ауылының маңында өсірілген «ТАН» шаруа қожалығының таңдай қақтырар алмалары көп жылдан бері аудан орталығындағы базарда тұтынушыларға тиімді бағамен өткеріліп келеді. Аудан орталығында алма сақтайтын үлкен қоймасы бар.
Еңбексүйгіш шаруа азамат Төлеген Нұралиев жұбайы Мейрамкүл Бейсенбайқызы екеуі екі ұл, үш қыз тәрбиелеп өсірген үлгілі отбасы. Олардан 15 немере сүйіп отырған бақытты ата-әже. Ұлдары Шыңғыс пен Меліс шаруашылықтың жұмысын алға жылжытуға септігін тигізіп отыр. Олар да әке тәрбиесі мен ана ұлағатын ұстанған еңбекқор азаматтар.

Таңдаулы материалдар

Close