El іshі

Немеренің тәрбиесі әжеге үлкен сын

Қызыларықтық Қанатбек, Қаракөз Сұрымбаевтар отбасы ауылдағы үлгілі, өсіп-өнген отбасылардың бірі.
Қанатбек ағаның үйіне барғанда ауладан екі үлкен үйді көрдік. Бірден екі баласын үйлендіріп, жанынан үй салып берген екен деп ойладық. Бірақ, сөйлесе келе бұл бір әулеттің екі қара шаңырағы екенін біліп, сүйсіндік.
Отбасының ел сүйсінтер бірлігі, тірлігі жайлы отанасы Қаракөз Жамалбекқызы әңгімелеп берді.
Қаракөз Айтбаева Байзақ ауданы Шоқан ауылында 1977 жылы дүниеге келген. 11 сыныпты бітіріп, Тараз қаласындағы Жамбыл политехникалық колледжіне технолог мамандығы бойынша оқуға түседі. Техникумды тамамдап, автобөлшектер заводына жұмысқа тұрады. Жұмысқа тұрғаннан соң көп ұзамай, тұрмысқа шығады.
-Осы ауылда әпкем тұратын. Әпкем үй сатып алыпты деген қуанышты жағдайды естіп, қыдырып келгенмін. Аяқ астынан Алланың бұйрығымен осы шаңыраққа келін болып түстім.
Жолдасым «Победа» деген көлікпен алып қашып келді. Ол 1996 жылдың 26 тамызы болатын. Келін болып түскен шаңырақ алты ұл, екі қызды үлкен отбасы екен.
Бір қызығы бізді ертесіне мешітке алып барып некемізді қидырып жатқанда екеуміз де әкеміздің атын айтып жатырмыз. Сөйтсек, әкелеріміздің есімі аттас болып шықты.
Атамның әулеті өте ұйымшыл жандар екен. Атам мен енем де жеті бала-шаға, бір аулада орналасқан атамның інісінің сегіз бала-шағасы бар.
Өзімнің әкем мықты математик еді. Ал атам тракторист болған. Бірақ өте сауатты кісі еді. Атам көзілдірігін тағып алып, газет-журналдарды жібермей оқитын. Кезінде оқымай қалғанына қатты өкінетін.
Атамның інісі дүниеден ерте озды. Атамыз інісінің бала-шағасын өз балаларындай қамқорлығына алып, барлығын үйлі-жайлы қылды. Енем Нағима өте пысық, тік мінезді, жақсы кісі еді. Екеуіміз жақсы тіл табысатынбыз. Ол кісі мен келін болып түскеннен кейін бір жылдан соң инсульт алып, төсек тартып жатып қалды. Он жылдан кейін қайтыс болды. Атамыз былтыр 90 жасқа қараған шағында өмірден озды. Кіші енем апам қайтыс болғалы міне 13 жыл болды әрі анамыз, әрі енеміз болып ортамызда ақылын айтып, қамқоршымыз, ақылшымыз болып отыр.
Келін болып түскен жылы екі енемнің де енелері бар еді.
Он бес бала-шаға бір үйден, бір қазаннан тамақ ішеді. Сырттағы адамдар екі үйдің балаларын қайсысы кімнің баласы екенін ажырата алмайтын.
Біздің үй қара шаңырақ болып есептелетін. Қай үйдің баласы келсе де бірінші біздің үйге керіп, шәй ішіп, сосын үйіне баратын.
Аманбек атамның да менімен қатар түскен келіні бар еді. Екеуміз бір қазанға тамақ істейміз. Күніне екі рет нан пісіреміз. Арқан-арқан кір жуамыз. Екеуміз сырласамыз. Абысыным Гүлмира Алматыға кетсем, шіркін, бухгалтердің оқуын оқысам деп армандайды. Ал мен болсам, жолдасым үйдің кенжесі болғандықтан сыртты армандамайтынмын. Бұл ауылда мектептен басқа жұмыс орны жоқ. Сондықтан мұғалімдік оқуды оқып алып, жұмыс істесем деп армандаймын. Сонымен екі келін атамызға «ата, біз оқиықшы, бізді оқуға түсіріңізші» деп өтіндік. Ауылдағы қазыналы қарияларымыздың бірі Сайлаубек атамыз да атама: «Оқимын деген баланың бетін қақпа, белін бу» деген бұлар әлі жас қой, болашақтары алда, оқыт» деп үгіттеді. Атам маған балам дейтін, атам: «балам, жарайды, оқыңдар» деп рұқсат берді.
Содан не керек, Таразға ТарМУ-ге бастауыш сынып мұғалімі факультетіне оқуға барып, емтихан тапсырып, бірден түсіп кеттім. Енеміз әркімнен «сырттай оқу деген әншейін, білім жоқ, бәрін тек ақшамен шешеді екен» дегенді естіп алып, бізге бұл әңгімені жағалатып айта бастады. Біз «апа-ата, маған тек жолыма, тамағыма ақша берсеңіз болды, өзіміз оқимыз» деймін. Не керек, ол кезде екінші баламды босанған кезім. Балам жылауық. Бірақ, азаннан кешке дейін кітапханадан шықпай оқимын, бақылау жұмысы, курстық жұмыс, бәрін өзім жазып, өзім қорғап шықтым. Дипломдық жұмысымызды да өзім жазып, қорғадым. Бәрін өз қолыммен жазып тапсырамын. Жазуым өте әдемі еді. Сол ізденгенімнің, еңбегімнің пайдасын өмір бойы көріп келемін. Мен ауылда қалдым. Астананы, Алматыны армандаған абысыным Астанаға кетті. Қазір сол жақта, өз кәсібі бар, отбасымен тату-тәтті бақуат тұрады.
Жолдасым екеуміз бес ұл, екі қыз тәрбиелеп отырмыз. Үлкен ұлым Асылхан жеке кәсіпкер, әкесімен бірге мал шаруашылығымен, егін шаруашылығымен айналысады. Ауылдағы көкпаршы жігіттердің бірі.
Екінші ұлымыз Расылхан Сүлеймен Димерель атындағы университетте ғылыми математика факультетінде оқиды.
Үшіншіміз Мұхамеджан 10 сынып оқушысы. Мұхамеджан жақында ғана аудандық «Жігіт сұлтаны» аудандық байқауында І орынды иеленді. Аудандық олимпиадаға математика пәні бойынша қатысып қайтты. Нұрсұлтанымыз информатика пәнінен олимпиадаға қатысты. Мектептің айтишнигі. Инабат пен Іңкәріміз да оқушы. Кенжеміз Дархан бір жастан асты.
Оқып жүріп 2001 жылы мектепте алғаш хатшы болып жұмыс істедім. Кейін тәлімгер болдым. 2006 жылдан батап өз мамандығым бойынша еңбек етудемін.
Үйде қанша жұмысым көп болса да кітап оқуға уақыт табатынмын. Әсіресе, балаларыма аяғым ауыр кезде, кітаптың қызығына кіріп кеткенім соншалық түнімен кітап оқитын кездерім болатын. Сондықтан да болар, Аллаға шүкір балаларымның барлығы кітапқа құмар, жаңашыл, білімге құмар болды.
Қазір заман талабына сай әрі балаларды тану мақсатында бизнес, психология туралы кітаптарды оқимын.
Оқушыларымның да кітап оқығанын қадағалаймын. Өз балаларымнан гөрі шәкірттеріме көп алаңдаймын. Шәкірттеріме «Бала кезден болашақта кім болғыларың келеді? Қазірден сол мамандық туралы оқыңдар, зерттеңдер. Өздеріңді сол мамандықтың иесі болып отырғандарыңды елестетіңдер, жақсы нәрселерді көп ойлаңдар, армандаңдар» деп айтып отырамын. Боламын деген баланың бетін еш уақытта қақпау керек. Қайта белін буып, қолдау көрсету қажет.
Ортамызда жүрген жас отбасыларға да бар ақылымды айтып отырамын. Жас кезде басыңа түскен қиындықтардың барлығы өткінші. Тек сабыр сақтап, артын бағу керек. Ашуға бой алдырмау қажет. Болашақта қандай отбасы болғың келеді, тек соны ойлап, басқа бөтен жаман ойдың бәрін ойдан шығару қажет. Тіпті өзіңе керек емес жаман әңгімелердіде естімеу керек, жаман киноларды да көрудің қажеті жоқ. Жақсы өмір сүру үшін бірінші сананы тазалау керек.
Қазіргі әжелерге де таң қаламын. Балаға ең бірінші тәрбие керек. Қазір немерелерінің тәрбиесімен айналысатын әжелер сирек. Әженің тәрбиесінің орны бөлек. Қазіргі таңда барлық аналар жұмыс басты. Ал үйдегі әжелер бос уақытында сериал көреді. Шет елдің сериалын көрудің мүлде қажеті жоқ. Олардың тәрбиелік мәні жоқ. Себебі, олардың менталитеті басқа. Сондықтан жастарға өзіміздің елдің киносын көрсету керек. Әже немересіне ертегі оқып берсе, баланың дүниетанымы да кең болады, кітап оқуға деген қызығушылығы артады. Көп әжелер бизнеспен айналысқысы келеді. Бала болашағы үшін ақшадан гөрі балаға берген тәрбиенің пайдасы зор. Немеренің тәрбиесі әжеге үлкен сын.
Қандай жаман адам болса да оның жақсылығын көруге тырыс. Жамандық жасаса да жақсылыққа балап, жақсы жағына қарай ойлау қажет. Ақымақтың ақымақтығын қайталама. Үлкенді сыйла, шешімін таба алмаған сәтте үлкеннен сұра, ол үшін ешқашан өкінбейсің.
Бала тәрбиесінде ұл баланың тәрбиесін әкеге жүктеу керек.
Үйде әкелері қанша жерден балаларына айқайлап жатса да, араласпауға тырысып, тілімді тістеп тұрамын. Есесіне, баланың жауапкершілігі артады. Ер бала үшін әкенің тәрбиесінің орны бөлек. Ал, қыз баланың тәрбиесіне келгенде ананың рөлі зор.
«Бес ақылды балаң болғанша, бір мейірімді балаң болсын» демекші, мейірімді баланың орнын ешқандай байлық толтыра алмайды»,- дейді Қаракөз анамыз.
Жеті ұл-қыз тәрбиелеп, алтын алқа тағып, ұл-қыздарына тәліміді тәрбие беріп, еліміздің арқа сүйер азамтаттарын тәрбиелеуді мақсат еткен Қанатбек аға мен Қаракөз жеңгейдің үлгі боларлық отбасының көпке көрсетер өнегесі әлі де көп болсын. Ұл-қыздары ер жетіп, бақытқа бөлей берсін!
Қазақ қоғамы құрылымының ең негізгі сатысы, бастапқы ұясы – отбасы беріктігі, ер-азамат рухының биік болуы. Осы екеуі үйлесім тапқан отбасы мемлекетіміздің мықты іргетасы, бөлшегі бола алады. Отбасы – Отанның босағасы. Босағамыз әрдайым берік болсын!

Перизат Шымыртайқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close