El іshі
Ауданда құрылыс жұмыстары бастау алды
Аудан әкімдігінің ТКШ, ЖК және АЖ бөлімінің мәліметінше, биыл ауданымызда жалпы 13 көше 15 шақырым автомобиль жолдарына орта жөндеу жұмыстары жүргізіледі. «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында 234 816,2 мың теңге қаржыға 13,153 шақырым автомобиль жолдарына орта жөндеу жұмыстарын жүргізу жоспарлануда. Сондай-ақ, аудандық маңызы бар Шыңбұлақ ауылына кіреберіс автомобиль жолын орта жөндеуге конкурс жарияланған.
Жергілікті бюджеттен 116073,0 мың теңге қаржы қаралған. Қарастырылған қаржының 56132,0 мың теңгесі Б.Момышұлы ауылы Рысбек батыр көшесіне, 59941,0 мың теңгесі Б.Сафинов көшесіне бөлінген. Қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын мердігер «Аия-Сервис» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі атқаруда.
Б.Сафинов көшесінің бойында, яғни «Мәңгілік ел» саябағының маңында мердігер компанияның техникалары асфальтті қопарып, бір жерге үйіп қойған. Көшенің бойында жұмысшылар жаяу жүргіншілер жолының құрылысын жүргізуде. Құрылыс жұмыстары бір апта бұрын басталған. Мұнда 10 адам құрылыс жұмыстарын атқаруда. Оның біреуі жергілікті тұрғын. Төрт техника жұмылдырылған.
-Аталған көшедегі құрылыс екі учаскеге бөлінеді. Бірінші бөлік 306 метрді, екінші бөлік 814 метрді құрайды. Бірінші учаске ауданға кіреберістен басталады. Қазіргі таңда асфальт толық қопарылып тасталды. Жоба бойынша ескі асфальт астына төселетін болады. Сол үшін оны ешқайда шығарып тастамай, бір жерге жинап қойдық. Көше жөндеу жұмыстары бір ай ішінде атқарылып, пайдалануға берілетін болады. Көше бойына жаяу жүргіншілер жолы төселіп, суағарлар қойылады.
Екінші учаскеде бордюр қойылып, жаяу жүргіншілер жолы жасалады. Көшенің сол жақ қапталына түсетін жаяу жүргіншілер жолының ені 1,5 метрді, ұзындығы 620 метрді құрайды. Қалған 214 метр көше бойындағы бұрылыстарға жасалатын болады. Бұл жұмыстар осы аптаның аяғына дейін аяқталады деп күтілуде, – дейді учаске бастығы Рахат Тойшиев
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»