El іshі

Қолына шипа дарып, ем қонған…

Алматы қаласында Қазақстан халық емшілері қауымдастығының 30 жылдық мерейтойы кезекті VІІ құрылтай жиналысында аталып өтті. Жиынға Қазақстанның әр түкпірінен 250-ден аса емшілер мен дәрігерлер, журналистер мен ғалымдар, сондай-ақ, арнайы шақырылған қонақтар делегат болып қатысты.

Жиын барысында халық емшілігі туралы алуан тақырыпта баяндамалар жасалды. Құттықтау сөздер беріліп, жылы лебіздер білдірілді. Көңілге жылы әсер қалдыратын өткен кезеңнің ауыр күндері еске алынды. Республикалық деңгейді қамтыған бұл жиынды Қазақстан Журналистер Одағының мүшесі, «Шипагерлік баян» газетінің бас редакторы Жексен Алпартегі мырза жүргізді. Жиынға Қазақстан халық емшілері қауымдастығының президенті болып сайланған Аршат Қожалымов мырза басшылық жасады.
Мерекелік жиында Қауымдастықтың 30 жылдық тарихында халық емшілері ұйымының Қазақстанда тұңғыш рет негізін қалаған белгілі ғалым, академик, профессор, марқұм Зиядан Қожалымовтың еңбегімен өмір жолы туралы деректі фильм көрсетілді. Қауымдастыққа З.Қожалымовтың есімін беру туралы өтініштер түсіп, бұл ұсыныс бірауыздан қабылданды.
Делегаттар халық емшілігіндегі жақсы жетістіктері үшін қауымдастықтың мерекелік медальдарымен, алғыс және құрмет грамоталарымен марапатталды.
Абыройы асқақтаған беделді емшілер ұйымының жетістігі бұл күнде әлемге танылған. Осындай ұйымның дүбірлі торқалы тойына ұйымдастыру комитетінің бір мүшесі ретінде біздің ауданнан Жәмиләш Мұсабай да қатысып, «30 жылдық мерекелік медалімен» марапатталды.
Жәмиләш Әлиқызы 1955 жылы Оңтүстік Қазақстан облысының Ордабасы ауданы қазіргі Ермоловка ауылында дүниеге келген. Еңбек жолын Ордабасы ауданындағы Максим Горький атындағы орта мектепте ұстаз болып бастаған.
Әрі қарай Ордабасы ауданындағы Қажымұқан Мұнайтпасұлы атындағы мұражайдың меңгерушісі болып 17 жыл қызмет етеді.
Отбасылық жағдайына байланысты Қарасаз ауылына қоныс аударады. Сол жердегі А.Пушкин атындағы орта мектепте ағылшын тілі пәнінің мұғалімі болып жұмысқа орналасады. Сол жерден зейнетке шығады.
-Маған емшілік қасиет 5 сыныпта қонды. Менің әжем және Совет одағының батыры Берген Исақанов деген нағашым болған. Менің әжем атақты ұста кісі болған. Ол кісі ұзатылатын қыздардың көрпе-төсегін, ер кісілерге шекпен, тымақ тігіп беретін. Әжемнің екі ағасы күмістен бұйымдар жасайтын. Әжем кішкентай балалардың тамағын көтеріп, арқасын басып, тіфә-тіфә деп түкірсе болды, кішкентай бала жазылып, ауруынан айығатын болған.
Негізінде маған емшілік нағашы жағымнан да, өз жағымнан да келген деп ойлаймын. Мен тамыр ұстап, дем саламын және биотокпен емдеймін. Өзімді космос-энергетикпін деп есептеймін. Арасында көріпкелдігім де бар. Жұма күндері мешітке барсам, ол жерден жақсы энергия аламын.
Халық емшілігінде жүргеніме 35 жылдай уақыт болды. Осы уақытқа дейін алдыма қаншама адамдар келіп емделіп кетті. Қаншама адамның ризашылығын алдым. Емші болу оңай емес. Оның артынан еретін сөздер де болады. Кейбір адамдар маған сенбеушілік танытып келеді, ондай адамды бірден білемін.
Қарасаз ауылдық дәрігерлік амбулаториясында өзімнің жеке кабинетім бар. Келетін адамдарды мен негізінде сол жерде қабылдаймын. Бірақ қазір пандемияға байланысты үйде қабылдап жатырмын.
Үйге немерелерім келген уақытта ешкімді қабылдамауға тырысамын.
Халық емшілігіне біржола бет бұрғалы көптеген сабақтарға қатысып, емшілігімді жан-жақты дамытып жүрмін. Халық емшілерінің білімін көтеру мектебіне қатысып, курстар оқып, дипломдар алдым. Яғни, емшілігімді әлі дамыту үстіндемін,-дейді Халық емшісі Жәмиләш Әлиқызы.
Біз айтып отырған кейіпкер Жәмиләш апа көптеген адамның сауабын алған кісі десек қателеспейміз. Ол кісі өз білімін жан-жақты дамытып, көптеген дипломдар алды. Өзінің жеке кітабын шығарды.
Халық емшілері жайлы шығарылған кітаптардың барлығынан Жәмиләш апа жайлы оқуға болады.
Жәмиләш Әлиқызы 1994 жылдан бастап қауымдастықтың мүшесі және оның емшілер мектебін бітірген. Қауымдастықтың «Құрметті мүшесі». Халықтық және рухани емшілік магистрі. Қауымдастықтың жыл сайын ұйымдастырылатын конгрестер, конференциялар мен форумдарына қатысады. Қауымдастық тарапынан медальдармен, мақтау қағаздармен және сертификаттармен марапатталған.
-Халық емшілері қауымдастығына мүше болып кіргеніме 30 жыл болыпты. Иә уақыт бір орнында тұрмайды. Осы уақытқа дейін қаншама нәрсе өтті басымыздан. Бұл жолда жеткен жетістігіміз бірінші Алла тағаланың, екінші марқұм Зиядан қажы ағаның көмегінің және осы кісінің қасында жүрген ғалымдардың арқасында десем де болады.
Әр адамның бойында Алла тағаладан келген дарын болады. Шын көңіліммен айтатыным, марқұм Зиядан ағаның еңбегі зор. Ол кісі қаншама еңбектер жазды, халық емшілерін қорғап теледидарда сөйледі. «Жақсының жақсылығын айт, нұры тасысын» дейді. Осындай адам өзінің жанына керемет емшілерді жинады. Мен ол кісіге бас иемін. Халық емшілерінің жиналысы, семинары болатын кезде Қазақстанның түкпір-түкпірінен көптеген емшілер жиналамыз. Ол жерде біз өзара білгенімізбен бөлісеміз. Қарап отырсаңыз ол да қызық. Марқұм Зиядан аға халық емшілері бір-бірімен тәжірибе алмасып, халыққа көмегі тисін деген мақсатпен басымызды қосты. Осындай қауымдастыққа мүше болғаныма, осындай кісілермен танысқаныма мен қуанамын,-дейді Жәмиләш Мұсабай.

Баян Оразбаева,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close