El іshі
Қоғамдық қабылдау өтті
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2019 жылдың 2 қыркүйегінде халыққа арнаған «Сындарлы қоғамдық диалог – Қазақстанның тұрақтылығы мен өркендеуінің негізі» атты Жолдауында азаматтардың барлық өтініш-тілектерін жедел әрі тиімді қарастыратын «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасын іске асыру – бәрімізге ортақ міндет деп тапсырған болатын.
Осы Жолдау аясында аптаның сейсенбісі күні ашық аспан астындағы қоғамдық қабылдау Б.Момышұлы ауылының орталық саябағында өтті. Оған аудан әкімінің орынбасары Анар Ахметовамен бірге аудан әкімдігіне қарасты бөлім басшылары, құқық қорғау, денсаулық, білім, ауыл шаруашылығы салаларының, халыққа қызмет көрсету орталығының мамандары қатысты.
Қоғамдық қабылдауда аудан әкімінің орынбасары Анар Садыққызына Жетітөбе ауылдық округі Шыңбұлақ ауылының тұрғыны Канал Құралбаев бірнеше мәселемен қайырылды.
Зейнеткер Шыңбұлақ ауылындағы қордаланған мәселелердің бірі мәдениет үйінің құрылысын жүргізу керектігін жеткізді. Ауылдың тұрғыны бұл мәселені бірнеше жылдан бері көтеріп келеді екен. Қария ауыл тұрғындарының руханиятының көтерілуіне бірден-бір септігін тигізітен мәдениет үйі екенін айтады. Сонымен бірге, ол өңір бойынша ағын су мәселесі көтеріліп жүргенін айтты. Сондай-ақ аудан әкімінің есебінде көтерілген Қосмұрат елді мекеніндегі ауылішілік жолдарының қашан жөнделетінін сұрады. Ол өз сөзінде ауылішілік жолдарын күз айларына жеткізбей ертерек жөндеу керектігін тілге тиек етті. Яғни, «жол қадірін жүрген біледі» демекші, тұрғындарға ең бастысы сапалы жол керек екенін баса айтты.
Аудан әкімінің орынбасары жеке сұрақтарымен қайырылған қарияға: «Шыңбұлақ ауылдық мәдениет үйінің мәселесі баршамызға жақсы таныс. Одан хабардармыз. Ол бүгін, ертең шешілетін шаруа емес. Дегенмен оның шешілу жолдарын қарастырып, сіздің көтерген екі мәселеңізді де назарда ұстайтын боламыз» деген жауабын берді. Сондай-ақ, оның өзге де сұрақтарына тиісті сала басшылары жан-жақты жауаптарын берді.
Сонымен бірге, қабылдауға келген Айгүл Ақылбекова тұрғын үй мәселесін шешіп беруді сұраса, Е.Сауранбекұлы көшесінің тұрғыны Райхан Мусриева көше жарығы оның сапалы жүргізілуін сұрады.
Ал, Б.Момышұлы ауылы С.Сейфуллин көшесінің тұрғындары жолдың қашан жөнделетінін айтса, Төле би көшесінің тұрғындары балалар арналған ойын алаңын соғып беруді сұрап, бір көшенің мәселесімен қайырылды. Бұл өтінішке Б.Момышұлы ауылының әкімі Марат Қасымбеков жауап берді. Ауыл әкімі С.Сейфуллин көшесінің жолын жөндеуге жобалық-сметалық құжаттары дайын екендігін, қаржы қарастырылған жағдайда көше биыл, болмаса келесі жылы жөнделетінін айтты. Төле би көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйлердің ауласына балалар ойын алаңы биылғы жылға жоспарға енгізілмеуіне байланысты келесі жылға қалдырылғандығын жеткізді.
Қабылдау барысында тұрғындардың өтініш-сұрақтарына заң шеңберінде тиісті сала басшылары жауап берді. Кейбір көтерілген мәселелер шешімін табу үшін назарға алынды.
Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
«Жаңа өмір»