El іshі

Әрбір игілікті істі көріп, қуанамын!

Мен 1952 жылы Өзбекстан Республикасы Бұхара облысы «Жынғылды» совхозында дүниеге келдім. Жынғылды орта мектебін тамамдадым.
Біз тек ана тіліміз – қазақ тілінде оқыдық. Мектеп бітірген соң әке-шешеміз әрі қарай оқуға түсуімізге рұқсат бермеді. Партия қатарына өтіп, ауылға кітапханашы болып орналастым. №3 ферма деген болатын. Оның құрамына бірнеше ауылшаруашылығы мекемелері, малшылардың балаларына арналған мектеп-интернат та кіретін. Мен сол фермада әйелдер секторының меңгерушісі болдым.
25 жыл ауыл кітапханасында кітапханашы болдым. Үш жыл дүкенші болып еңбек еттім.
Жолдасым Түркіменбай Тұрмаханов қойма меңгерушісі, мектепте дене тәрбиесі пәнінің мұғалімі болып еңбек етті.
Мен 16 құрсақ көтердім. Оның оны Аллаға шүкір аман-есен. Бүгінде бес ұл, бес қызымыз, немерелеріміз, шөберелеріміз бар.
Атажұртымызға, яғни Ақтөбе ауылына 2005 жылы көшіп келдік.
Қазір жолдасым екеуміз де зейнет демалысындамыз. Қолымызда ұлымыз Ғалымжан мен келініміз Жансая тұрады. Ғалымжан 91678 әскери бөлімінде қызметте.
Қазір талантты, білімді, еңбекқор жастар көп. Ауылдағы сондай жас қыз-келіншектер мен ер жігіттерді көріп, көңілім тояды. Кейде сондай үлгі боларлық жандар туралы газет бетінде мақалалар жарияланып, теледидарға хабарлар беріліп жатса, қуанамын.
Атажұртымызға келгенде қуанышымызда шек болмады. Балаларымыз өз туған Отанында өсіп-өніп, білім алып, еңбек етсе, одан асқан бақыт жоқ. Оны сыртта жүрген адам ғана жақсы түсінеді.
Бүгінде еліміз ата-бабамыз арман еткен тәуелсіздіктің арқасында өркендеу үстінде. Барлығы еңбектің арқасы. Боламын деген жасқа мүмкіндіктер көп. Көзін тауып еңбек еткендердің тұрмысы да жақсы.
Елімізде көпбалалы отбасыларға да жақсы жағдай жасалуда. Әрине мұндай қадам маңызды. Себебі, еліміздің ертеңі – жастардың қолында. Отбасының, үкіметтің қамқорлығын сезініп өскен баланың болашаққа деген сенімі де зор болмақ.
Лайым, тәуелсіздігіміз мәңгілік жасай берсін. Еліміздің бірлігі бекем болып, жылдан-жылға көркейе берсін!

Айзада Қалимергенова,
Ақтөбе ауылының тұрғыны

Таңдаулы материалдар

Close