El іshі

Алты ай бойғы тынымсыз еңбектің нәтижесі

нұрлыкенттік диқан Д.Бердияров өнім көлемін көбейтуге күш салуда

«Баптай білсең, жер жомарт» демекші, жер қадірін жер игерген диқан мен шаруалардан артық ешкім білмесе керек. Соңғы жылдары біздің ауданымызда да жер игеруге ниет білдірген азаматтардың қатары артуда. Аудандағы ақ егіс көлемін айтпағанның өзінде, бау-бақша дақылдарының көлемі де артып келеді. Мысалы, ауданда егілетін бақша дақылдарының елеулі проценті қандас ағайындар көптеп шоғырланған Нұрлыкент ауылдық округіне тиесілі. Биыл нұрлыкенттік диқандар округ аумағына жеті гектарға қырыққабат жеті гектарға сәбіз еккен. Округте бақшалық жерлердің тапшылығына байланысты бау-бақша егуге ниетті шаруалар көбінесе көршілес ауылдық округтерден жерлерді жалға алып, жұмыс істеуде.  Әрине, бұл басқа да ауылдық округтер бау-бақша дақылдарын егумен айналыспайды деген сөз емес. Дегенмен, нұрлыкенттік диқандар көкөніс егумен тұрақты әрі көп көлемде айналысады.

Нұрлыкент ауылындағы жер баптаумен айналысатын еңбекқор азаматтың бірі – Дүйсен Бердияров. Ол Көкбастау ауылдық округінің Көктөбе ауылындағы Аманалы Кәтімханов басшылық ететін «Қанат» шаруа қожалығына біраз жылдан бері мүше болып, өнімді жұмыс жасауда. Дәлірек айтқанда, ол 2000-шы жылдардың басынан бері шаруашылықтың 7-8 гектар жеріне бау-бақша дақылдарын егіп, оны күтіп-баптаумен айналысады. Жердің жағдайын жақсы білетін диқан жігіт биыл да жеті гектар алқапқа көкөніс отырғызды.

Атап айтқанда, шаруашылықтың Б.Момышұлы ауылының маңындағы («Батыс Қытай – Батыс Еуропа» автодәлізінің бойы) егістік алқабының бес гектарына «Ринда», «Бухарест» сұрыпты қырыққабат, екі гектарға сәбіз және 40 соттық жерге қызылша егілген. Одан бөлек, екі гектар алқапқа картоптың «Алладин» және «Гала» сұрыптары егілген. Көкөніс алқаптары шаруашылықтың мүшелерімен қатар және жалдамалы жұмысшылардың күшімен күтіп-бапталуда. Ал диқан Дүйсен мен шауашылықтың тағы бір мүшесі Серік Нұртаев негізінен алқап басына ағын суды жеткізу және бақшалықты суғару жұмыстарын және өнімді өткерумен айналысады. Олар өткен апатада алқаптан алғашқы өнім жинауды бастады. Жуалының қоңыр салқын ауа райы жағдайында әрі құнарлы топырағында пісіп-жетілген қырыққабаттың «Ринда» тұқымы алқап басынан үлкен жүк көліктеріне (ФУРА) артылып, Қазақстанның оңтүстік өңірлерімен қатар, солтүстік өңірлерге, сонымен қатар, Ресей Федерациясының аумағына жөнелтілуде. Алқапқа жауапты диқан Дүйсен ағаны егістік басынан жолықтырып, атқарып жатқан жұмыстары туралы сұраған едік.

-Өздеріңіз көріп тұрғандай, қырыққабатты жинауды бастап, клиенттерге өткеріп жатырмыз,- деп бастады әңгімесін ол. – «Ринда» сұрыпты қырыққабаттың бір ерекшелігі, ол басқа қырыққабат тұқымдарына қарағанда, ерте өнім береді. Бұл тұқым 70-80 күнде пісіп-жетілсе, ал «Бухарест» тұқымы 90 күнде өнім береді. Өнімнің бастамасы жаман емес. Қырыққабаттың әр данасы, оның ішінде үлкендері екі жарым, үш келі салмаққа дейін тартуда. Арасында үш келіден асатындары да бар. Мұны енді алты ай бойғы атқарған қажырлы еңбектің нәтижесі деп айтуымыз қажет. Қазір біз алғашқы өнімді ресейлік клиенттерімізге жіберіп жатырмыз. Арасында өзіміз де жүк көліктерімен Шымкент қаласындағы «Жібек жолы» және Тараздағы «Ауыл-Береке» базарларына апарып саудалап жатырмыз. Орташа есеппен қырыққабат алқабының әр гектарынан 50 тоннадан өнім жиналуда.

Айтса, айтқандай, әлбетте бұл ең бірінші кезекте адал еңбек пен маңдай тердің нәтижесі. Диқандар қауымы қырыққабаттың тұқымын ғана сатып алып, тұқымды өз аулаларындағы шағын жылыжайда (парник) көшет етіп өндіреді. Көшет өсіп-жетілген шыққан соң белгілі бір уақытта алқапқа отырғызылады. Негізгі қызу еңбек одан кейін басталады. Жаз бойы шөп жұлу, кетпендеу, минералды тыңайтқыштар беру, дәрілеу жұмыстары атқарылады. Мұның бәрі сөзбен айтуға ғана оңай. Нағыз қол еңбегін қажет етеді деп отырғанымыз да осы. Ал адал еңбектің түбі береке болатыны айдан анық. Міне, нұрлыкеттік еңбекқор, диқан алты ай бойғы тынымсыз еңбектің алғашқы жемісін көріп отыр.

Дегенмен, бізбен әңгімелесу барысында диқан жігіт саладағы бірқатар проблемаларды да ортаға салды. Ол өз сөзінде, егістік көлемін ұлғайту арқылы өнім көлемін арттыру үшін Үкімет тарапынан жеңілдетілген несиелер берілсе деген тілегін жеткізіп, дайын өнімнің бағасын тұрақты ұстап тұру үшін жергілікті атқарушы билік тарапынан да тиісті шаралар қабылдау қажеттігін алға тартты. Жуалылық диқандар алғашқыда қырыққабаттың әр келісін 80-85 теңгеден өткергенімен, оның бағасы кейіннен едәуір төмен түсіп кететін көрінеді. Онымен қоса, салада ағын су проблемасы да бар. Осы аталған мәселелер шешілсе, өнім көлемін еселеуге болатынын да баса айтты.

Дүйсен Бердияров Өзбекстан Республикасының Ташкент облысы Пскент ауданының Ақтөбе ауылында туып-өскен. Отбасында үш ағайынды. Әкесі Амангелді колхозда жүргізуші болып жұмыс істесе, анасы Бибіхатша әртүрлі жұмыстар атқарған. Бұл отбасы Жуалы ауданының Нұрлыкент ауылына 1999 жылы қоныс аударады. Жұбайы Феруза екеуі отбасында екі ұл, үш қыз тәрбиелеп, өсіруде. Үлкен ұлы Мұхамедәлі М.Тынышпаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын машинист мамандығы бойынша бітіріп, қазіргі таңда өз мамандығымен Көкшетау қаласында жұмыс істейді. Одан кейінгі қыздары Айгерім мен Ақмарал да жоғары оқу орындарында мұғалім және медицина қызметкері мамандықтары бойынша білім алуда. Кенже қызы мен кенже ұлы Рабия мен Нұрахмет мектеп қабырғасында оқиды.

Нұржан Манасұлы,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close