El іshі
Ұлт тарихы – ұрпақ мақтанышы
Жақында №13 А.Байтұрсынов атындағы орта мектепте Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» тақырыбындағы мақаласы аясында конференция өтті. Конференцияға аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері, ҚР-ның үздік өлкетанушысы Дәулетжан Байдалиев, аталған мектептің алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі Байқадам Ағыбаев, технолог Нұргүл Мырзахметова және оқушылар қатысты.
Шараны ұйымдастырушы мектептің кітапхана меңгерушісі Айжан Жаналиева мен Лилия Тұрсыметова мақаладағы Ұлы даланың тарихына, салт-дәстүріне, өнері мен фольклорына, музыкасына, ұлы есімдеріне, киносы мен телевизиясына, сондай-ақ тарихи сананы жаңғыртуға арналған ұстаным тұжырымдарды саралауды, тарихымызды тереңнен тануға атсалысуды мақсат тұтқан екен.
Конференция өтетін залда «Ұлы даланы ұлықтау – ұрпақ парызы», «Рухани жаңғырудың сарқылмас қайнары» атты көрмелер жасақталған. Сондай-ақ, қазақ халқының баға жетпес байлықтары саналатын қолөнер бұйымдары қойылған.
Шара барысында қанатты сөздер айтылып, тақырыпқа байланысты слайдтар көрсетілді.
Шараны ашқан кітапхана меңгерушісі Айжан Жаналиева: «Нұрсұлтан Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы тарихымызды тануға, ұлттық салт-дәстүрімізді құрметтеуге, әдет-ғұрпымызды жандандыруға жол ашты. Тарихымызды, тарихи тұлғаларымызды, асылдарымызды, өнеріміз бен мәдениетімізді танып-білуге, құрметтеуге баулиды. Өткенімізді тану арқылы жарқын болашаққа жол ашылады. Біздің өлке – тұнған тарих. Туған халқымыздың осындай бай тарихын, ұлы жетістіктерінің барлығын кейінгі ұрпақтың санасына сіңіру – алдыңғы буын ағалардың міндеті. Ұлы даланың даналығы мен даралығын паш ететін жәдігерлеріміз, дүниелеріміз жеткілікті. Қысқасы, Ұлы даланың әл-Фарабиі, Қожа-Ахмет Яссауиі, Абылай ханы, Кенесарысы, Абайы секілді тағы да басқа даралары мен даналарын және сол ұлыларымыздың даналықтарын әлемге жаңа қырынан танытатын ғажап мақала дүниеге келді деп санаймыз» деп, кезекті оқушыларға берді.
Ортаға ұлттық киім киген оқушылар кезегімен шықты. Ұлы даланың жеті қырын жырына арқау еткен Ерасыл Балташ, Нұрсезім Аманбаева, Ақерке Алланазар, Нұрсұлу Балташ, Гүлназия Амантай, Ерсұлтан Алланазар өз арнауларын арнап, өлеңдерін мәнерлеп оқыды. Сонымен қатар, оқушылар мақаладағы жеті қырдың ішіндегі «Атқа міну мәдениеті», «Ұлы даладағы ежелгі металлургия», «Аң стилі», «Алтын адам», «Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны» деген бөлімдеріне кеңінен тоқталды. Мақала туралы өз ойларын ортаға сала отырып, туған жерлері Жуалының тарих қойнауына сыр шерткен оқушылар легіне сырттай қарап отырып, біз де сүйсіндік.
Ал, тарих пәнінің мұғалімі Асланбек Наурызбаев «Түркі әлемінің бесігі» тақырыбында оқушыларға слайд арқылы көптеген мәліметтер айтып өтті. Сондай-ақ, 10 сынып оқушысы Гүлдана Қыдырбай мен Данияр Әділхан мақаланың «Архив – 2025», «Ұлы жібек жолы» қырына тоқталса, кітапханашы Лилия Тұрсыметова Ұлы даланың ұлы есімдерін атай отырып, Жуалы жерінен шыққан ақындар мен батырлардың ерліктерін атап өтті.
Конференцияда сөз кезегі өлкетанушы, аудандық тарихи-өлкетану музейінің ғылыми қызметкері Дәулетжан Байдалиевке берілді. Ол оқушыларға алғысын білдіріп, тарихтың қойнауынан сыр шертіп, Жуалы жері туралы мағлұмат берді. Сонымен қатар, ол «Астана» телеарнасының «Ғажайып Қазақстан» бағдарламасына арнайы түсірілген Берікқара шатқалы туралы бейнероликті балалар назарына ұсынды.
Шарада сөз алған Байқадам Ағыбаев балаларды тарихымызды білуге, көп кітап оқып, рухани бай болуға шақырды.
Конференцияны мектептің кітапхана меңгерушісі Айжан Жаналиева қорытындылады. Оқушылар мен келген қонақтар естелік суретке түсті.
Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»