El іshі

Наурызкөже – мерекенің сәні

Ұлыстың ұлы күні міндетті түрде Наурызкөже дайындалады. Бұл молшылықтың, құт-берекенің жоралғысы саналады. Бұл күні барлық отбасында ұлттық тағам пісіріліп, көпшілікке ұсынылады. Осы ретте, Билікөл ауылдық округі Қарабастау ауылындағы ұлттық құндылықтарды бойынан жоғалтпаған, салт пен дәстүрді берік сақтаған Қоныскүл Мәмекова Наурызкөжені дайындау туралы өз білгенімен бөліскен еді.

Ардақты ананың жаны қандай таза болса, тағамы да, сөзі, іс-әрекеті де сондай. Білгенін өзінен кейінгілерге ерінбей үйретіп, көптің арасында жүрген жан-жақты ақжаулықты ана.
-Наурызкөже – ұлттық тағамымыз. Көжені әзірлеуді анамнан үйренген болатынмын. Яғни, ескінің көзін көрген біз бүгінгі жас буынға ұлттық тағамның дұрыс жасалуын үйретіп келе жатырмыз. Мерекенің сәнін келтіретін Наурызкөжені жыл он екі ай мол дастарқан болсын, ырзық-несібеміз мол болсын деп көпшілікпен әзірлейміз. Біздің қазақ халқының ұлттық құндылықтарының астарында бір елдің ынтымағы жатыр емес пе?! Ою-өрнектері, қазақы салт-дәстүрлері Ұлы мерекемізде ұлықталып, Жаңа жыл басы келгенін қуанышпен қарсы аламыз. Мұндай берекелді, мерекелі күн есімізде ұзақ сақталады.
Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мерекесін дәстүрлі наурызкөжесіз елестету мүмкін емес. Бұл күні әрбір үйде қазан оттан түспей, уыз қатырылып, сорпа сапырылады, наурызкөже дайындалады. Ырымшыл қазақ халқы әу бастан қасиетті сандарға мән берген. Сол себепті бұл тағамды жеті түрлі тағамнан жасап, молшылық болсын, береке болсын деп ниет еткен.
Табиғат бастауы су ғой. Сусыз тіршілік болмас. Сондықтан Наурызкөженің де негізі су болып табылады. Мұның да астарында – өмір өзен, ұрпақ-өріс судай асып-тасысын дегені болса керек.
Қазақтың ең жақсы көретін, негізгі ас дәмдерінің бірі – ет. Қашанда қазақы дастарханның берекесін ет келтіреді. Сол себепті Наурызкөжеге қазақтың төл асы – ет қосылады. «Ұзынсарыға» сақталған сүр етті қазан толсын, ас мол болсын деген ырыммен тұтастай Наурызкөжеге салып қайнатады.
Наурызкөжені қалай болса, солай әзірлеуге болмайды. Оның жасалу әдісін дұрыс сақтау керек. Бәрі таза әрі аса мұқияттылықпен, жауапкершілікпен әзірленуі қажет. Ол үшін көжеге қосылатын бидайды тазалап жуып, су сеуіп, түйеді, желпіп суырады. Сол кезде бетіндегі қыпығы алынады. Бидайды қапқа салып кеузейді. Оны жақсылап түю керек. Одан кейін кешке қарай бір қайнатып, бүркемелеп, асты күйіп кетпейтіндей кішкене қазанға қуырады. Қуырылғанда сыртқы қабаттары күйіп тазаланады. Бидайдың қыпығы көженің бетінде жүрмеуі тиіс. Наурызкөжеміз тап-таза болуы қажет. Әрине, мұның барлығы үлкен еңбек. Әйел азаматтының шыдамдылығымен, жауапкершілігімен жасалады.
Дәндердің дәмін келтіріп, тұзын салып, бөлек-бөлек ыдыста кеш батқаннан таң атқанша бөктіріледі. Әрқайсының пісу уақыты әртүрлі. Дәнді бөктіргенде суын молынан құю керек. Суы аз болып, дәндер бір-бірімен жабысып, ботқаға айналмауы қажет. Мәселен бес келі дәнге 20 литр су құйылуы тиіс. Жүгеріні түйген кезінде қара кіндігі алынбай қалады. Соны біртіндеп қарап, тазалап алу қажет.
Наурызкөжеге дәнді дақыл қосудың бір мағынасы – бір тамырдан өсіп-өнген дәндей ұрпағымыз көп болсын деген тілек болса керек. Наурызда берілетін бата нышаны осы Наурызкөжеде де сайрап тұр.
Көжеге міндетті түрде айран немесе ақ құяды. Мұның да негізінде – сүттей ұйып отырайық, ақ мол болсын деген ниет жатқан болар. Қазақтың ұлттық тағамдарының көбіне осы сүттен жасалады. Ұлттық тағам – Наурызкөжеге де қосылуы заңдылық па дейміз. Қазақтың ұлттық тағамдарына кіретін құрт та көженің дәмін келтіріп, ерекшелендіреді. Ауылдың пысық әжелері Наурызкөжеге деп құртын сақтайды. Оны езіп, құрттың малтасын алып, көжеге салады. Көженің дәмін айранға қарағанда сүрленген құрттың малтасы келтіреді. Бір ескеретін жайт, көжеге айранды ыстық кезінде құюға болмайды.
Кез келген тағамның дәмін тұз келтіреді. Наурызкөжеге де дәм беретін тұз жетінші тағам ретінде қосылады.
Ұлыстың ұлы күні молшылық, жақсылық, береке болсын деген ниетте осы күні жақсы амал жасап, салт-дәстүрімізді көрсетуге тырысамыз. Ұмтылып кеткен салт-дәстүрлерді қайта жаңғыртып, Наурыз күні көрсетіледі. Өйткені кейінгі ұрпаққа бұл ұлттық құндылықтар өнеге болуы, жетуі тиіс. Наурызда көпшілік тұсаукесер, шілдехана, тоқымқағар, бесікке салу, жарыс қазан, құрсақ шашу сияқты ырымдарды әр үй жасауға тырысады. Заман талабына қарай қазіргі таңда ауыл-ауыл болып, атап өтіп жатыр. Ел арасында Наурызкөжені «құдайы көже» деп те атайды. Мұндай жақсылық әр үйде болуы тиіс, – дейді Қоныскүл апа.
Көргенді қарт қарабастаулық Қоныскүл апа әңгіме барысында Ұлыстың ұлы күнінде ысырапшылдыққа жол бермеу керектігін баса айтты. Барлығы көпшілікке жетіп, «мәре-сәреде ел бір-бірімен көрісіп, амал жасап, жақсы тілектерін бір-біріне арнайды» дейді. Ауылдың анасына айналған ол ауылдастарымен жыл сайын кезектесіп, Наурызкөже әзірлейтіндерін жеткізді. Дастарқанына ұлттық тағамдардың түр-түрін әзірлеп, мерекелі күнді атап өтетіндерін айтып өтті. Міне, Қарабастау ауылында Ұлыстың ұлы күні осындай молшылықта елдің бірлігі арқылы аталып, ұлттық құндылықтар кеңінен дәріптеледі екен.

Айгүл Қалымханқызы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close