El іshі
«Кітап оқымайтын жастар көбейіп барады»
дейді талай жылын кітапханаға арнаған Күнімкүл Қошаева
Кітапхана дүниеде ештеңемен теңестірілмейтін білім бұлағының көзі, ғасырдан-ғасырға адамзат тарихының керуенін сүріндірмей әкеле жатқан шырағы биік, парасаттылық пен білімділіктің, біліктіліктің киелі ордасы.
«Мәдениет пен өнер ұлы болмайынша, ұлт ұлы болмайды» дегендей, егеменді мемлекетіміздің болашағы жастардың мәдени танымдық қабілетін қалыптастыратын мәдени ортаның бірі кітапхана болып табылатынын бүгінде білмейтін адам кемде-кем.
Қызығы мен қиындығы мол кітапханашы мамандығы туралы бір-ақ ауыз сөзбен жеткізу мүмкін емес, жұрт көп біле бермейтін, көп елене бермейтін, бірақ дүйім оқырманның кітап жайлы бағыт-бағдар алуы үшін жан-тәнімен беріліп қызмет атқарып жатқан кітапханашылардың еңбегі ұшан-теңіз. Қасиетті қазынамызды көздің қарашығындай сақтап, насихаттап, ел игілігіне жаратып жүрген кітапханашылар – ең қажет, абыройлы мамандық иелері. Осы ретте бүгін біз бар өмір жолын кітапхана саласына арнаған, абыройлы еңбек етіп зейнеткерлікке шыққан Күнімкүл Қошаева жайындай әңгімелейміз.
Күнімкүл Қошаева 1960 жылы Талас ауданы Бостандық ауылында (қазіргі Сәду Шәкіров ауылы) көпбалалы отбасында дүниеге келген. Үйдің ең үлкені. Әкесі Үшкемпір Қошаев қарапайым жүргізуші болса, анасы Ырысжан Ізбасова үй шарауасымен айналысқан.
Ардагер осы ауылдағы А.Жданов атындағы орта мектепті аяқтаған. Жастайынан әдеби, тарихи кітаптарды сүйіп оқып, ақындардың өлеңдерін жаттап өскен. Содан да болар оқуды аяқтаған соң, бірден Шымкент қаласындағы әл-Фараби атындағы педагогикалық институттың кітапхана мамандығына оқуға түсіп, оқу орнын үздік бітіріп шығады.
Еңбек жолын 1981 жылы Тараз қалалық қазіргі Абай кітапханасында кітпаханашы болып бастайды. Жұмыс жасап жүрген кезінде әкесі Үшкемпір Қошаевтың қапияда дүние салғанын естіп, туған ауылына қайта оралады. Ауылында кітапханалық жұмысын жалғастырады. Осылайша 1984 жылы Ақкөл ауылының азаматы Талғат Болатбеков есімді азаматпен танысып, тұрмысқа шығады.
1991 жылы ел Тәуелсіздігін алған тұста елде тоқырау заманы басталғаннан кейін отбасымен бірге Жуалы жеріне көшіп келеді. Мұнда отағасы Т.Болатбеков халықтан тері жинауды кәсіп етсе, Күнімкүл Қошаева аудандық орталық кітапхананың абономент бөлімінде кітапхана меңгерушісі болып жұмысқа орналасады.
2000 жылы жолдасы Талғат Болатбеков көлік апатынан қаза болады. Тағдырдың тауқыметіне мойымаған Күнімкүл Қошаева екі ұл, екі қызын жалғыз өзі жетілдіріп, қатарларынан қалдырмай оқытып, қатал тәртіппен өсіреді. Еңбекке баулиды, ешкімге масыл болмауды үйретеді. Балаларының барлығы ер жетіп, қалаға оқуға кеткенде сіңілісінің Берік, Дархан есімді екі ұлын қолына алып, асырап бағады.
«Өз ісіңді сүй, сонда ісің саған бас иеді» демекші, кітапханашы Күнімкүл Қошаева жұмысына берілген азаматшалардың бірі болған. Тынбай еңбек етудің, жан-жақты ізденістің, жұмысына деген жауапкершілік пен қызығушылығының арқасында 2011 жылы аудандық орталық кітапхана директорының орынбасары қызметіне тағайындалады. Сонымен қатар мәдениет қызметкерлерінің Кәсіподақ ұйымының төрайымы қызметін қоса алып жүреді. Жұмыс барысында кітапханашылардың білмегенін үйретіп, жұмыс тәртібіне де машықтандырады. Еңбек жылдарында, еңселі еңбегі үшін Құрмет грамоталарымен, Алғысхаттар және Дипломдармен марапатталған. Одан бөлек,Салалық мәдениет, спорт және ақпарат қызметкерлерінің кәсіптік одағының «Еңбек даңқы» төсбелгісін иеленген.
-«Кітап – білім бұлағы, білім – өмір шырағы» дегендей, біз жұмыс жасап жүрген жылдары кітапхананың оқырмандары көп болды. Оқырман залы толық отыратын уақыттар, қандай бақытты кездер, десеңші, шіркін! Кітап оқи отырып, ой-өрісіңді кеңейіп, сана-сезіміңді дамытуға болады. Рухани жаңғырып, сөйлеу мәдениетің де қалыптасады. Жан-жақты дами түсесің. Ал, қазір қандай? Жастардың кітапқа деген қызығушылығы төмен. Барлығы әлеуметтік желіге, интернетке телмірген заман болды. Қазіргі жастарға барлық жағдай жасалған. Бірақ, бүгінгі ұрпақ соның қадіріне жете білмей ме, деп қорқамын.
Жұмысыма берілгенім сонша, кітапхананың сөресіне қойылған барлық кітаптың атауын, қай кітап қай жерде тұрғанын, қандай жазушының кітабы екенін және ол кітапта не туралы жазғанын жатқа білетінмін. Қазақ әдебиеті болсын, орыс әдебиеті болсын барлығын оқымай қоймайтынмын, – дейді Күнімкүл Үшкемпірқызы.
Ардагер немерелерінің қызығын көру басты арманы екенін үлкен тебіреніспен жеткізді.
Бүгінгі кейіпкеріміздің ұл-қыздарының барлығы оқыған, көзі ашық, білімді азаматтар. Олар әр салада жемісті еңбек етуде.
Ұлды ұяға, қызды қияға қондырып, немерелерінің балдай тәтті қылықтарына сүйсініп отырған Күнімкүл Қошаева, талай жылдық бейнетінің зейнетін көріп отыр. «Зейнеткермін» деп құр қарап отырмай жеке кәсіпкерлікпен айналысуда. Аудандағы орталық базардың жанынан «Индира» дүкенін және немерелерінің есімімен «Інжу-Маржан» аталған үлкен сауда үйін ашып, жеке кәсіпкерлерге жалға беріп отырған жайы бар.
Мақпал СҮЙІНБАЙ,
«Жаңа өмір»