El іshі

Тағылымы мол кездесу

Қарасаз ауылдық мәдениет үйінде №6 А.Пушкин атындағы орта мектеп директорының тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Расима Ақылбекованың ұйымдастыруымен «Қыз тәрбиесі – ұлт тәрбиесі» атты кездесу болды.

Кездесуге аудандық Аналар кеңесінің төрайымы Күлбақыт Айтқұлова мен орынбасары Айгүл Омарова және мүшесі Жаңаш Серғазина, аудандық емхананың акушері Ардақ Тойбекова, «Тұлға» психологиялық кеңес беру және тренинг жүргізу орталығының төрайымы Зейнеп Дәуренова, Көктөбе ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы Қаламқас Жұмабекова, т.б кездесу қонақтарымен бірге 6-11 сыныбының қыздары қатысты. Кездесуді мектеп мұғалімдері Мадина Кирбасова мен Айжан Сейітбек жүргізді.
Қазақ халқы «қыз» деген сөздің өзін әдеміліктің, әдептіліктің, инабаттылықтың, сұлулықтың белгісі деп таныған. Сондай-ақ, қыз баланың ұқыптылығын, шеберлігін, сүйкімділігін, жанының нәзіктігін, өнер-білімге бейім тұратынын жоғары бағалап, оның осы қасиеттерін бейнелі сөздер арқылы ерекше көрсеткен. Мысалы, «Қыздың жиған жүгіндей», «Қыз – елдің көркі», «Жақсы қыз – жағадағы құндыз», т.б.
Кездесу 5 сынып оқушысы Інжу Құнанбайдың орындауында «Қыздар» әнімен басталды.
Алғашқы сөз мектеп директоры Нұриддин Нұрғабыловқа берілді. Мектеп басшысы халқымыздың қыз балаға деген құрметі туралы айта келіп, бүгінгі қоғамдағы әйел-аналардың, қыз-келіншектердің іскерлігі жайлы айтты. Сонымен бірге қыздарды өмірде жақсыдан үйреніп, жаманнан жиреніп тәрбиелі, отбасының ғана емес, елдің қуанышы болатындай азаматша болуға шықырды.
Қазақта «Қыз тәрбиелей отырып ұлтты тәрбиелейміз, ұл тәрбиелей отырып рухымызды тәрбиелейміз» деген нақыл сөз бар. Осыдан-ақ қыз баланың тәрбиесінің ұлт келешегі үшін қаншалықты маңызды екенін аңғаруға болады.
Қыз баланың бойына асыл қасиеттерді дарыту тек ақыл айтумен шектелмейді, өз ісіңмен, жүріс-тұрысыңмен, әдебіңмен үлгі-өнеге көрсетуің қажет. Осы мәселе бойынша сөз кезегі ардагер ұстаз Айгүл Омароваға берілді. Осы кездесудің ұйымдастырылуына атсалысқан ардагер ұстаз қыздарды қыз тәрбиесі, денсаулығы, болашағы жайында ашық әңгімелесуге шақырды.
Оқушылар тарапынан қойылған «Бүгінгі қыздардың тәрбиесіне көңіліңіз тола ма?» дегендей сұрақтарға жауап берді.
-Қыз бала ата-анасының ғана емес, әулетінің абыройы. Қыз баланың бойында бала кезден ата-анасын, ұстаздарын сыйлау, үлкеннің алдын кеспеу, биязылық сияқты жоғары қасиеттер қалыптасса, оның болашағы да жарқын.
Бала – отбасының айнасы. Сондықтан баланы тәрбиелеуді ата-ана өзінен бастауы керек,- дей келіп, Айгүл Омарова қыздарды заман көшінен қалмай білімді, бәсекеге қабілетті, жан-жақты өнерлі болуға шықырып, егер бөтен ойлы қыздар болса, өз-өзіне есеп беруге, өз болашағын ойлауға шықырды.
Кез келген жан қыз баланың бойынан нәзіктік пен сұлулықты, ұяңдық пен инабаттылықты, сыпайылықты, әдемілікті, шеберлікті көргісі келеді. Бұл мәселе жөнінде өз ойын ортаға салу үшін сөз кезегі аудандық Аналар алқасының төрайымы Күлбақыт Айтқұловаға берілді.
Күлбақыт Тұрымханқызы: «Әдемілік дегеніміз – ішкі мәдениет, қарапайымдылық, әдептілік.
Әйел адамның қолынан барлығы келеді. Тек ниет керек. Әйел-аналардың қызметтегі іскерлігі, жоғары жауапкершілік қасиеттеріне Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жоғары баға берген» – дей келіп, оқушылар тарапынан қойылған сұрақтарға жауап берді.
Бауыржан Момышұлы ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы Жаңаш Серғазина қыздарға мамандық таңдау мен жар таңдауда қателеспеу керек екенін баса айтты. Қазіргі таңда интернет арқылы бейтаныс жігіттердің арбауына түсіп қалып, өмірін өксітіп жатқан жас қыздардың кездесіп жатқандығы туралы да айта келіп, қыздарға өздерін ұстай білу, өз-өзін рухани жағынан үнемі дамыту керектігі жайлы айтты.
11 сынып оқушылары тарапынан қойылған сұрақтарға байланысты педагог-психолог «Мен ғажаппын» жаттығуын жасатты.
Ал, аудандық емхананың аға акушері Ардақ Есентайқызы қыз баланың гигиенасы туралы ақыл-кеңестерімен бөлісті.
-Тәрбие отбасынан басталады. Ана мен қыздың арасында мәміле болмаған жағдайда дұрыс бағыт болмайды. Қыз бала өзін мазалаған немесе қызықтырған сұрақтардың жауабын бірінші анасынан сұрауы керек. Себебі, ана баласы үшін бар жақсылықты жасайды.
Қыз бала дұрыс жолда болуы үшін жүрегінде иман болуы керек. Иманды бала жамандыққа бармайды.
Қыз баланың денсаулығына келсек, бедеулік, түрлі гинекологиялық, онкологиялық аурулар суық тиюден басталады, жыныстық қатынасқа ерте түскеннен, түсік жасатудан басталады. Қыз – болашақ ана. «Әйел-ана бір қолымен бесікті, бір қолымен әлемді тербетеді» дейді. Ана деген ұлы есім. Сондықтан қыз бала болашағына немқұрайды қарамауы керек,- дей келіп акушер қыз баланың денсаулығы жайлы кеңінен әңгімеледі.
Көктөбе ауылдық Аналар кеңесінің төрайымы Қаламқас Жұмабекова болса ұлттық менталитетіміз жайлы жан-жақты айта келіп, қыздарды еліктеушіліктен аулақ болуға, көтеріңкі көңіл күйді санаға, ақылға жеңдіруге, тектілігімізді жоғалтпауға шықырды.
«Тұлға» психологиялық орталығының төрайымы Зейнеп Дәуренова жастардың психологиялық тұрғыдан өзін дұрыс жолға қоя білу жолдары, ол үшін мақсаттың айқындылығы, отбасында ата-ананың балаға деген махаббатының рөлі, әсері жайлы әңгімеледі.
Қарасаз ауылдық округінің әкімі Жанар Нұрмұратқызы ауылдық округтегі жасөспірімдер арасында құқықбұзушылықтың алдын алу мақсатында жасалған түнгі рейдтік жұмыстар барысында өкінішке орай, түнгі 23.00-ден кейін бір қыз баланың да жүргені анықталғаны жайлы айта келіп, қыздардың, жалпы жас ұрпақтың тәрбиесіне бүкіл қоғам жауапты екендігін, сондықтан бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарау қажеттігін айтты.
Кездесу барысында қыздар өздерінің көкейіндегі сұрақтарына жауап алды. Жалпы қыз баланың тәрбиесіне қатысты және адами қасиеттер жайлы әдемі әңгіме өрбіді.
5 сынып оқушысы Көркем Фархатқызы «Қазақ қызы әдемі» әнін шырқады.
Қорытынды сөз Айгүл Омарова мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Расима Ақылбековаға берілді.
Тағылымды, жас ұрпаққа берері мол іс-шара жазушы Әзілхан Нұршайықовтың қазақ қыздарына айтқан төмендегі өсиетімен қорытындыланды.
«Қыздар!
Егер сүйген жігіттеріңе сүйікті жар боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар! Егер ата-енеге қымбатты келін боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар! Егер ертең шәкірттеріңе үлгілі ұстаз боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар! Өздеріңді алақанға салып, әлпештеп отырған қоғамға адал перзент, асыл азамат боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар! Егер ертең, егде тартқанда, келісті ана, кемеңгер әже боламын десеңдер, еңбекшіл болыңдар! Әдемі болыңдар, әсем болыңдар! Сонымен бірге ақылды болыңдар! Сұлу болыңдар, сымбатты болыңдар! Саналы болыңдар! Ең алдымен еңбекшіл болыңдар! Еңбекшіл адам – ең ардақты адам. Дүниеде ең сұлу әйел – еңбекшіл әйел. Еңбекшіл әйел – ерге сүйікті, елге сүйкімді, отбасыға сыйлы. …Өңді қыз өтімді қыз болғанымен, түптің түбінде есті, еңбекшіл қыз ғана жақсы жігітті өкіндірмей ең асыл жар, жан серік бола алады.
Ұйқышыл болмаңдар, ұмытшақ болмаңдар! Инабатты болыңдар, ілтипатты болыңдар, ұйымшыл болып өсіңдер! …Апиын ішкендей елтіп, сәнге еліктей бермеңдер. «Жылтырағанның бәрі алтын емес» дегендей, жарқырағанның бәрі бірдей сән емес. Олардың ішінен тек өз бойыңа қонымдысы, өз денеңе жарасымдысы, сырт көзге оғаш көрінбейтін ұнамдысы ғана сән. Ендеше, өздеріңе не жарасып, не жараспайтынын білсеңдер. Көрсе қызар болмаңдар! Қол жетпеске тыраштанбаңдар! Құр сәнқойлықтан сақтаныңдар. Сананы сәнге емес, сәнді санаға бағындырыңдар!»

Таңдаулы материалдар

Close