El іshі

35 отбасына көмек көрсетілді

Жетім көрсе жебеп, маңдайынан сипайтын, жетімін қаңғыртпаған, жесірін жылатпаған қазақ дейтін тәубашыл, қайырым жасауды парызымыз деп есептейтін халықтың өкіліміз. Әсіресе, мұндай жақсы қасиеттеріміз адамзаттың басына түскен дәл індет келген мынадай қым-қиғаш заманда жарқырай көрінуде. Шыны керек, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласы жарық көргелі бері ел өңірлерінде мұндай қайырымдылық шаралары көптеп ұйымдастырылуда. Әрине, ешкім бай болғаннан немесе асып-тасығанынан қайырымдылық жасамайды. Қайырымдылық көбінесе Алланың разылығы үшін және жетім-жесірдің, жоқ-жітік жандардың бата-дуасын алайын деген ақ ниетпен берілсе керек.

Күні кеше ғана ел болып атап өткен ел Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерейлі мерекесіне орай мұндай шаралар қарқын алып отыр. Оған түрлі салаларда еңбек етіп жүрген қызметкер азаматтардан бастап, қарапайым тұрғындар, тиісінше, қоғамдық ұйымдар мен қоғамдық қорлар да белсене атсалысып жатыр. Кеше осындай қайырымдылық шарасына өзіміз де куә болдық.
Тараз қаласында орналасқан «Құттық баба» қоғамдық қоры Тәуелсіздіктің 30 жылдығына арнап аудандағы аз қамтылған және асыраушысына айырылған 10 отбасына азық-түліктей көмек көрсетті. Оның ішінде 50 келілік бір қап ұн, бір қап құмшекер (25 келілік), күріш, макарон, шәй, сұйық май, тағы басқа тәттілер қамтылған. Жалпы әр отбасына қайырымдылық үшін 35 мың теңгегеден жұмсалып отыр. Қайырымдылық жасаушы «Құттық баба» қоғамдық қорының өкілдері Б.Момышұлы ауылы әкімі аппаратының мәжіліс залына көмек алушы жанұя мүшелерін және ауыл қарияларын жинап, шағын басқосу өткізді.
Жиын барысында «Құттық баба» қоғамдық қорының директоры Еркімбек Қуатбеков сөз сөйлеп, жалпы аталған қоғамдық қордың қызметімен таныстырып, оның айналысатын шаруаларын сөз етті. Оның айтуынша, қор 12 жыл бұрын құрылған екен. Содан бері облыс көлемінде өтетін бірқатар игілікті шараларға атсалысып, мемлекет саясатын да қолдап келеді екен. Бұл жолғы қайырымдылық шарасы да осының тағы бір айғағы. Жалпы бұл қоғамдық қор Жамбыл облысы бойынша барлығы 100 отбасына дәл осындай қайырымдылық жасауды қолға алған екен. Сонда өңірге қарасты 10 ауданның әрқайсысынан 10 отбасы қайырымдылық көмек алады деген сөз. Ол үшін қоғамдық қордың есебінен 3,5 миллион теңге қаражат бөлініп отыр. «Құттық баба» қоғамдық қорының директоры Е.Қуатбеков өз сөзінде, жиналғандарды ұлық мерекемен құттықтап, көмек алушы 10 отбасына қордың атынан құттықтау қағаздарымен бірге азық-түліктің сертификаттарын тапсырды. Көмек алушылар азық-түлікті осы сертификат арқылы аудан орталығындағы «Арман» супермаркетінен ала алады.
Қайырымдылық шарасында «Жуалы» көпшілік мешітінің имамы, ауданның Құрметті азаматы Сейітқазы қажы Медетбек, Б.Момышұлы ауылдық ардагерлер кеңесінің төрағасы Кемелбек Дәуренов сөз сөйлеп, қайырымдылық қасиеттері туралы кеңінен айтып, жиналғандарға бата беріп, қоғамдық қордың өкілдерінің жұмысына береке тілеп, алғыстарын жеткізді.

Нұржан Манасұлы,
«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close