El іshі
Бақыт балалы үйге қонады
Даңқты қолбасшы, қазақтың хас батыры Бауыржан Момышұлынан бір кісі былай деп сұрапты дейді:
– Бауке айтыңызшы, жер бетінде ең батыр адам кім?
Сонда батыр атамыз:
– Жер бетіндегі ең батыр адам… ол – қыз,- депті. Әлгі кісі оның мәнісін сұрағанда Баукең тағы да:
– Мен қанша батыр болсам да, бөтен, танымайтын елде бір сағат та тұрғым келмей қашамын. Ал, қыз болса, барған жерінде жалғыз өзі өмірінде көрмеген, танымайтын адамдармен тіл табысып, сол елді біріктіріп ел де қыла алады, сыйлата да алады, алыса да алады, қаймықпастан ұрпағын да көбейтіп, сол елді жеңіп, мәңгі билейді, – деп жауап берген екен.
Мұның мәнісі неде? Қол бастаған батыр Бауыржан Момышұлы неге бұлай деп жауап берді? Әрине, жүрегі жаудан да, даудан да қайтпаған қолбасшының бұлай деп жауап беруінің астарында ұлт пен ұрпақтың болашағы жатқаны анық. Қызды батырға теңегені, оның ұрпақ жалғастыратын қасиетін, танымайтын екі жұртты біріктіретін, сондай-ақ, қыз баланың ана бақытына ие болатынын меңзеп тұр емес пе Баукең?! Шынында ана өмірдің гүлі, өмірге ұрпақ әкелуші, адамзаттың өмірге келуіне Жаратушыдан кейінгі себепші болатын да әлбетте осы аналар қауымы.
Асылында жолы жіңішке болып келетін қыз баланың мойнына жүктелген міндеттің салмағы өте ауыр ма дерсің? Себебі, жат жұртқа барып ана болу, сол әулеттің ұйытқысына айналу оңай шаруа емес. Ол үшін қыз бала өз отбасында жақсы тәрбиеленіп, ата-ананың тәлімі мен әже өнегесін көбірек алғаны жөн. Ал көп баланың анасы болу нағыз ерлікке татиды. Көпбалалы ана, көпбалалы отбасы болу айтуға ғана оңай. Қарап отырсаңыз, халқымыздың тарихында есімі елге танымал тұлғалардың көпшілігі көпбалалы отбасында дүниеге келген.
Көп бала көгергенімізге жақсы, әрине. Қазір елімізде көпбалалы отбасыларға мемлекет тарапынан да көбірек көңіл бөлінуде. Бұл ең алдымен демографиялық өсімге елеулі әсер ететін басты фактор. Үкімет мүмкіндігіне қарай 10 баласы бар отбасыларға қалалық жерлерден баспана берсе, кейбіріне қаржылай және азық-түлік түрлерімен, киім-кешекпен, т.б. қажеттіліктермен жәрдемдесуде. Бұл әрине, көпбалалы отбасылардың жетілуіне, балалардың қысылмай-қымтырылмай еркін өсіп, білім алуларына үлкен әсер ететіні анық.
Хош. «Балалы үй базар, баласыз үй қу мазар» демекші, сонымен біз бұл мақалада көпбалалы Алмас Әбілқасымов пен Майра Райысованың отбасы туралы әңгімелемекпіз. Қарасаз ауылында тұратын бұл отбасына Наурыз мерекесінің қарсаңында барып, сұхбаттасқан едік. Отағасы Алмас Қаратайұлы Алматы облысы Жамбыл ауданының тумасы екен. Әкесі Қаратай Әбілқасымов бұрын совхозда жүргізуші болып жұмыс жасаса, анасы Роза үй шаруасында болған. Алмас отбасында үш ағайынды, өзінен үлкен әпкесі және інісі бар. Ал отанасы Майра Болатқызы Қарасаз ауылында туып-өскен. Осындағы №6 А.Пушкин атындағы орта мектепте білім алған. Мектепті бітірген соң Тараз мемлекеттік университетінде жоғары білім алған. Майраның ата-аналары 20 жылдан бері жеке кәсіпкерлікпен айналысып, ауыл-аймақтан сүт жинап, оны «Бурный сүт компаниясы» ЖШС-не өткізеді екен.
Алмас пен Майра 2006 жылы Алматы қаласында танысып, сол жылы шаңырақ көтереді. Олар алғашқыда Алматы облысының Жамбыл ауданы Жайсаң ауылындағы ата-аналарының қолында бес жылдай тұрып, содан кейін бөлек шығады. Отағасы Алмас алғашқыда Алматыда жиһаз дайындайтын цехта, пластик терезе жасайтын кәсіпорында, кейінгі жылдары құс фабрикасында жұмыс жасайды. Ал отанасы Майра көбінесе бала күтімімен үйде болып, бірінен соң бірі дүниеге келіп жатқан үйелмелі-сүйелмелі ұл-қыздардың тәрбиесімен айналысады екен. Олар 2017 жылы Қарасаз ауылына көшіп келіп, балаларын ауыл мектебіне оқытып, қазақы ауылда тәрбиелеу үстінде.
-Біз осында желтоқсан айында көшіп келдік. Әзірше жеке баспанамыз жоқ. Ауылдағы бір таныс кісінің үйінде уақытша тұрып жатырмыз. Отбасында жеті баламыз бар. Ең кенжеміз Алмат 2021 жылдың қаңтар айында дүниеге келді. Қалғандары ересек. Төртеуі мектеп жасында. Кішкентай екі қызымыз балабақшаға барады. Құдайдың берген нәсібесімен біреуден ілгері, біреуден кейін өмір сүріп жатырмыз,- дейді отанасы Майра Райысова.
Әр баланың өз нәсібі бар десек те, сол нәсіпті адал еңбек, маңдай термен еңбек етіп теріп, ұл-қыздарды асырап, жеткізу ата-ананың негізгі міндеті. Осы ретте отағасы Алмас қазіргі таңда құрылыс жұмыстарын жасаумен айналысады екен. Одан бөлек, қолы боста жеке көлігімен ауылдан аудан орталығына жолаушылар тасымалдайды. Үйіндегі азын-аулақ малына қарайды, бау-бақша өсіреді. Осылайша ұл-қыздарын да еңбекке баулып отыр.
Отанасы Майраның айтуынша, бұл отбасы балаларына 2018 жылдан бері атаулы әлеуметтік көмек алады екен. Арасында балалар жәрдемақысын да алады. Биыл қайтарымсыз грант алуға өтініш беріп, мал өсірумен айналыссақ деген жоспарлары бар.
«Бала – бауыр етің» демекші, бұл көпбалалы отбасында жеті бала желкілдеп өсіп, тәрбиеленіп отыр. Тұңғыштары Рамазан жетінші сыныпта оқыса, екінші ұлы Рауан алтыншы сыныпта. Одан кейінгі апалы-сіңлілі қыздар Нұрайлым мен Аруна екінші және бірінші сыныптарда оқып жатыр. Еркеназ бес жаста, ал Арайлым үш жаста. Ал кенжелері Алмат екі айлық сәби. Рауан сабақты жақсы оқумен қатар, ІТ саласына жақын екен. Сондай-ақ, еңбек пәнінде мұғалімі Ернар Құрманғожаевтан ағаштан түрлі қолөнер бұйымдарын жасауды меңгеруде. Одан бөлек, атқа мінгенді жақсы көреді. Ол болашақта елге пайдалы мамандықтың иесі болсам дейді. Ал Рауан спортқа бейім. Есепке де жүйрік. Болашақта альпинист болып, биік шыңдарды бағындырсам деген арманы бар. Қызғалдақтай құлпырып өсіп келе жатқан қос қыздары Нұрайлым мен Аруна да сабақпен қатар ұстаздарынан музыканың қыр-сыры мен сурет салуды меңгеру үстінде. Міне, олардың осындай бейімділіктерінен-ақ болашақта жақсы азамат, білгір маман болып қалыптасатынын аңғаруға болатындай.
Көп бала көгергенімізге, ең алдымен халық санының артуына жақсы. Бір қызығы, біз әңгіме етіп отырған көпбалалы отбасының иелері Алмас пен Майраның екеуі де көпбалалы отбасында өспеген. Алмас үш ағайынды болса, ал Майраның бір ғана бауыры бар.
-Балалар – біздің бақытымыз. Отағасы екеуміз де баланың көп болғанын қаладық. Кішкентай кезімде аға-іні, бауырларым, әпке-сіңлілерім көп болса деп армандайтынмын. Отбасында ұл-қыздың көп болғаны әрине, жақсы. Бір ұяда өскен балалар өте бауырмал, бір-бірлеріне қамқор болып өседі. Мен осыны өз отбасымнан да көп байқаймын. Ұлың ер жетсе, алдымен әкесіне жәрдемші. Қызың өссе, анаға қолқанат болады екен. Үй шаруасына үлгере алмай жатсаң, қызың бір жағынан келіп көмекші болып жатады. Көпбалалы ана, көпбалалы отбасы болу – Алланың бізге берген үлкен нығметі, сыйы деп білеміз. Ал осы ұл-қыздарды қанаттыға қақтырмай, тұмсықтыға шоқтырмай өсіріп, жеткізу біздің ата-аналық парызымыз. Бұл – біздің ата-бабаларымыздың, ақ жаулықты аналарымыздың салып кеткен сара жолы. Осы жолды біз лайықты жалғастыруымыз қажет,- деп көпбалалы жас ана Майра Болатқызы ағынан жарылды.
Нұржан манасұлы,
«Жаңа өмір»
Суретті түсірген Сәбит Күзембаев