El іshі
«Елге ел қосылса – құт!»
Қазақ елі өз тәуелсіздігін нығайту жолында бірқатар шұғыл өзгерістерді бастан кешуде. Тарихи себептер салдарынан туған топырағынан көз жазып, әлемнің әр еліне бытырап кеткен қандастарымыз бен олардың тікелей ұрпақтары көк байрағы желбіреп, тәуелсіз әрі егемен болған өз Отанына орала бастады. Олар ұзақ жылдар атажұртына оралуды аңсап жүрген біздің қандастарымыз.Осылай 1990 жылдардың басында бастау алған ұлы көш туған елдің топырағына, атажұртына деген сарғайған сағынышын арқалап қасиетті қазақ топырағына бет түзеуде. Ресми мәліметтер бойынша тәуелсіздік жылдарында бір миллионнан аса қандасымыз атажұртына оралған екен. Бұл әрине, аз көрсеткіш емес. «Елге ел қосылса – құт!» демекші, қатарымызды толықтырып, халықтың өсімін көбейтіп жатқан қандастарымыздың тілінен, салтынан, жалпы болмысынан қоғамды тануға, білімге, кәсіпке деген құштарлықтарды көруге болады.
Тәуелсіздіктің ең алғашқы жылдары Тұңғыш Президент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың тікелей бастамасымен қолға алынған «Нұрлы көш» бағдарламасымен Қазақстанға бет түзеген ұлы көштің қатарында бүгінде Б.Момышұлы ауылын құтты қоныс етіп отырған Рүстем Раев пен Гүлнара Сұлтановалардың да отбасы бар болатын.
Бұл әулеттің осында көшіп келуі 1993 жылмен тұспа-тұс келді. Жуалы ауданына ең алдымен Гүлнар апайдың әпке-жезделері Гүлбаһар мен Ережепбай қоныс аударған екен. Отағасы Рүстем Өзбекстанның Хорезм облысынан жолға шығып, Қазақстанда тұратын қайынбикесі мен бажасын іздеп жолға шығады. Бұл 1994 жылдың қаңтар айы болатын. Ташкенттен Бурныйдың теміржол вокзалына келіп түскен ол мұндағы қалың қарды көріп, алғашқыда аң-таң болады. Әрине, Өзбекстанның жылы табиғатымен Жуалының қарлы-боранды болып келетін қатал ауа райын салыстыруға келмес. Жеңіл киініп шыққан Рүстем күннің суығынан тоңа бастады. Көп кешікпей іздеген адамдарын оңай тауып алды. Онда Гүлбаһар мен Ережепбайдың отбасы Қарақалпақстан Республикасынан осында көшіп келіп, Көктөбе ауылында пәтер жалдап тұрып жатқан болатын.
Осында аз күн аялдаған Рүстем осы сапарында аудан орталығынан сатылатын үй қарастырып, отбасын осында көшіріп әкелуге біржолата бекінеді. Ол тұста орыс, неміс ұлтының өкілдері үйлерін сатып, жаппай көшіп жатқан аласапыран кез болатын. Содан 1994 жылы олар қазіргі Б.Момышұлы ауылының Д.Қонаев көшесіндегі №29-шы үйді сатып алып, отбасымен осында көшіп келеді.
Өзбекстанның Хорезм облысының орталығы Үргеніш қаласында тұрып, отағасы Рүстем Раев сондағы ауылшаруашылығы техникаларын шығаратын үлкен зауытта бас энергетик, ал Гүлнара Сұлтанова қаржы мекемесінде жауапты қызметте болған екен. Екеуінің де екі жерде табысы мол жұмысы болды. Соған байланысты тұрмыстары да жаман болған жоқ. Бұл отбасы осында көшіп келгенде өздерімен бірге 20 тонналық контейнермен азық-түлік тауарларын, оның ішінде күріш, басқа да дайын өнімдер, кір сабын, химиялық тауарлар, целллофон қалта, қапшық, т.б. заттарды ала келеді. Алып келгендері қандай жақсы болған. Сол тоқырау жылдары мұндағы дүкендерде азық-түлік тапшы болды. Одан қала берді ауызсу жоқ. Бұл отбасы осында көшіп келген алғашқы жылдары аздап қиналып, Гүлнара апай өздерімен бірге ала келген тауарларын базарға шығарып сата бастады. Бүгінде үлкен кәсіпкерліктің негізі сонау 1994-ші жылы осылай қаланып еді…
Осы арада сәл шегініс жасасақ, Гүлнара Сұлтанованың әкесі Орын ақсақал (бүгінде 98 жастағы тыл және еңбек ардагері) колхозда бригадир болса, анасы Гүлжәмила үй шаруасында болған. Гүлнар апай Үргеніш қаласында 10 айлық бухгалтерлік курсты бітірген соң алғашқыда ауылда дүкен меңгерушісі, одан кейінгі жылдары банкте жұмыс істейді. Келін болып түскен шаңырақтағы қайынатасы Тезберген ақсақал Ұлы Отан соғысының ардагері, ал енесі Оразкүл үш бала тәрбиелеп өсірген ұлағатты ана болыпты.
-Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары көшімізді Жуалы жеріне бұрып, осынау қасиетті топыраққа табан тірегенімізге еш өкінбеймін. Алғашқыда сәл-пәл қиналғанымызды жасырмаймын. Өзбекстанда тұрғанда бақуат тұрмыс кештік. Әрине, мұның бәрі еңбектің арқасы. Үкіметтің жұмысымен қатар егістік алқабына күріш, бақша дақылдарын молынан егетінбіз. Базардан ештеңе сатып алмайтынбыз. Осында көшіп келген соң да бауырларымызбен бірігіп, сәбіз, картоп, қырыққабат егуді кәсіп көзіне айналдырып отырмыз. Ерінбей жұмыс істесең табысқа кенелетінің анық,- дейді Гүлнара апай.
Еңбекқор отбасы алғашқыда азық-түлік, кейіннен киім-кешек, көкөніс, жеміс-жидек саудасымен айналысты. Өстіп жүріп аз ғана жылда аяққа тұрып, тұрмыстарын түзеді. Өмір бір қалыпта тұрсын ба? Содан 1998 жылдың тұп-тура 22-ші наурызында бұл отбасында күтпеген тосын оқиға орын алады.
-Онда төртінші қызым кішкентай болатын,- деп еске алады Гүлнара апай. –Жұмыстан үйге шаршап келіп, қызымды емізіп жатып, көзім ілініп кеткен екен деймін. Бір уақытта қатты дауыстан оянып кеттім. Сөйтсем, үйге ұры түскен екен. Үйге білдірмей кірген ұры күйеуім Рүстемді ұрып, қолын байлап, сосын пышақпен қорқытып 300 мың теңгедей ақшаны және бейнемагнитафонды, онымен қоса алтын бұйымдарды үптеп үлгеріпті. Соның алдында ғана екеуміз ақшаны санап, қабырға жиһазының сөресіне қоя салған едік. Қас қылғанда, дәл сол күні үйдің есігі де құлыптанбай қалыпты. Ұры ақша, алтындарды алып үлгерген екен. Сол мезетте-ақ полицияға хабарластым. Аудандық ішкі істер бөліміндегілер кезекші көлік жоқ дегенді сылтауратып, оқиға орнына келмей қойды. Тек ертеңіне келіп: «ұрлықтың ізі жоқ, дәлел жоқ» деп, қайта өзімізге тиісе бастады. Күйеуің картаға ақша ұтылып, осы ұрлықты сылтауратып ақша мен алтындарды ұрыға әдейі беріп жіберді деген негізсіз қорытынды шығарды.
Әділет қайда? Мұндай жағдайда адам қалай күйінбейді? Олар осыншама қаражатты жатпай-тұрмай жұмыс істеп тапқан жоқ па?! Содан отағасы Рүстем алты ай бойы жер бауырлап жатып алады. Одан бөлек, бұл отбасынан қарызға ақша сұрайтын адамдар да көбейіп кетті. Сауда-саттық жайына қалды. Гүлнара апай енді мал ұстауға ниеттеніп, Түлкібас ауданындағы теміржолдың бойындағы 114-ші разъезге жақын маңнан жер алып, оған шағын баспана, мал ұстайтын қора-жай салып, сонда үш жылдай тұрады. Ол жақта сиыр ұстап, осындағы базарға сүт, қаймақ әкеліп сатып, аздап болса да тұрмыстарын түзейді. 2002-ші жылы аудан орталығына қайта келіп, «Сарыағаш» базарында киім-кешек саудасымен айналыса бастайды. Екі күн сайын Бішкек қаласына барып, тауар әкеліп сататын. «Аққа Құдай жақ» демекші, өзі ақкөңіл, кісіге деген жанашырлығы, қайырымдылығынан болар, жолы да ашылып, саудасы да жүре бастайды.
Сол ақкөңілдігінен өзі зардап шеккен кездері де аз болған жоқ. Ұсақ-түйек қарыздары өз алдына. Бір жолы жақын араласып жүрген Салтанат деген бір таныс келіншекке (есімі өзгертіліп алынды) банктен қомақты сомада несие алып беріп, өзі тақырға отырып қалады. Несиені өзім төлеймін деген әлгі таныс келіншегі нағыз алаяқтың өзі болып шықпасы бар ма? Қайдан білсін, әйтпесе мұндай қадамға кім барады?!
Рухы мықты әйел емес пе. Бұған Гүлнараның сағы сынып, жаны жасыған жоқ. Қайта алға ұмтылып, тірлігін қайта жалғастыра береді. Содан базардан бір дүкенді жалға алып, азық-түлік саудасына қайта кірісті. Қазір «Гүлнар» деп аталатын көтерме-сауда орнын кәсіпкерден жалға алып, табысты жұмыс істеуде. Одан бөлек, отбасымен бақша дақылдарын егіп, базарға шығарып сатады. Онымен қоса, үйінде жылқы, бұқа байлап, ет өндіреді, тауық, күркетауық асырайды. Бүгінде Г.Сұлтанованың жеке кәсіпкерлігінде жеті адам тұрақты жұмыс істеп, отбасын асырап отыр деуге болады.
-Сауданың серті әрі бір тиімді тұсы – ең бірінші қарның тоқ, киімің көк, балаларың аш болмайды. Екінші, қалтаңда үнемі ақша болады. Бір жаманы, көбінесе халықпен қарызбен жұмыс істейміз. Өздеріңіз байқасаңыздар, әрбір саудагерде қарыз кісілердің аты-жөні жазылатын кітапша болады. Тауарды немесе ақшаны қарызға беру үлкен тәуекелді қажет етеді. Адамгершілігі барлары қарызды уақтылы әкеп береді, енді кейбірі жалған айтып, жалған телефон нөмірлерін қалдырып, ізім-қайым жоғалып кетеді. Міне, біздің тірлігіміз осы. Сауда-саттықта бірде олай, бірде бұлай. Ұтқан кезіміз де, ұтылған кездеріміз де аз болған жоқ. Қысылғанда бір ғана Жаратушыдан көмек сұраймыз. «Жалғыздың жары Құдай» деген осы болар. Тірлікке еңбекті тірек етіп, алға жылжып келеміз. Тоқырап, тоқтап қалған кезіміз болған жоқ,- дейді ол.
Біз әңгіме етіп отырған жеке кәсіпкер Г.Сұлтанова көпбалалы үлкен отбасынан шыққан. Олар бір үйде барлығы 10 ұл-қыз болып өскен. Бауырларының дені 1994 жылдан бастап осында қоныс аударып, қазір аудан орталығында тұрады. Өз алдарына кәсіппен айналысуда. Гүлнара апай отбасында отағасы Рүстем Раев екеуі Айнұр, Гүлмира, Айдана, Қаламқас есімді үйелмелі-сүйелмелі төрт қыз, Бекзат, Шерзат есімді екі ұл тәрбиелеп өсірді. Бүгінде мәпелеп өсірген төрт қызы да өз теңін тауып, бақытты тұрмыс кешуде. Олардан әзірге тоғыз немере сүйген бақытты ата-әже. Екі ұлы тірлікке жәрдемші.
Тәуелсіздіктің елең-алаңында атажұртқа оралған Рүстем Раев пен Гүлнара Сұлтанованың қасиетті Жуалы жеріне көшіп келгеніне ширек ғасырдан асып барады. Отбасында төрт бірдей баласы осында кіндік қаны тамып, балабақшаға барып, ұл-қыздарының барлығы осындағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияда тәрбие-білім алды.
-Біздің әулет, біздің отбасымыз үшін Жуалыдан асқан жақсы жер жоқ. Жұлдызы биік қасиетті өлкенің саф ауасы мен табиғатының көркемдігі де өз алдына. Халқы да дарқан. Бұл жерден басқа жаққа көшетін ойымыз жоқ. Осында орнығып, тамыр жайып отырмыз. «Нұрлы көш» бағдарламасын қолға алған кемеңгер Ұлт Көшбасшысы, Тұңғыш Прзеидент-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа айтар алғысымыз шексіз. Алға қойған жоспарларымыз өте көп. Болашақта мал және балық шаруашылығын дамытсақ дейміз. Бәрін уақыт көрсетеді әрине. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Халқымыз бай-қуатты болып, тәуелсіздігіміз мәңгі жасай берсін!- дейді ол.
Бәрін айт та, бірін айт. Тәуелсіздік тұғырының нығаюына, ел экономикасының, кәсіпкерліктің дамуына қандастарымыздың қосып отырған үлесі қомақты. «Елге ел қосылса – құт» демекші, елім, жерім деп атажұртты аңсап келген бауырларымыздың осында орнығып, тамыр жаюына қолдау көрсету бәріміздің парызымыз…
Нұржан манасұлы,
«Жаңа өмір»
Суретті түсірген
Сәбит Күзембаев