El іshі

Бабын білген бау-бақша өсіреді

Нұрлыкент ауылының тұрғыны Бауыржан Демеусінов «Бармақ батыр» шаруа қожалығынан жерді жалға алып, бау-бақша өсірумен айналысуда. Ол ауылдың шетіндегі 2,5 гектар жерге қырыққабаттың «Бухарест» деген түрін отырғызған.

Жұма күні Бауыржан Қалмұратұлының егіс алқабында болып, онымен аз-кем сұхбаттасқан болатынбыз. Мұнда «Газель» автокөлігіне піскен қырыққабатты жігіттер өзара әзілдері жарасып, жарыса жинауда. Алқап басындағы жастар да көңілді. Піскен бау-бақша өнімін жерден жұлып алып, доп лақтырып ойнағандай бір-біріне беруде. Қаз-қатар отырғызылған қырыққабат жүйек-жүйекпен жиналуда. Көліктің ішінен шыққан әсем әуен қызу еңбектің әдемі көрінісімен үйлесіп, сырттай қараған жанның көңіліне жылулық сыйлап тұрғандай.

Ал, бау-бақша өнімін өсіруді қолға алған азамат өнімді уақтылы жинап алудың қамын жасауда. Ала жаздай еткен еңбектің еш кетпеуі үшін бір күнді де бос жібермеуде.

Ол жиналған өнімді Тараз қаласындағы «Ауыл-береке» базарына апарып өткізуде.

Қырыққабаттың бағасы тұрақсыз екен. Алғашында орамжапырақтың 1 келісін 90 теңгеден сатса, қазіргі таңда оның бағасы 60-70 теңге арасында болуда.

– Алғашында отбасының қамы үшін картоп өсірумен айналысқанмын. Қырыққабат өсіруді қолға алғаныма биыл екінші жыл болды. Өткен жылы орамжапырақтың «Ринда» деген түрін еккен болатынмын. Алғашқы жыл болғандықтан оның ерекшелігіне аса мән бермеген екенмін. Күтіп-баптауы, пісу уақыты бөлек, шыдамдылығы да ұзақ емес. Ал, биыл екі жерге арасын 15 күн салып көктем айында оның «Бухарест» түрін ектім. Қазіргі таңда 1,5 гектардағы қырыққабат жиналуда. Бәрі бірден пісіп кетпеуі үшін, шығынға батпау үшін екінші алқаптағы өнімді кешірек ектім.

Алқаптың басында күндіз-түні өзім жүремін. Қырықабаттың өз күтімі бар. Уақтылы суғарып, дәрілеп тұру керек. Сол үшін аптасына бір рет алқапты дәрілеп шығамын. Дәрілеу үшін төрт жұмысшыға 25 мың теңгеден төлеймін. Ал, селитраны 6000 теңгеден сатып аласың. Биыл  ағын су жетпей, біраз әбігерге салындық. Жаз бойы қырыққабатты өзім суғарып шығамын. Көзге көрінбегенмен мұнда қыруар тірлік атқарасың. Тек ерінбеуің керек. Көктемнен бастап, қара күзге дейін еккен өніміңді күтіп-баптап, жақсы өнім алу үшін бар күш-жігеріңді саласың.

Өнімді жинап бастағанымызға көп уақыт болмады, дегенмен үлгере алмай жатқанымыз тағы бар. Еңбегімізге қарай баға тұрақтанса деген тілегіміз бар, – дейді Б.Қалмұратұлы.

Оның айтуынша, алқаптан бір күнде 2 тоннадай өнім жиналады. Қырыққабат пісіп тұрғандықтан оны дер кезінде жинап, өткізу керек екен. Болмаса, піскен өнім бұзылып, ортасынан жарылып, кетуі мүмкін. Диқаншы осы уақытқа дейін 60 тоннадай өнім жинап, саудалап үлгеріпті. Жұмысшылар ауыл тұрғындары. Бауыржан жұмысшылардың еңбегіне қарай жалақысын төлейтінін, жиын-терім қыркүйек айының соңына дейін жалғасатынын атап өтті.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close