El іshі

«Әлеуметтік дүкен» теңгеңізді үнемдейді

«Зейнетақы өсіп, еңбекақы көбейеді» деген ақпар тараса болды нарықта құн құбылып шыға келеді. Одан қалды, баға жанар-жағар майдың қымбаттауына байланысты да өзгеріп отырады.

Қазіргі таңда әлеумет әмиянын тексеріп, қалтасын қақпайтын жерлерден сауда жасағанды жөн санайды. Тұс-тұстан тауарын тұтынушыға ұсынып, келушінің көңілінен шығу үшін сауда үйлері мен дүкендер барын салады. Алайда, олардың бәрінде бірдей баға парақшасы бола бермейді. Алдында тұрған азық-түліктің бағасын сатып алушының қабағына қарап өзгерте салуы да ықтимал.

Дегенмен халық қамы үшін – азық-түлік бағасын тұрақтандыру басты міндеттердің бірі. Бұл орайда әлеуметтік дүкендер де өз септігін тиігізіп келеді. Бұл өз өнімін тікелей нарыққа шығаратын өндірушіге де, теңгесін үнемдейтін тұтынушыға да тиімді.

Ауданымызда баға саясатын тұрақтандыруға және әлеуметтік осал топтарға қолдау білдіру мақсатында жақында ғана “Әлеуметтік дүкен” ашылған болатын. Дүкеннің тұрғындарға қаншалықты пайдасы болып жатқандығы мен оның тиімділігін білу үшін дүкенге арнайы барып, ондағы жағдайды өз көзімізбен көрген едік.

Мұнда келушілердің қарасы да көп. Дүкеннің жұмысшылары жаңадан келген тауарларды сөреге қойып үлгере алмай жатыр. Тауарлардың да түр-түрі бар. Яғни, ең қажетті деген әлеуметтік тауарлармен қатар, шаруашылық заттардың да ассортиментін табуға болады.

“Әлеуметтік павильондар” жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің басқарушысы Екатерина Владимировна Саранчаның айтуынша, дүкенде азық-түліктің бағасы нарықтағы бағамен салыстырғанда 10 пайызға төмен. Яғни, мұнда макарон өнімдері 200 теңге болса, жұмыртқаның он данасы 300 теңге, сұйық май 560 теңге, сары май 2050 теңге,  тауық еті 730 теңгеден саудалануда. Ал, картоптың бағасы 85 теңге көлемінде болса, пияз бен сәбіздің келісі 100 теңгеден, ал қырыққабат 200 теңге көлемінде. Сонымен қатар, дүкеннің сөрелерінен нанды 80 теңгеден сатып ала аласыз. Ал, ұнның бір келісі 125 теңгеден. Одан бөлек, күріштің бағасы мұнда 240 теңге болса, қарақұмық 320 теңгеден. Қанттың бір келісі 220 теңгеден саудаланса, тұз 37 теңгеден сатылуда. Сүтті 180 теңгеден, айранды 270 теңгеден және сүзбені 800 теңгеден сатып алуда.

“Әлеуметтік дүкеннен” ауданның кез келген тұрғыны азық-түлік сатып ала алады.

– Әлеуметтік дүкенде алты адам жұмыс істейді. Тауарларды дүкенге жеткізу үшін көтерме сауда желілерімен екіжақты әріптестік келісімшарттар жасалды. Көтерме сауда желілері арқылы бізге тауарлардың арнайы нарықтама белгіленеді. Осы арқылы тауарлардың бағасы қолжетімді болуы қамтамасыз етіледі. Себебі, дүкендегі тауарлардың бағасын нарықтағы бағадан төмен ұстауымыз керек. Кейде кейбір жеткізуші компаниялар бір апталық жеңілдіктер жасайды. Бірақ, қанша жеңілдік болса да, бағаны нарықтан төмен ұстауға тырысамыз.

Тауарлар сақталу режіміне сай сақталады. Мәселен,  сүтті алатын болсақ, кейбір өнімдер тоңазтқышта сақталуды қажет етпейді. Сондықтан дүкеннің ішіндегі қалыпты температурада сақтала береді. Егер де тұтынушы сатып алған затының сақталу мерзімінің өтіп кеткенін байқамай сатып алса, онда оны қайта дүкенге әкеліп, чекті көрсетіп, ақшасын алуға құқығы бар. Тек дер кезінде әрі уақтылы байқап, тауарды қайта өткізу керек.

Біз үлкен супермаркет емеспіз. Кез келген тауар бола бермейді. Дүкенге ең қажетті деген азық-түлік жеткізіледі. Өйткені, аудандағы осал топтағы отбасыларды қамтамасыз етуіміз керек.

Шектеулер әлеуметтік тауарларға қойылған. Яғни, дүкенде бес литр сұйық май 2800 теңге тұрады. Алыпсатарлықтың алдын алу үшін бір қолға сұйық май тек бір данадан ғана беріледі. Сонымен қатар, әлеуметтік азық-түлік сөресіндегі құмшекер, күріш, макарон өнімдері, тұз, сүтке, ұнға шектеулер бар. Өйткені, тек бір отбасы ғана емес, өзге отбасылар да қолжетімді бағадағы тауарды алуы керек.

Нан Тараз қаласынан жеткізіледі. “Халық нан” наубайханасы бізге сапалы өнімімен күнделікті қамтамасыз етеді. Олардың өнімдері ашытқысыз және дәмді. Сондай-ақ, жуалылық наубайханалардың да наны біздің дүкеннен табылады. Нанды таңертең таңғы сағат 9.00-де әкеледі. Сөрелерден нанның да өзіңіз қалағаныңыздай түр-түрін сатып ала аласыз. Бастысы, баға қолжетімді.

Біз әлеуметтік топтағы зейнеткерлер мен көпбалалы отбасылар үшін пайдалы әрі тиімді дүкенбіз. Қоғамдағы осындай топтарға азық-түлік алу үшін қаржыларын үнемдеуге септігін тигізуіміз керек, – дейді серіктестік басқарушысы.

Ол дүкенде жұмыстар толық ұйымдастырылып бітпегендігін алға тартты. Әлі де тауарлар күнделікті жеткізіліп, сөрелерге қойылып үлгере алмай жатқанға ұқсайды. Келішулер де көп болғандықтан азық-түлік сөреде тез таусылады. Екатерина Владимировнаның сөзіне қарағанда, алдағы уақытта кеткен кемшіліктермен жұмыс істеу қолға алынуда. Аудан тұрғындары үшін тиімді әрі қолайлы дүкеннен сапалы азық-түлік алуды қамтамасыз ету жоспарда  бар. Сонымен қатар, “Әлеуметтік павильон” дүкендерін облысқа қарасты өзге де аудандарда ашып, тұрғындарға қызмет көрсетуді көздеуде.

Дүкенге келушілер де азық-түлік бағасының төмен екенін алға тартады. Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Ғалия Орынбаеваның мұнда алғаш рет келуі екен. Ол балалары үшін бірнеше зат алыпты. “Дүкенде жұмыртқаның бір данасының бағасы 30 теңгеден. Өзге дүкендерден 50 теңгеден сатып алатынбыз. Көпбалалы болғандықтан отбасымыз үшін қаржымызды үнемдеп, тиімді жұмсауға тырысамыз. Енді, осы жерден қажетті заттарымды алып тұрамын деп ойлаймын. Тіпті, үйге қажетті шаруашылық заттардың бағасы төмендеу болғаны қуантты” дейді.

Ал, жалғызбасты ана Гүлмира Үсіпбаева дүкенге ашылған уақыттан бері келеді екен. “Екі балам бар. Үлкен балам ержетіп отыр. Мұнда үйдегі кіші ұлым үшін келемін. Жалғызбасты ана болғандықтан балам үшін күнделікті тамағын алып беруге қолжетімді бағадағы дүкенге бас сұғамын. Аз мөлшерде сатып алғанымызбен біз үшін тиімді. Отбасылық жағдайы төмен отбасыларға үлкен қолдау деп білемін” дейді.

Иә, дүкен туралы мұндай жақсы пікірді кез келген тұтынушының аузынан естуге болады. Ендігі кезекте, әлеуметтік дүкен де көпшіліктің сенімін ақтап, көңілінен шығу үшін де сапалы өнім мен сапалы қызметін ұсынуы шарт. Ең бастысы, дүкеннің жұмысы алға басып, бағаны тұрақты ұстап тұруы да керек-ақ.

 

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

 «Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Check Also

Close
Close