El іshі

Отанды қорғау – әр азаматтың міндеті

 

7 мамыр – Отан қорғаушылар күні қарсаңында Б.Момышұлы ауылындағы балалар кітапханасында «Мықты әскер – мықты Қазақстан» атты кеш өтті. Кешті аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесі «Парасат жолы» жобасы аясында ұйымдастырды.

Патриоттық кешке аудандық Ауған соғысының ардагерлері және «Семей-Чернобыль» қоғамдастығының мүшелері, Б.Момышұлы шекара бөлімшесінің басшысы, капитан Әділет Байдәулетов бастаған өнерлі жас сарбаздар мен кітапханашылар қатысты.

Кешті кітапханашылар Мөлдір Темірбаева мен Гүлдана Шапенова жүргізді. Шара тақырыбына байланысты кітапханашылар көрме жасақтаған.

«Өнерге әркімнің-ақ бар таласы» демекші, бүгінгі шараға өнерлі жастар жиналды. Басқосуды Ақсұңқар Байдәулет «Война» әнімен ашты. Одан кейін аудандық «Ауған соғысы ардагерлері» ұйымының төрағасы Мақсатбек Әбдібеков, «Чернобыль-Семей» қоғамдастықтың төрағасы Шынарбек Райысбеков және Б.Момышұлы шекара бөлімшесінің басшысы, капитан Әділет Байдәулетов сөз алып, құттықтау сөздерін арнады.

-Мына бейбіт өмірде ғұмыр кешуіміз Ұлы Отан соғысында ерлік көрсетіп, жеңіске жеткен батырлардың арқасы деп білемін. Ең біріншіден, ұлы мереке Жеңіс күні құтты болсын! Қан майдандағы ата-бабамыздың ерлігі мәңгі есімізде.

Ер азаматтың борышы – Отан қорғау. Ал егерде әскери қызметтен бұлтарып, борышыңды өтеуге бармау ол ер азамат үшін үлкен сын. Бала отбасында өресі мен рухы биік болып тәрбиеленуі тиіс. Әскери мектептен өткен жігіт өмірде қиындыққа қайыспайтын, сағы сынбайтын, рухы түспейтін болады. Ер жігіт міндетті түрде әскери мектептен өтуі керек.

Біздің рухымыз, намысымыз ешқашан төмен түспеуі тиіс. Мына отырған сарбаздардың көздеріне от, жүректеріне рух ұялата білуіміз қажет. Олардың рухы сынбауы керек. Еліміздің болашағы осы жастар. Біз Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне қарап бой түзеп, солардың ерліктерін үлгі етіп өстік. Олардың батырлығынан өзімізге патриоттық тәрбие алып, бойымыздағы Отанға деген шексіз сүйіспеншілік беки түсті. Міне, бүгінгі ұрпаққа сол ардагерлердің ізбасарлары біз өнегелі іс көрсетіп, жас өскелеңнің бойында патриоттық сезімді ұялату үшін күш салуымыз керек. Күш білекте емес, жүректе. Отанымыздың өсіп-өркендеуі үшін әрқайысымыз өз үлесімізді қосуымыз тиіс. Қара бастың қамы үшін емес, туған еліңнің дамуы үшін еңбектену керек.

«Отан үшін отқа түс күймейсің» деген екен батыр Бауыржан Момышұлы. Туған өлке, тарихи орданы сүю – ақылдың ісі емес, жүректің ісі. Біздің сонау дәуірлерден бері тамырын тереңге жайған бір ғана Отанымыз бар. Ол – қасиетті қазақ жері. Осынау алып қазақ сахарасын көздің қарашығындай қорғап, оны шексіз сүю әр қазақтың міндеті және азаматтық борышы, – дей келе, аудандық «Ауған соғысы ардагерлері» ұйымының төрағасы М.Әбдібеков еліміздің тыныштығы мен шекарамыздың берік болуын тіледі.

Шара барысында сарбаз Дархан Әлеумет пен Данияр Шарбан «Мен қазақпын» әнін, Академик Е.А.Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінің ІІІ курс студенті Диас Марсель «Отан Ана» әнін орындады. Ал, бір топ сарбаз Кеңес Одағының Батыры, Даңқты қолбасшы Б.Момышұлына арнауын хормен орындап, көпшілікке партиоттық рух сыйлады. Сонымен қатар, сарбаз Дархан Әлеумет «Отан» өлеңін және сарбаз Бекарыс Иманбек «Қазақ мақтанышы» өлеңдерін мәнерлеп оқыды. С.Сейфуллин атындағы орта мектептің 11 сынып оқушысы Аружан Қанжар өзбек биін және №2 Мыңбұлақ орта мектебінің 8 сынып оқушылары Айғаным Жолдасбек, Ұлпан Ділдә, Аяулым Халықтай «Катюша» биін биледі.

Кеште аудандық орталықтандырылған кітапханалар жүйесінің директоры Салтанат Біләнқызы сөз алып, жиналғандарға ізгі тілегін арнады. Сонымен қатар, ол Б.Момышұлы шекара бөлімшесінің кітапханасына 165 дана кітапты сыйға тартты.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,

«Жаңа өмір»

Таңдаулы материалдар

Close