El іshі
«Ержан» шаруа қожалығындағы еселі еңбек
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Қазақстан халқына арнаған Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігі жан-жақты айтылған. Сонымен қоса, тиісті ведомство мен сала қызметкерлерінің алдына еңбек өнімділігін екі жарым есеге арттыру, бәсекеге қабілетті өнім өндіру міндетін қойды.
Осы ретте жер бедері таулы, топырағы құнарлы, шөбі шүйгін қасиетті Жуалы ауданында да ауыл шаруашылығы саласындағы озық тәжірибелерді басшылыққа алып, егін және мал өнімдерін өндіруде елеулі жетістіктерге қол жеткізіп жүрген шаруа қожалықтар аз емес. Солардың бірі – Көкбастау ауылдық округіндегі «Ержан» шаруа қожалығы. «Қыстың қамын жазда ойла» демекші, аталған шаруашылықта алдағы қысқа шөп дайындау науқаны да қызу жүруде. Жалпы бұл қожалық жыл сайын қолдағы төрт түлігіне 500 тоннаға жуық шөп дайындайды.
Шаруашылықтың Қосбөлтек ауылы маңындағы сауынды сиыр ұстайтын фермасында шөп дайындау жұмыстары қызу жүруде. Алқап басында орылып, арнайы трактормен майдаланған шөп үлкен тіркемемен осында жеткізіліп, шұңқырға төгілу үстінде. Оны К-700 маркалы ауыр трактормен таптап, тұз араластырылуда. Сонда майдаланған су шөп тұзбен араласып, шіріген соң құнарлы сүрлемге айналады. Әбден бабына келген соң қыстыгүні сауынды сиырға таптырмас құнарлы азық болады.
Алқап басынан майдаланған шөпті ферма басына тәжірибелі жас механизатор Евгений Маравин жаңа тіркемелі трактормен жеткізу үстінде. Шөпті таптап жатқан К-700 маркалы ауыр тракторды да осы Женя жүргізеді екен. Ал шұңқырға төгіліп жатқан майда шөпті Дмитрий Петриченко есімді жұмысшы тегістеп жайып, оның үстіне тұз сеуіп жатыр. Жалпы мұндағы жұмыс қарқыны жаман емес.
«Ержан» шаруа қожалығының басшысы Беріккүл Айнабековадан шөп дайындау науқаны, жалпы шаруашылықтың тынысы туралы сұрап білген едік.
-Жалпы жыл сайын тайланған шөбі бар, майдаланған шөптің бәрін қосқанда, барлығы 500 тоннаға жуық шөп дайындаймыз. Биыл шөп түсімінің жылдағыдан аз болуына байланысты бұл межеге жете алмайтынымыз анық. Бірақ малды құнарлы азықсыз қалдырмаймыз. Жыл сайын бес мың данаға дейін тайланған шөп сататынбыз. Биыл шөптің түсімі аз. Шөп дайындау науқанына барлығы 18 жұмысшы қатысуда,- дейді шаруашылық басшысы.
Айта кету керек, шаруа қожалық өзін қажетті ауыл шаруашылығы техникаларымен толықтай қамтамасыз еткен аудандағы бірден бір шаруашылық. Қазір мұнда бір «К-700», бес «МТЗ-82» тракторы, екі «КамАЗ» жүк көлігі, екі егін жинайтын және шөп оратын үш техника бар. Соның нәтижесінде олар науқандық жұмыстарды уақтылы әрі сапалы атқарып отыр. Одан бөлек, өз жұмыстарын аяқтаған соң басқа шаруашылықтарға да жәрдем береді. Жалпы бұл қожалық 270 гектар егістік жерді тиімді игеріп отыр.
Шаруашылықтың алға қойған жоспарлы жұмыстарының сан салалы екенін ескерсек, асыл тұқымды мал басын көбейту ісі де басты бағыттардың бірі. Қазір шаруашылықта 120 бас сауынды сиыр бағылуда. Күніне 750 литр сүт жеке кәсіпкерлерге өткізіледі. Одан бөлек, 180 бас еркек тана байлауға қойылған. Мұнда жыл он екі ай 40 бас сиыр сауылып, күнделікті өңдеу кәсіпорындарына сапалы сүт өткеріліп отырады. Сүт өнімділігін бұдан да арттыру үшін қожалық басшылары 150 бас сауын сиырға арналған механикаландырылған сүт тауарлы фермасын салуға жоба-жоспар жасап жатқан көрінеді.
-Қазіргі таңда сүтке деген сұраныс артып келеді. Былтыр Павлодар облысындағы «Ертіс» шаруа қожалығынан көп сүт беретін «Симменталь» асыл тұқымды 70 бас құнажын сатып әкелген болатынбыз. Биыл соның ішінен 20 басы бұзаулады. Сауын табыны жоғары өнімді сиырлармен жасақталған соң олардың төлдері ауданның басқа да агроқұрылымдарына өткеріле бастайды,- дейді «Ержан» ШҚ басшысы Беріккүл Айнабекова.
«Ізденіс түбі – игілік» демекші, «Ержан» шаруа қожалығының мүшелері үнемі ізденіс үстінде. Шаруашылыққа жаңа технологияларды енгізуді, малдың басын тек асыл тұқымды түліктермен көбейтуді, оған қажетті жемшөп қорының да сапалы болуын үнемі қадағалап отырудың нәтижесінде 20 жылдан астам уақытта шаруашылық аяғынан нық тұрып, ауылдастарына да жұмыс бере бастады.
Шаруашылық Алматыдағы қазақ егіншілік ғылыми зерттеу институтымен келісімшарт жасап, ұзақ уақыттан бері жыл сайын олардан бірінші репродукциялы 10-15 тонна тұқымдық өнімдер сатып алуда. Осында өндірілген бидайдың «Стекловидная – 24», арпаның «Бәйшешек» элиталы сұрыптары аудандағы агроқұрылымдарға басқа сұрыптарға қарағанда біршама жоғары бағамен өткеріледі. Агротехникалық талаптарды қатаң сақталып, жыл сайын парға 80-100 гектарға дейін алқап қалдырады. Қожалық басшылары былтыр еккен 150 гектар бидайдың әр гектарынан – 23, ал 70 гектар арпаның әр гектарынан 22 центнерден өнім жинағандарын айтады. Биыл ақ егістен бөлек, бес гектар алқапқа картоп отырғызған.
Нұржан МАНАСҰЛЫ,
«Жаңа өмір»